Жаз шыға адамды шақса біраз әбігерге салатын зиян­кес­­тер­мен күресу шара­лары күшейеді. Соның ішінде кене­ден келетін кесірдің алдын алу бағытында сан алуан шара­лар атқарылады. Бірақ Сыр өңірін­де бұл зиянкестің қаупі сейіл­мей тұр.
Кенеден келер кесір көп
861
оқылды

Қауіп ошағы көбейіп барады

Бұл жәндіктің төрт түлік малмен қоса адам өміріне де қауіпті екені ертеден мәлім. Әсіресе, кенеден келетін Конго-Қырым қанды безгегі індетінің зардабы азаяр емес. Соның ішінде жаз айларында бұл аурудың қаупі күшейеді. 

Биыл да дәл осы дерттен Қызылорда өңірінде бір адам өлімі тіркелгені жария болды. Нақты айтқанда, Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы Шиелі ауданының егде тартқан тұрғыны осы дерттен көз жұмғанын мәлімдеді.

«Кене шаққан кез келген адам дер уақытында дәрігерге қаралып, алдын алу шарасын жүргізуі тиіс. Бірақ тұрғындар көп жағдайда олай істемейді. Өз бетінше үйде емделемін деп уақыт жоғалтып ал­ады. Бұл кісіде дәл сондай жағдай болған. Ақыр соңында қайғылы жайтқа соқтырды», – деп түсіндірді бұл жайында басқарма басшысы Марат Құрманбаев. 

Негізінен, жыл басынан бері өңірде Конго-Қырым гемморагиялық безгегін жұқтырды деген күдікпен 14 адам ауруханаға жатқызылған. Оның жетеуінде диагноз расталған. Күдікке ілінгендер қатарында ересек адамдармен қоса балалар да бар. Бүгінде бәрі де тиісті ем алып, үйлерінде қайтарылған. 

Ең қиыны, жыл өткен сайын облыс аумағында індет тасымалдайтын кенелер ошағының көбейіп бара жатқаны аңғарылады. Цифрды сөйлетсек, былтыр осындай елді мекендер саны 106 болса, биыл 115-ке жетіпті. Басқарма осылай деп мәлімдеп отыр.

Алдын алу шаралары нәтижелі ме?

Жалпы, қай кезде де Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы саналады. Соған орай жыл сайын күн жылынғаннан зиянкеспен күрес шарасы өңірде қатаң түрде атқарылады. Қауіпті деп танылған аймақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, кенеден келетін кеселді ауыздықтау бағытында жоспарлы жұмыстар жасалады. Бірақ нәтиже қандай? Осы төңірегінде Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен сұрап көрдік.

«2024 жылы бұл аса қауіпті ауру бойынша облыста 115 елді мекен қолайсыз болып белгіленді. Осыған орай кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде 2 кезеңмен облысымыздың барлық аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты елді мекендерде жүргізілді. Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 14 күдікті жағдай тіркеліп, оның 7-інің диагнозы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан – 2, Шиелі ауданынан –  1 және Жанақорған ауданынан 4 жағдай анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болды, шағымданушылар анықталған жоқ. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық-энто­­­мология­лық зерттеулер жүргізіліп, за­лал­сыз­­дан­дыру жұмыстары жасалды. Қазір күзгі өңдеу шараларын жоспарлау, ұйымдастыру бойынша шаралар жүргізілуде», –  деп түсіндірді департамент басшысы Динара Жаңабергенова.

Мәліметке сәйкес, биыл жыл басынан тұрғындар арасында 891 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккен жандар 14 күн бойы медициналық бақылауда болған. Алайда үздіксіз жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, қауіпті зиянкестің салдарынан қайғылы жағдай болып, елді есеңгіретіп тастады.

«Жыл сайын көктемгі эпидемиологиялық маусымда арнайы зоологиялық-паразиологиялық топ құрылып, кенелердің таралуы, дамуы, түрлік құрамы, жұқпалылығы, яғни жалпыэпизоотологиялық жағдайға зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның негізінде биыл «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының зертханасында 2741 кене сынамалары зерттеліп, кенелердің жұқпалылық көрсеткіші (құрамында КҚГҚ вирусы кенелердің үлес салмағы) 1,6 пайызды құрады. Негізінен, Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндік, мал шаруашылығымен айналысқанда, сондай-ақ балық аулау, далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда келесі сақтану шараларын ұсынып келеді. Атап айтқанда, мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасап, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік киюі тиіс. Сондай-ақ кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдаланса құба-құп. Бұған қоса, табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау қажет. Осы орайда кенені жалаң қолмен ұстап, өлтірмеу, санитариялық-гигиеналық, эпидемиологиялық талаптарды орындау қажет екенін айтқысыз келеді», – деп баяндады департамент басшысы.

Департамент тарапынан аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан бастап дер кезінде медициналық көмекке жүгіну – аурудың асқынуы мен өлім жағдайларының алдын алатынын алға тартады. 

Оңтүстік өңір – қызыл зонада

Жалпы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы берілетін вирус тудыратын қауіпті ауру. Вирустық геморрагиялық қызбаның өршуі өлімге әкеліп соқтыратыны да дәлелденген. Бүгінде бұл індеттің өлім-жітім деңгейі 10-40 пайызды құрайды екен.

Дерекке сәйкес, КҚГҚ індетінің тасымалдаушысы және сақтаушысы – кене жәндігі. Ауру көбінесе маусымдық мезгілдерге байланысты өршиді. Әсіресе, мамыр-тамыз айларында қауіпті саналады. Негізінен, індет көп жағдайда Қырымда байқалады. Сондай-ақ Астрахан, Ростов, Краснодар, Ставропольск, Африка мен Орталық Азияда және Қытайлар сынды елдерде кең етек алған. Ал еліміз бойынша қауіпті індеттің белсенді табиғи ошағы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының аумағы болып табылады. Сондықтан осы өңірлерді жыл сайын маусымдық залалсыздандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп тұрады. 

Осы мәселе төңірегінде Қызылорда облысы әкімдігіндегі өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг те ұйымдастырылды. Брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы кенеден келетін қауіптің себеп-салдары мен қазіргі ахуалы жайында кеңінен айтып өтті. 

«Аймақта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024 жылдың өзінде көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Соның негізінде көктемгі заласыздандыру жұмыстары 9 сәуір мен 24 маусым аралығында жүргізілді. Жалпы, облыс бойынша залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігі 98,1%-ды құрап отыр», – деді брифингте басқарма басшысы Марат Ердәулетұлы.

Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары аурудың табиғи ошақтарының көлемі біртіндеп ұлғайып бара жатқаны байқалады. Оның үстіне, кенелердің қауіптілік белсенділігі де арта түскен. 

Ең бастысы, аурудың алғашқы белгілері байқалған тұста дереу дәрігерге көрінуге кеңес береді. Өйткені бұл әзірге қауіпті кеселдің алдын алатын бірден-бір жолы болып тұр.

 

Қызылорда облысы,

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