Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелеріне 7,5 миллиард теңге бөлді
1,504
оқылды

Қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.

Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында «Есіл» сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы «Балауса» балабақшасы, Ойыл ауданындағы «Балбөбек» мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл – білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді. 

Биылғы 17 шілдеде Үкіметте су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді және орталықты туындап жатқан мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отыруды тапсырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.