Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 65 пәтердің кілті табысталды
1,755
оқылды

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған еді. Осы ретте, су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған Орал қаласындағы саяжай тұрғындарына тағы 65 пәтер берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа пәтерлер демеуші тарапынан, атап айтқанда Нұрлан Смағұлов Қорының қаржысына сатып алынды. 

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созуда. 

Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінге дейін Оралдағы 1 103 саяжай тұрғыны жаңа пәтерлерін ресми түрде рәсімдеді. Дәл қазір су тасқынынан зардап шеккен тағы 65 саяжай тұрғынына жаңа пәтердің кілттерін табыс етпекпіз.

Сонымен қатар облысымызда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 775 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үйлердің сапасы және уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда»,–  деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев. 

Орал тұрғыны Маздақ Сарсенғалиеваның көктемгі су тасқыны кезінде қаладағы 1-ші саяжай учаскесіндегі жалғыз баспанасы суға кеткен. 3 ай уақыттан соң, ол бүгін жаңа баспанасына кіріп, қуанышымен бөлісті. 

«Мемлекеттің қолдауының арқасында барлық қиындықтар артта қалды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіреміз. Далада қалмадық. Алдағы уақытта тек жақсылықтар бола берсін», –  деді ол.