Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Алматы облысындағы қазіргі заманғы мектеп құрылысымен танысты.
Жаңа мектептің жай-күйімен танысты
445
оқылды

Биыл Алматы облысындағы Есік қаласында 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылады. Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов осы мектептің құрылысымен танысты. Бұл былтыр Ақмола облысындағы Қосшы қаласында ашылған мектептен кейінгі қазіргі заманғы стандарттар бойынша осы үлгіде салынып жатқан екінші білім беру мекемесі болып отыр.

«Алматы қаласында да осындай мектеп салу жоспарланып отыр. Осыған байланысты біз бүгін тәжірибе алмасу үшін Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы мен Жобалау институтының басшыларын да осы нысанға шақырдық. Мұндай мектептердегі сыныптардың ауданы 60-62 шаршы метрді құрайды, бұл балалардың білім беру процесіне қолайлы жағдай туғызады. Болашақта қазақстандық мектептер осындай болуға тиіс. Спорт алаңдары да осы стандарттарға сай болуы керек», – деді сенатор.

Депутат сапар барысында Алматы қаласындағы жол кептелісі мәселесіне де назар аударды. Ол қаланың ең көп жүретін учаскелерінің бірі Құлжа трактісіндегі жолды кеңейту барысымен танысты. Депутатқа жолды кеңейтіп, жолақтар санын көбейту жұмыстары биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталатыны туралы хабарланды. Құлжа трактінде осыған дейін 4 жолақ болса, енді әр бағытта 3-ке дейін көбейтіледі және жалпы алғанда 6 жолаққа кеңейтілетін болады. Бұл қаланың шығысындағы кептелісті едәуір азайтады.