«Әннің ғұмырлы болуы – ол тек сөз мәтініне ғана байлан­ыс­ты, әннің сөзі жақсы болса ғана әнді халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады, мен сондай әндердің мәтінін Шөміш­байдың жазған ән-өлеңдер­інен көріп, сезінемін, ол – әнге мәтін жазудың шебері», – дейді академик, Ха­лық жазушысы Зейнолла Қабдолов.
«Қарағым-ай» – халықтық сөз
2,789
оқылды

Ол өзінің шәкірті Шөмішбайдың ән тек­с­т­ерін осылай бағалаған еді. Шөкең жеті поэзиялық кітабы жарық көргеннен кейін ақын болып қалып­тасқан кезде ғана ән өлеңдерінің мәтінін жазды. 

Осы жылғы 15 ақпанда Алматы қала­сындағы мемлекеттік архивте ақын Шөмішбай Сариевке арнап «Дүниені жалт қаратсам деп едім...» атты арнайы музей үлгісіндегі бұрыш ашылды. Оған қалам­гердің кітаптары, шапаны, жазу машинкасы, орден-медальдары, тағы бірқатар өзі тұтынған заттары қойылды. Салтанатты шараны Алматы қаласы әкімінің сол кездегі орынбасары Арман Қырықбаев ашып, ақын Нұрлан Оразалин, жазушы курстастары Смағұл Елубаев, жазушы Дәулет Сейсенов, өзі отыз жыл қызмет істеген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызмет­кері, филология ғылымдары­ның докторы Гүлжаһан Орда, әншілер Мақпал Жүнісо­ва, Естай Әлікеев, Сүлеймен ­Ибрагимов, сондай-ақ біршама зиялы қауым өкілдері қатысты.

Музей-бұрыш ашылған 15 ақпан күні Шөкеңнің қайтқанына үш жыл толған еді. Сол жерде ас беріліп, құран бағышталды. Кеш соңында мұражай басшылары: «Апай, бұрыш өте керемет! Бірақ енді сіз бізге Шөкеңнің қолжазбаларын тапсыру­ыңыз керек», – дегені. Қолжазбалары өте көп болатын, соларды сараптап, сұрыптап қарауға жүрексініп жүретінмін. Содан соң бәрін асықпай парақтап шығуға тура келді. Мол дүниені қарап отырып, бағалы материалдармен таныстым. 1996 жылы Ленинградта өткен қазақ әдебиетінің онкүндігіне Қазақстаннан барған делегация құрамында Мұхамеджан Қаратаев, Жұбан Молдаға­лиев, Олжас Сүлейменов сияқты әдебиет­тің алыптарымен бірге жас прозаик Роллан Сейсенбаев пен жас ақын Шөмішбай Сариевтің болғаны жөнінде тартымды дүние жазылған екен. Ақын-жазушылар­дың қызықты әзілдері мен бастан кешкен оқиғалары турасындағы толып жатқан материалдарды іріктеп отырғанымда, «Қарағым-ай» әні қалай жазылды?» деп тақырып қойып, өз қо­лымен қағазға түсірген үш беттік материал көзіме түсті. Шөкең 1996 жылы әннің қалай туғанын, оның ешкімге де арнал­мағанын, халықтың дәстүрлі танымына тиесілі екенін тебірене жазыпты. Мен осы материалды тапқаныма қатты қуанып кеттім. Себебі бұл әнді композитор Кеңес досымыз «Бес жасымда қайтыс болған әкем мен он тоғыз жасында қайтыс болған апама арнадым» деп жұртқа жариялап қойған еді.

