Мұнда төрт валентті Гардасил вакцинасы қолданылады.
Қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады
879
оқылды

Осы жылдың қыркүйек айында 11 жасар қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

"Биылғы қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу жоспарланған.  Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді", – деді Зауре Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикер «елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркелетінін жеткізді. Өкінішке қарай, жыл сайын 600-ден астам әйел осы ауру түріне қайтыс болады» деп жалғастырды.

"Бүгінде адам папиллома вирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. 135 ел адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның тиімділігін ескере отырып, бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері бар", – деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.