Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында тұрмысқа шыққаннан кейін оған бала көтере алмайсың деп диагноз қойғанын айтты.
Қатты жыладым: Танымал актриса басына түскен сынаққа қалай төтеп бергенін айтты
1,130
оқылды

Оның айтуынша, осы кезде күйеуі әйеліне үлкен қолдау білдірген. Бұл туралы Aikyn.kz жазады.

Жұлдызай Дүүйсенбиева күйеуге шыққан соң бірден жүкті болмағанын және оның өзіндік себептері болғанын айтып берді.

"Бірінші баламды 3-4 айдан кейін көтердім. Бірақ баламды түсіріп алдым. Одан кейін емделуі кезінде маған дәрігерлер "сізде мүлдем бала болмайды", "сіз енді ана бола алмайсыз" деп айтты. Емделуге қажет көптеген дәрі-дәрмектің тізімін жазып берді. Қағазды ұстап үйге келіп жатырмын. Мен жалпы көп жыламайтын, жыласам да, көрсетпейтін жанмын. Бірақ сол кезде үйге келіп, қатты жыладым. Себебі "ана бола алмайсың" деген ең ауыр сөз екен. Жасым сол кезде 33-те. "Дәрігерлер егер жасыңыз 23-те болғанда, бірнәрсе өзгерте алар едік. Бірақ бұл жаста бала болуы шамалы" деп шорт кесті", – дейді ол.

Актриса қиын сәтте өзіне жұбайы қолдау көрсетіп, демеу болғанын айтты.

"Жылағанымды күйеуім көріп, не болды деп сұрады. Мен оған "ажырасайық" деп айттым. Ол шошып кетті. "Мен бала туа алмаймын" дедім. Біреудің тағдырын байлағым келген жоқ. Күйеуім маған қарап күлді де, қолымнан ұстады. "Жұлдызай, егер тағдыр, Алла Тағала сенімен баласыз қол ұстасып жүруді жазған болса, мен сенімен соңына дейін қол ұстасып кетемін" деді. Күйеуімнің бұл сөзі менің өмір сүруіме көмектесті. Себебі бұл екінің бірінің қолынан келмейтін және айта алмайтын сөз", – дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Жұлдызайдың сөзінше, түсіктен кейін оны жолдасының жылы сөздері емдеген екен.

"Сол нәрсе мені емдеді деп ойлаймын. Маған 3 жыл емделесіз, ем жақсы болса, біз ЭКО жасаймыз деді. Онда да бола ма, болмай ма білмейді. Алайда мен ешқандай анализ тапсырмадым, ешқандай дәрі ішпедім. Бір ай уақыт өткен соң бала көтердім. Тестке қайта-қайта қарадым, сенбеймін. Жолдасыма көрсетем, ол да аң-таң. Мүлдем жүрегім айнымайды, құспадым. Қалай бұл. Мүмкін екіқабат емеспін деп ойладым. Себебі өзімді алданып қалмайыншы дедім. Содан 3 айға дейін тексерілмей жүре бердік. Тексеру барған кезде гинеколог балаңыздың жүрек қағысын естігіңіз келе ме деп айтты. Сол кезде көзімнен пора-пора жас ақты", – деді Жұлдызай Дүйсенбиева.