Теледидардан берілген «Бір әннің тарихы» деген хабарда композитор «Қара­ғым­ға» «ай» дегенді мен қостым» депті. Соны естіген академик-ғалым Уәлихан Қалижан: «Шөке, досың «Қарағым-ай» әнінің «ай»-ын мен қостым деп жатыр ғой», – деп телефон соқты. Сонда Шөкең: «Сөзін мен жаздым» деп айтпаса болды», –  деп екеуі күліп алды. Іштей ренжісе де ешкімге білдірмейтін, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын. «Біреу маған сәл ренжіп жүрсе, мен творчестволық жұмыс істей алмаймын, сондықтан кім не айтса да, сол адамның көңілін қалдырмауға тырысамын», – дейтін Шөкең. Көп жағ­дайда сазгерлер әуенін де, мәтінін де өзі жаз­ғандай сезініп, «мынау өлеңді анама, жарыма, мынаны балама, әкеме арнаймын» деп айта салатын болды. Бұл – дұрыс емес. Әуенін де, сөзін де өзі жазса ғана біреуге арнауға болады деп ойлаймын. Ақын Тынышбай Рахым әнші Сәкен Қалымов орындаған «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты керемет әннің әуенін де, сөзін де өзі жазғанын, Қытай­дың делегациясымен келген аудармашы Әмина атты қазақ қызына арнағанын айтады. Сол сияқты әнші Жұбаныш Жек­сеннің орындауындағы халыққа кең тараған «Нүрикамал» әнінің сөзін қазақтың белгілі ақын қызы Ханбибі Есенқарақызы, әуенін оның жары, сазгер Тұрдықылыш Ізтаев жазғанын білеміз. Бұл әннің Ханбибі ақынның жары ғашық болған Нүрикамал атты сұлу қызға арнал­ған­ынан да хабардармыз. Кеңес досымыз өзінің 70 жасқа тол­ған­да берген сұхбат­ында менің әндерімнің 90 пайызының сөзін жазған ақын Шөміш­бай Сариев деп айтқан еді. Ақынның 35-40 жыл бұрын жазылған «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Ғашықтар жыры», «Ойлайсың ба, жаным?», «Қарағым­-­ай», «Ойлан, балам», «Қазағымның күйлер-ай», «Асыл ана», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» т.б. әндері бүгінге дейін сахнадан түскен жоқ.

Кеңсайдағы Кеңестің құлпытасына Шөкеңнің «Ойлан, балам» атты өлеңінің бір шумағы ойып жазылған екен.

Ойлан, балам, өмір деген өтпелі,

Бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді?

Қайта оралмас бұл өмірдің жаздары, 

Қайта оралмас гүл өмірдің көктемі,

Ойлан, балам!

Шөмішбайдың Кеңестен басқа да қазақтың белгілі композиторларымен бірлесіп жазған әндері қаншама?! Атап айтсақ, Жанбота Тұяқбаевпен «Айналдым сенен, Атамекен-ай», Төлеген Мұхамед­жановпен «Аяулым», Бейбіт Оралұлымен «Бозжорға», Сейдолла Бәйтерековпен «Сарыарқа» тағы толып жатқан әндер жазғанын білесіздер, сол композиторлар­дың біреуі де мен «мына әнді біреуге арнадым» деп айтқан емес. Сондықтан Шөмішбайдың өз қолымен жазған ««Қарағым-ай» әні қалай туды?» де­ген қолжазбасын көпшілік назарына ұс­ынуды жөн көрдім. 

«ҚАРАҒЫМ-АЙ» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

– Шөмішбай аға, сіздің композитор Кеңес Дүйсекеевпен бірге жазған «Қарағым-ай» ән-өлеңіңіз халық арасына кеңінен танымал болды. Осы әннің тууы туралы өзіңіздің ой-пікіріңізді білгіміз келеді. 

– Бір күні композитор досымыз Кеңес үйге телефон соғып, «Бір ән туды. Соның «рыбасын» жазып алсаң», – деді. «Рыба» деп отырғаны – өлеңнің өлшемі. Бірінші шу­мақтың буыны – қанша буын, қай­ыр­масының буыны – қанша буын... Осы тәрізді өлшем. Ән деген құс қанатының қауыр­сынындай жеңіл болып көрінгені­мен, жеңіл жазыла салмайды. Композитор әуенін әуелі арифметикалық цифрға түсіріп, өлең өлшемін, өлең формасын ан­ық­­­тап алады. Сосын барып ақындық шабытпен шығарма тудыруға кірісеміз. Сондайдан туған әннің бірі – «Қарағым-ай» әні. «Қарағым-айдың» сөзі – халықтық сөз. Ата-бабаларымызбен бірге жасап, бірге ғұмыр кешіп келе жатқан өзіндік сипаты, өзіндік қасиеті бар сөз. Қазақ өзінің туған ұл-қызын да, қарындасын да, керек десең­із, жұбайын да «Қарағым-ай» дейді. Кіші­нің үлкенге емес, үлкеннің өзінен кішіге айтатын сөзі. Жақсы көргенде, риза бол­ған­да айтатын жасы үлкен адамның сөзі. Сол арқылы ән-өлең туды.

