Қырғызстанда өткен «Әнші Ыс­тықкөл – 2024» халықаралық авторлық ән фестивалінде Қуаныш Мақсұтов Гран-при иегері атанды.
Қазақша бард фестивалі керек пе?
1,012
оқылды

Мұнда АҚШ, Мальта, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстаннан келген қырық сегіз орындаушы бақ сынасты.

– Биыл «Ұлттық ән авторлары» жаңа номинациясы енгізілді. Мен «Қотыр тайды» орындадым. Қазылар алқасы өте мықты болды. Оның құрамында Александр Городницкий, Анэс Зарифьян және Владимир Глазунов бар. Қазылар алқасы барлық қатысушыларды алдын ала тыңдап, ең мықтыларын таңдады. Сондай-ақ фестивальде жеке концерт беруге мүмкіндік туды, – деді Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, ақын Қуаныш Мақсұтов.

Жерлесіміз аталмыш фестивальде өзінің авторлық әндерін шырқаған.

«Туризмді дамытып отырған Қырғыз еліне риза болдық», – дейді Қуаныш Мақсұтов. 

Осы фестивальде арнайы «Ұлттық әндер авторы» аталымын қосып қойған екен. Бұл әр елден келген өнерпаздар өз елінің әнін, өз тілінде айтады деген сөз. Мыңдаған адам ағылған тау бөктері саудасымен де арнайы тігілген үйлерімен де көз тартады. Осының бәрін бізде де жасауға болады емес пе?

Әр облыста жаз маусымында туристерді тарту үшін қолайлы жерлер бар. Алакөл, Қапшағай, Бурабай, Жасыбай, Каспий теңізі. Санай беруге болады. Ал Қарағанды облысында туризмге тек Қарқаралы мен Балқаш қана таңдалған. Міне, осы екі аймақта да фестиваль өткізуге болар еді. Ұлттық нақышта.

Ақын бардтық өнердің түпқазығы жырауларымызға барып тірелетінін айтады. «Одан қалса, термелеріміз бар. Бірақ мәселе біздің соны заманға сай дамытып, ұлттық құндылықтарымыз бен музыкалық стиль атаулыны үйлестіре алмай, көше әндері деңгейіне түсіріп жібергендігімізде болып тұр. Ал енді бард деген кім дегенге келсек, ол ең алдымен жазба ақын екенін білуге тиіспіз. Мысалы, Высоцкийді қазір орыстар «поэт-песенник» деп жүр ғой. Ал біздің бард өнерінің бастауында ең бірінші Қорабай Есеновтің аты аталуға тиіс», – дейді ол. 

«Қазақта гитараны сахнаға тұңғыш алып шыққан Қорабай ағамыз», – дейді ақын. – Табылды Досымовты ұмытпауымыз керек. Табылдының бард әндері бір бөлек, шансондары бір бөлек, лирикалық әндері бір төбе. Біз қазір Табылды Досымов, Қорабай Есенов, Жарылқасын Дәулетовтің шансон стиліндегі биік деңгейдегі әндерін көше әндерімен шатастырып алдық.

– Шансон – ол әр адамды тебіренте алатын, әр адамның тірлігі мен тағдырында сәт сайын ауысып отыратын ішкі мұңын, жан дүниесінде жасырынып жатқан сырларын суырып шығаратын ой әндері. Шансонның тағы бір артықшылығы – оның да бард секілді поэзияға құрылуы. Мұнда әншілік, композиторлық, орындаушылық бір-біріне ұласып жатады. Бардта мүлдем әншілік жоқ, ол сөзді жеткізеді, бар мақсаты да – сол. Сондықтан ол музыкалық өлшем, жанр дегенге, гармонияға сыймауы мүмкін. Жасыратын түгі жоқ, менің бард стиліндегі әндерімді «ұрып-соғып», «алдап-сулап» малды қораға айдап кіргізгендей қылып, әзер дегенде гармонияға келтірдік. Жалпы, Е.Брусиловский сынды әннің атасы «Қазақтың әндері нотаға сыймайды» деп айтқан ғой. Ол – таза шындық, біздің табиғатымыз да дарқан даламыз секілді кең. Біз бірауыз сөздің қадірін білген, қара қылды қақ жарып, ақиқатты айтқан елміз, ешқашан да бас кессек те, тіл кеспеген елміз. Сондықтан да біздің қанымызда бард бар деп мен толығымен айта аламын».

Кейіпкеріміздің айтуынша, Қарағанды облысында бүгінде бірнеше фестиваль өтуде, бірақ оның бәрі бардтық бағытта емес екен. 

«Бард бағытындағы әндердің сөзін де, әнін де бір автор жазады. Менің айтпағым – осы. «Музыкальная Сарыарка» немесе «Балхашфест» фестивальдерінің форматтары мен бардтық, авторлық әндердің фестивалінің айырмасы – жер мен көктей! Салыстыруды қажет етпейді.

Мысалы, балықшылар мен диқан­дардың фестивалінің айырмасындай.

Сондықтан бардтық және авторлық әндердің фестивалінің өзіндік ерекшелігі мен қалыптасқан дәстүрін, форматын білмеген соң ұшқары пікір айтудан сақ болайық!

Бүгінгі жетістік – ынтымағымыз мен бірлігіміздің арқасында жеткен қазақ бардының, қазақ шансонының және қазақтың авторлық әнінің халық­аралық деңгейдегі үлкен жеңісі! Ал қа­зақ барды мен қазақ шансонының, қазақ­тың авторлық әндерінің халықаралық фестивалін өткізуді келешекте бірлесіп, ақылдасып шешетінімізге сенімдімін!», – дейді бард, ақын Қуаныш Мақсұтов.

Халықаралық дәрежеде бард фестивалі қазақ тілінде шырқаса деген Қуаныш ақынның айтқан ойы – бұл. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бардтық фестивальдің отаны Қарағанды болса» деген ойды біз де қостық...

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