Қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым 2020 жылы күшіне енді. Алайда бұл тыйым сақталмайды. Мейрамхана, түнгі клуб, барларда жазғы террасада да, ғимараттың ішінде де жұрт қорқорды қорқылдатып жатады.
Қорқордың қорлығынан қалай құтыламыз?
949
оқылды

 Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, тыйымның аяқасты болуына оны бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың тым аздығы себеп. Бұған қоса, айыппұл бизнес нысанына емес, шегушіге салынады. Сондықтан Үкімет вейптердің ізімен, енді кальяндарды әкелуге және сатуға толық тыйым салу мәселесін қарастырмақ.

 

Тыйым бар, тосқауыл жоқ

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын тұтынғаны үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК немесе 2024 жылы 55,4 мың теңге айыппұл салынады. 

Бұл құқықбұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, айыппұл 20 АЕК-ке немесе 73,8 мың теңгеге дейін өседі. Алайда шағын және орта кәсіпкерлікті жиі тексеруге рұқсат етілмейтіндіктен, бір жылда екі рет ұсталған қорқоршылар жоқтың қасы. 

Кальянның орташа құны 3-4 мың теңге, одан да қымбаты табылады. Демек, мұндай пайдасыз өнімге сонша ақшасын шығындаудан «тайсалмайтын» адамға 15 АЕК айыппұл төлей салу еш қиын болмаса керек. 

Бұл ретте Әкімшілік кодекске сәйкес, тек қорқор тартушылар ғана жазала­натындықтан, мейрамханалар, дәмха­налар, түнгі клубтар, shisha bar және басқасы өздерінде қорқор шегу мүм­кіндігін ұсынатынын ашық жарнама­лайды. Мысалы, 2GIS қазақстандық әрбір қалада «Кальян ұсынатын мей­рамханаларды» және басқа орындарды картадан ашықтан-ашық көрсетіп береді. 

Сондықтан биылғы наурызда Ден­саулық сақтау министрлігі қорқор ұсы­на­тын қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне де айыппұл салу бастамасын көтерді. 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-ба­бына сәйкес, келесі орындарда: үй­лердің кіреберістерінде, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, балалар лагерьлерінде, медициналық ұйымдарда, қоғамдық та­мақтандыру орындарында, кино­театр­ларда, мәдениет нысандарында, спорт ареналарында, жаппай демалуға арналған орындарда, оның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда, мұра­жайларда, кітап­хана­ларда, пойыздарда, кемелерде, ұшақ­тарда, әуежайларда, вокзалдарда, мем­лекеттік органдар мен ұйымдар, жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда және басқасында қорқор тұтынуға тыйым салынды. 

Бұл тыйым мүлтіксіз сақталуы үшін осы орындардың өзіне әкімшілік жаза қарастырылғаны жөн. Сондықтан қор­қор шегуге рұқсат ететін немесе соны сататын кәсіпкерлердің жауапкершілігін заң жү­зінде реттеу мәселесі де пы­сық­талған. 

– Заңнамада қоғамдық орындарда кальян тұтынуға тыйым бар. Алайда олар­ды барларда, мейрамханаларда еркін тұ­тынатынын бәріміз жақсы бі­леміз. Осы­­ған байланысты Мәжіліс депутатта­­рымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселе­­сін пысықтап жатырмыз. Оған сәйкес, бір жағынан, тыйымды бұзушы жеке тұл­ғалар үшін айыппұл сомасын арттыру, екінші жағынан, жаңа нормалар енгізу қарастырылады. Қол­­даныстағы заңнама тек тұтынушыға ғана шара қолдануды реттейді. Ал өз объек­тісінде қорқор және темекі өнім­дерінің шегілуіне жол беретін рестораторлар, кәсіпкерлер жазадан құ­тылып кетеді, – дейді Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директо­­рының орынба­­сары Гүлнәр Сәрсенбаева.

Сол себепті, сарапшының айтуынша, бизнестің де жауапкершілігін көздейтін заңнамалық түзетулер енгізілуі керек. Бірақ Парламент пен Үкімет одан да қа­таң қадам жасау жайын пысықтап жатқан көрінеді. 

Қатаң тыйымды пысықтауға кірісті

Қорқор-кальянды тұтынуға толық тыйым салу мәселесі Үкіметте қаралғанын Премьер-Министрдің орынбасары Та­мара Дүйсенова хабарлады. 

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда қорқорға арналған темекі мен қорқор қос­­­паларын сату мен тұтынуды реттейтін нормативтік база қалыптастырылған. Атап айтқанда, Денсаулық кодексінде қоғамдық орындарда бұл өнімдерді тұты­­нуға тыйым салынған. 