– Бұл ән өзі бір адамға арналған ба? Ар­налса, сол жайында таратып айтып берсеңіз?

– Бұл ән-өлең жеке бір адамға арнал­маған. Жалпы, ән-өлең халық үшін жазылады ғой. Сондықтан да болар Бетхов­еннің: «Ән-өлең – халықтық қажеттілік» деген пікірі бар. Өз анаңа бір ән арнасаң, оны ұнатқан әрбір адам өз анасына арнағандай сезініп айтады. Мысалға, Шәмші Қал­даяқов пен Ғафу Қайырбеков­тің «Ана туралы жыр» ән-өлеңі арқылы «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деп әр перзент өз анасын көзге елестетеді. Сол сияқты өз жұбайыңа арнап ән-өлең жазсаң – әр адам өз жұбайын ойға алары сөзсіз. Әрине, ән-өлең жақсы болса, жүректеншығып, жүр­екке жетіп жатса... Өлеңді ақындардың «Мен» деп жазатын себебі, әрбір оқыған оқ­ырман өлеңді өзі шығарғандай сезінуге тиіс... Әйтпесе, өлең әсерлі болмайды. «Сен» деп екінші жақтан, «Ол» деп үшінші жақтан жазылатын әсерлі туындылар да бар. Бірақ оқырманның өз атынан айтылатын «Менге», бірінші жаққа жете бер­мейді...

– Ән-өлең жазу лабораториясында қандай құпия-сырлар бар деп ойлайсыз?

– Ән-өлең жазудың бірінші құпиясы: ән-өлең – құстың қос қанатындай. Бір қанаты – әуен, бір қанаты – өлең. Әуеннің қанаты қандай деңгейде болса, өлеңнің деңгейі де дәл сондай болуға тиіс. Бір қа­наты салмақтырақ болса, құс ұша алмай қалатыны тәрізді ән де самғай алмайды. 

Екінші бір құпиясы: ән-өлеңді ер адам да, әйел адам да айта алатындай етіп, ортақ сезімдерді жазу... Үшінші бір құпиясы: бұл ән қай жастағы адамға арналғанын білу: балалар үшін бе, бозбала мен бойжеткен үшін бе, жастар үшін бе, орта жастағылар үшін бе? Әлде өмірді көріп-түйген қария үшін бе? Адам қартайған сайын филосо­фиялық, ойлы әндерге құлақ салады. Жалпы, ән-өлең барлық жасқа да лайық. Солай десек те, ән-өлең жастық шақтың ғана серігі сияқты көрінеді маған... Сол жастық шақта айтқан ән-өлеңдерің өмірлік серігіңе айналады. Кейін қартайғанда іштей ғана ән айтасың. Содан болар, жаңа әндерді жастар қолдап, қарттар әрдайым сынап ұнатпай отыратыны – өз кезіңнің ән-өлеңдері ыстық болып көрінеді-ау деймін.

– Тағы бір сауал...

– Қазір, сөзімді аяқтайын. Есіме ақын Ғафу Қайырбековтің бір өлеңі түсіп отыр. Бәдеш апамызға, алғаш танысып жүргенде бір ән айтады. Сонда Бәдеш: «Әнші екенсің», – дейді. Кейін үйленеді, үй болады. Сол сөзді қайтып айтпай қойды дейді. Соған қарағанда ән-өлең жастық шақтың ұмытылмас көзі ғой деймін. Біз қазір ән-өлең жазғанда жастық шағымызды көзімізге елестетіп, өткен өмірді еске алып, бүгінгі өмірге сиыстырып жазамыз. «Қарағым-ай» деуіміздің мәні де сондықтан ғой. Композитор Кеңес екеуміздің жүрек сөзімізді жұртқа жеткізген, ән-өлеңді түсініп жан-сезімімен, құдай берген талант-дарынымен алғаш орындаған әнші Нұрлан Өнербаевқа да, кейін орындаған жас әнші Сүлеймен Ибрагимовке де осы орайда бір ризашылығымды білдіріп қойсам деймін...

Аталған ән туралы ойын ақын Шөміш­бай Сариев осылай қағаз бетіне түсіріп кеткен екен.

Жұмагүл САРИЕВА,

белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

бірінші­ дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Шөмішбай Сариевтің зайыбы