«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жылдың қаңтар айында бастау алды.
Жастарға жұмыс іздеуді жеңілдету – «AMANAT» партиясының жобасы
Фото: Талғат Танымбаев, Асылхан Сейдахмет
1,179
оқылды

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған Астанадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова және Астана қаласының басшылығы болды.

Бүгін бос орындар жәрмеңкесі елорда орталығындағы Нұржол бульварында ашық аспан астында өтті. Бұл – астананың жүрегі саналатын жастар жиналатын көрнекті орын. Жәрмеңкеде мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 100-ге жуық жұмыс беруші 2 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде: Қазатомөнеркәсіп, Halyk bank, Қазпошта, Samruk-Kazyna Construction, «Хабар» агенттігі, Қазақтелеком, Qazaq air және басқа да ұйымдар бар. Іс-шараға 3000-ға жуық адам қатысты.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастармен және жұмыс беруші ұйым өкілдерімен әңгімелесті. Партия төрағасы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін кемінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру міндетін қойғанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының еліміздегі алар орнын  ескере отырып, оларға ерекше құрмет көрсетілуі керегін атап өтті. Колледждер мен жоғары оқу орындарын кеше ғана тәмамдаған еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жастар үшін жаңа жұмысқа орналасу оңай емес. Мемлекеттің, қоғамның, бизнестің міндеті – бұл процесті жеңілдету, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Осылайша, әрбір түлек еңбек нарығында өз орнын тауып, елдің дамуына мейлінше тез үлес қоса бастайды. «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де соған бағытталған. Екі жыл қатарынан барлық өңірде өткізіліп жатқан жоба өз тиімділігін көрсетуде», – деді ол.

Жәрмеңке аясында Еңбек министрлігінің өкілдері келушілерге «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктерін көрнекі мысалмен көрсетті. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің ашықтығын арттырудағы цифрландырудың рөлі туралы, Астана әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі «Joltap» жобасын, ал елордалық еңбек орталығының қызметкерлері түлектерге арналған «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары туралы хабардар етілді.

«Жастар рухының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі елордада ғана емес, еліміздің барлық облыс орталықтарында өтуде. Оған кем дегенде 50 мың жас қазақстандық қатысады деп жоспарлануда. Жәрмеңкелер бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда жұмыс іздеуші бос жұмыс орындары туралы біліп қана қоймай, егжей-тегжейлі мәліметтер де ала алады. Жәрмеңкеде жұмысқа орналасудан басқа, жастарды әлеуметтік қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламасы бойынша кеңес алуға болады. Атап айтқанда, баспана немесе ем алудан бастап, бизнес ашу және оны меңгеруге дейін ақпарат бар.

«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жылдың қаңтар айында бастау алды. Осы уақыт ішінде Қазақстан бойынша екі жүзден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 160 мыңнан астам адам қатысып, 30 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алды. Ал 30 мыңға жуық жас маман кәсіпкерлікті дамыту үшін 2,5% жеңілдікпен несиелеу бойынша кеңес алды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram   арнасынан таба аласыз.