Бұл тыйымның орындалуын қадаға­­­­лайтын уәкілетті орган да бар, ол – Ішкі істер министрлігі. Ол заңнамамен тыйым салынған орындарда адамдардың қорқор тартуына жол бермеуге мемлекеттік бақы­­­лауды жүзеге асырады. 

Бірақ бақылау жүргізуге бірнеше ке­дергі де бар: біріншіден, үш жылдық мо­раторий жойылғанымен, кәсіпкерлік ны­сандарын жиі тексеруге бәрібір рұқсат етілмейді, әрбір тексеруге прокурату­раның «батасын» алу керек. Екін­шіден, барлық қоғамдық орынды тексеріп жүруге полиция жетіспейді, ІІМ штаты шектеулі. Қылмыспен күрестен бас көте­ре алмайтын ішкі істер қыз­­меткерлері ұсақ құқықбұзу­­­шылық­тарға мойын бұра алмай жатады. 

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, бүгінде Қазақстанда күн сайын 1 млн 114,8 мыңнан астам адамды сыйғы­за алатын 15 826 қоғамдық тамақтандыру орны жұмыс істейді. Олардың бәрін по­ли­­­цейлер аралап жүре алмайды. 

Сондықтан полиция тексерістер сы­р­­тында азаматтардан келіп түскен ша­ғым­дарға да ден қояды. Соның өзінде ста­­тистика қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйымның жаппай бұзылатынын паш етті: 2023 жылдың қорытындысында, жоғарыда көрсетілген тыйымдарды орын­дамауға байланысты 18 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған! Оны бұзған қазақстандықтарға шамамен 700 миллион теңге сомасында айыппұл салынды. 

Қоғамдық орындарда қорқор тартуға қатысты тыйым мүлдем орындалмайды екен, онда не істеу керек? Денсаулыққа аса зиян, елге түк қажеті жоқ, саламатты ұлттың тамырына балта шабатын бұл өнімге мүлдем тыйым салып тастаған жөн. «AMANAT» партиясының, сондай-ақ Мәжілістегі өзге де партиялар фракция­ларының бір топ депутаты осындай бастама көтеріп, Үкіметке шықты. 

«Қорқорды бүгінде арнайы көңіл кө­теретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікте де пайдаланып жүр. Заң жүзінде тиісті тыйым бар, алайда ол орын­далмайды. Кальянның құрамында не бар екені, оған не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Түрлі хошиістендіргіш, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишті де, алкогольді ішімдіктерді де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ал халық­тың денсаулығын нығайту және сала­матты өмір салтын қалыптастыруға жағ­дай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі», – дейді депутат Д.Тұрлыханов.

Парламентшілер Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздегі қолданылып жүр­ген қорқор қоспаларының құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуді ұсынды.

Қорқор қатерлі ісікке соқтырады

Қорқыныштысы сол, қорқорға жастар да, тіпті оқушылар да құмар. Олар ондағы хош иісті жеміс-жидек қоспаларына қызығады. Шынында, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәл осы қоспалар жоғары температурада химия­­­лық реакция жасап, адам денесінде инсу­линді арттырады, диабетке соқтыруы мүм­кін. Сондай-ақ өкпе тінін зақымдай­тын канцерогендер мен ұшпа альдегид­тердің түзілуіне қатысады. 

Вице-премьер Тамара Дүйсенова Үкіметте қорқорға мүлдем тыйым салу мәселесін қарастырғанда Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеулеріне сүйенетіндерін жеткізді. 

Министрліктің дерегінше, жоғары уыттылықтың салдарынан қорқор шегу­шілерде өкпе обырының пайда болу қаупі 2 есе артады. Қорқордың орташа дозасын шеккеннің өзінде несептегі никотин деңгейі 73 есе, котинин 4 есе, өкпе мен ұйқы безінің қатерлі ісігін тудыруы мүм­кін темекі нитрозаминдері 2 есе артады! Сонымен қатар бензол мен акролеиннің ыды­рау өнімдерінің мөлшері күрт ұлғаяды. 

–Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Кәсіпкерлік кодекстің 82-ба­бының 1-тармағына сәйкес, биылғы жылы реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижелері бо­йынша қорқордың, кальянға арналған темекі мен қоспаларының айналымына Қазақстанда толық тыйым салуды заң­нама­лық түрде енгізу мәселесі қаралатын болады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.

Биыл Парламент пен Үкімет вейптерді шетелден тасуға, өндіруге және сатуға толық тыйым салып, тарихи жеңіске жет­­ті. Осылай өзге елдерге үлгі көрсетті. Енді осы табандылығын қорқорға қа­тысты қайталай алса, құба-құп.

Елдос Сенбай