Үлкен қалалық саябақта тегін ойын алаңдары қирап, ғасырлар бойғы емен ағаштары кесілген.
Шымкенттегі ірі саябақ мемлекет меншігіне қайтарыла ма?
www.istockpoto.com
997
оқылды

Қазір әкімдік нысанды мемлекет меншігіне қайтару үшін күресіп жатыр. Саябақ осыдан 25 жыл бұрын жекенің қолына өткен еді.

"1999 жылы Шымкент әкімінің шешімі бойынша жалпы көлемі 3,9272 гектар жер телімі "ЧПКФ "Сапар" ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыруға 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген болатын. Өкінішке қарай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмады. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар да қиратылды", – делінген жергілікті әкімдік хабарламада.

Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызған. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастаған. Себебі, 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған.

"Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес Кең баба саябағының аумағы "жасыл аймақ" болып белгіленген. Алайда, сот процесі аяқталғанша, бюджет қаражатын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмады", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Кең баба саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.