Париж Олимпиадасында қызмет ететін қазақстандық төрешілер анықталды. Төртжылдықтың басты додасына спортшылардан бөлек, 12 отандық төреші жол тартады. Атап айтар болсақ, қазақстандықтар бокс, күрес, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, семсерлесу, баскетбол және әртістік жүзуден Олимпиада ойындарында қазылық жасайды.
Париж төріндегі қазақ төрешілері
1,138
оқылды

Париж төрінде төмендегі төрешілер жұмыс істейді: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу, Юлия Игнат­ченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Ев­гений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Ев­гений Михеев (баскетбол), Ерік Жұма­беков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).

Жоғарыда аталған мамандардың басым бөлігін халықаралық федерациялар таңдап алған. Тек бокстан төрелік ететін қазы­ларды Халықаралық олимпиада комитеті рейтинг бойынша іріктеді. Себебі IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) ХОК құрамынан уақытша шығарылған бола­тын. Сондықтан Олимпиададағы бокс бәсекелерін осымен екінші цикл қата­рынан Халықаралық олимпиада комитеті ұйымдастыруда. 

Қазақстандық төрешілердің басым бө­лігі Олимпиадада алғаш рет жұмыс істе­мек. Тек спорттық гимнастика маманы Ти­мур Әмірбеков осымен төртінші жазғы ойын­дарда төрелік етпек. Ол Афины (2004), Лондон (2012) және Рио (2016) Олим­­пиа­даларында, спорттық гимнас­тикадан 18 әлем чемпионатында қазылық жасаған. Сондай-ақ Әмірбеков лицен­зиялық әлем чемпионатында жоғары дең­гейде төрелік еткені үшін Париж Олим­пиадасына тікелей шақырту алды. 

Сондай-ақ үлкен теннистен төрелік ететін Юлия Игнатченко мен Меруерт Қаукеева үшін де бұл екінші Олим­пиада болмақ. Қос төреші 2020  жыл­ғы Токио ойындарында да мінсіз жұмыс істеді. Одан бө­лек, екі тө­реші де тен­нис­тен «Үлкен дулыға» тур­нир­ле­рінің финалдық ке­зеңін­де қазылық етіп жүр. Екеуін­де де әлемдік төре­шілерге ар­нал­ған күміс белгі бар. Қаукеева мен Игнат­ченко әлемдік жарыстарда ал­дымен қапталдағы төреші ре­тінде бастаса, бүгінде олар матчты мін­беден қада­ғалайды. 

Бокстан IBA үш жұлдызды тө­решісі Әлішер Алтаевтың бокста төрелік етіп келе жат­қа­ны­на 20 жылдан асты. Осы уақыт ара­лығында түркістандық маман түрлі жас деңгейіндегі сегіз әлем чем­пионатын абы­роймен атқарған. Одан бөлек, Азия чем­пионаттары мен Азия ойын­дары және Олимпиадаға іріктеу тур­нирлерінде де қызмет етті. Бү­гінге дейін бапкердің тек Олим­пиада ойындарына жолы түспепті. Көптен күткен маңызды сәт Па­риждегі жазғы ойындарға сәйкес келіп отыр. 

«Жастар, студенттер, әйелдер және ере­сектер арасындағы әлем чемпио­нат­тарын есепке алсам, барлығы 8 әлем бірін­шілігінде төрелік етіппін. Әр жыл­дары Аргентинада, Чилиде, Ұлы­брита­нияда, Таиландта, Ита­лияда өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнир­лерінде жұмыс істедім. Негізі, бұған дейінгі Лондон, Рио-де-Жанейро және Токио Олимпиа­даларында жұмыс істеуім қажет еді. Сәті түспеді. Париж ойын­дары бұйырып тұр екен. Бұл жолы бізді Халық­аралық олим­пиада комитеті іріктеп алды. Рейтингте жоғары орында тұрған қазыларға шақырту жіберді. Бұған дейінгі еңбегім ескеріліп, Олимпиадада төрелік ететініме қуаныш­тымын. Себебі әрбір спортшы секілді, біз де жазғы ойындарға қатысуды армандай­мыз. Олим­пиадаға кілең мықты деген төрешілер ша­қырту алды. Әрбір жекпе-жектен соң бізге баға береді. Егер ұпайы­мыз төмендеп кетсе, жарыстан шет­тетеді. Сондықтан бәрін бақылауда ұстап, жоғары деңгейде жұмыс істеу керек. Біз де физи­калық жаттығулар жасап, ережелерді қай­та-қайта оқып, жа­рысқа үлкен жауап­кершілікпен барамыз», – дейді Әлішер Махамбетәліұлы. 

Әлішер Алтаевтың өзі де бокспен айна­лысқан. Ол – бокстан спорт шебері, жасөс­пірімдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы. 1993 жылы ең алғаш рет өткі­зілген ересектер арасындағы ел чем­пио­натында үздік үштікке енген. Сон­дай-ақ жасөспірімдер арасындағы КСРО бірін­шілігінде қола медаль иеленген. 

Халықаралық гимнастика федерация­сы шақырту жіберген отандық төреші­лердің бірі – Алуа Бектұрова. Алуа ұзақ жылдар бойы отандық гимнастика игілігі үшін қызмет етті. Бүгінде Еуропада тұра­тын ма­ман соңғы екі жыл бойы FIG ұйым­дас­тырған ірі жарыстың бәрінде қазылық ет­кен. Тіпті, спортшылар үшін ғана емес, төрешілер арасында да маңызды сана­латын лицензиялық әлем чемпио­натын абырой­мен атқарды. Осыдан соң әлемдік ұйым Бектұрованы Олимпиадада төрелік ететін кіл мықтының қатарына қосқан. 

«Біріншіден, Олимпиадаға қатысу үшін төрешінің тәжірибесі есепке алы­нады. Соңғы екі жылда әлем чемпио­наты, әлем кубогі сияқты көптеген ірі жарыста қа­зылық етуің керек. Екіншіден, судьяның санаты үлкен рөл ойнайды. Көркем гим­настикада төрешілердің 4 са­наты бар. Олимпиада ойындарында тек бірінші және екінші са­натты қазылар жұ­мыс іс­тейді. Үшін­шіден, төрешінің олимпиа­далық мау­сымдағы қызметінде мін бол­мауы ке­рек. Қандай да бір қате жіберіп, ереже бұзатын болсаң, Олимпиа­даға ша­қыр­майды», – дейді Алуа.

Әлемдік деңгейдегі мамандарымыздың Олимпиадаға қатысуы еліміз үшін де үл­кен жетістік екенін ұмытпаған жөн. Отан­дық қазылар қосынына жер жүзінің ең басты жарысы – Олимпиада ойын­дарында сәт­тілік тілейміз.

 

Арда Кемел