«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалім­дерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйым­дастырды. Ел бойынша барлығы 7 500 мектеп, колледж және уни­верситет мұғалімдері оқытылады. Жоспар бойынша жаңа пән алдағы оқу жылында мектеп бағдарламасына енгізілмек.
Қаржылық сауатты арттыру үшін 7 500 мұғалім даярланады
1,194
оқылды

Астанада оқу семинарының қаты­с­ушы­ларымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ер­­­­лан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кез­­десті. Мә­жіліс Спи­керінің айтуынша, мұға­лімдер әрдайым қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұс­қаушысы. Сондықтан пе­дагогтердің қар­жылық сауаттылық бойынша жаңа пән­нің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ха­лыққа Жолдауында қаржылық сауат­ты­лықты арттыру бойынша «Қарызсыз қо­ғам» жобасына ерекше назар аударды. Пре­зидент Үкіметпен бірлесіп бұл баста­маны жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Біздің Прези­денті­­міздің негізгі саясаты – реформа­ларды ха­­лық үшін және халықпен бірге жүргізу. Сондықтан біз сіздерді, мұға­лімдерді ша­қы­­рып, қаржылық сауат­ты­лықты арт­тыру бойынша жұмыс істегіміз келеді», – деді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінгі отандық бі­лім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қа­жетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл – алдыңғы қатарлы шетел­дік елдердің тәжірибесі.

 

Ол сондай-ақ мемлекет халықтың қа­рыз жүктемесін азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фрак­ция­сы халықтың несиелік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл заң бірінші кезекте аза­мат­тардың мүдделерін қорғауға бағыт­талған.

Партия хатшысы Эльдар Жұма­ға­зиевтің айтуынша, 2024 жылы қар­жылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Осылайша, биыл «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылады.

 

«Қарызсыз қоғам» жобасының әдіс­керлер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанова 600 мың мұғалім, оқушы және олардың ата-аналары арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтты. Зерттеу нәтижелері бойынша, сауалнамаға қа­тысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңызды­лығын атап өтті. Бұл бастаманы ата-аналар тарапы да қолдайды, 78% респондент балаларының қаржылық сауаттылықты оқуға қызы­ғушылық танытқанын айтады. Әдіскер-жобалаушы Назым Бекжігіттің пікірінше, қаржылық сауатты азамат елдің дамуына негіз болады.

Семей қаласының №5 гимназия мұ­ғалімі Сайрамгүл Жұмаділованың пікі­рінше, қазіргі уақытта смартфонның кө­ме­гімен несие рәсімдеуге болатын цифр­лық дәуірде баланы қаражатты бас­қаруға, жоспарлауға және шығындарды есептеуге үйрету өте маңызды.

«Мектептердегі қаржылық сауат­ты­лық оқыту маңызды, өйткені ол бала­ларды ақшаны басқаруға үйретеді: бюд­жет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болу. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арт­тыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі», – деді ол. 

Кездесу соңында Оқу-ағарту мен Ғы­лым және жоғары білім министрлері Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек «Қарыз­сыз қоғам» жобасының жоғары өзекті­лігіне тоқталып, оны білім берудің үш деңгейінде – мектептерде, кол­ледж­дерде және университеттерде толық қол­дай­тынын айтты. Атап айтқанда, қар­жылық сауаттылық бойынша мектеп олим­пиа­далары өткізіледі. Осы пәнді оқыту қар­қыны артады. Ол бүкіл ел бойынша, әсі­­ресе экономикамен бай­ла­нысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті болады.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жо­басы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-плат­формасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бей­не сабақтарды жүктеп алуға болады.