Бүгінде ең басты міндет – еліміздің мық­ты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, эко­номикамызды ішкі қажеттіліктерді толық қам­тамасыз ете алатын жағдайға жеткізу екені белгілі. Бұл ретте өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру аса маңызды. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру да маңызды міндетке айналып отыр.
Өңдеу саласы өрлеу саласы бола ма?
1,490
оқылды

Бүгінде Қазақстан экономикасында қалыптасқан өндірістік-шикізаттық сипатқа ие тұтастық­ты бұзып, оны өңдеу деңгейінде екшеу күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Ал оның бір жолы клас­терлік модель екені анық. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Металдарды терең өң­деу, мұнай, газ және көмір хи­­мия­сы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және бай­ы­ту, автокомпоненттер өндіру және тыңайтқыштар сияқты ба­ғыттарға назар аудару қажет. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамта­ма­сыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдан­ып, өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы қажет», – деп атап өткен болатын. Бұл рет­те Президенттің қойып отыр­ған талабы: тауарларды өзімізде өндіру, ол тауарлардың сапалы болуы, тек ішкі нарықты қамтып қоймай, шетелге де бәсекеге қа­білетті тауарлар шығару.

Осы тұста машина жасау саласына ерекше тоқталуға болады. 37 саланы қамтитын осынау тех­нологиялық орта үлкен қозғаушы күшке ие. Бір-ақ мысал: ішіне ау­ыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, мұнай-газ, металлургия, теміржол және тағы басқалар кіретін бұл салада ашылған бір жұмыс орны аралас салаларда 8-10 жұмыс орнына дейін ашуға мүмкіндік жасайды. Қай шаруа­шылық немесе өндіріс болмасын механизация мен автоматизация болса ғана мол технология­лық өнім беретіні белгілі. Сол сияқты әр саланың өзіне тән арнайы техникасы мен технологиялары бар. Ауыл шаруашы­лығында жер жырту, егін егу, шөп ору, жем дайындау сынды тағы да басқа өзіндік мақсаттағы техникалар болса, тау-кен саласында да, энергетика саласында да, көлік саласында да ауыр-ауыр техникалар, ортанқол агрегаттар, ТЭЦ, ЛЭП, турбиналар мен қазандықтар сынды жабдықтар қаншама. Бұл ретте өнім өндірмесе де, жәй ғана тасымалды жүзеге асыратын теміржол саласының өзінде қаншама вагон, локомотив, рельс және он­ың бекіту элементтері жетерлік. Тоқетері, бұл сала жәй ғана бұ­ранда-тетікшелерден бастап ғарыштық аппараттарға дейін шығара алады. Сол себепті машина жасау саласын экономиканы дамытудың негізгі драйвері деуге толық негіз бар. Қазір Қа­зақстанда бұл салада 5 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 118 мыңнан астам адам еңбек етуде. Президенттің тапсырмасымен «Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасында» машина жасау өнімінің көлемін 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2025 жылға қарай 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту міндеті қойылған болатын. Десе де бұл жоспар мерзімінен бұрын асыра орындалып, 2022 жылы-ақ елімізде 3,1 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бір сөзбен айтқанда, соңғы 4 жылда өзімізде өндірілген өнім көлемі 3 есеге артып отыр. Бұл тек машина жасау саласындағы жетіс­тіктер ғана.

Ал жалпы алғанда елімізде өңдеу секторы әлі күнге дейін импортқа тәуелді екенін жасы­руға болмайды. Оның көлемі 50%-дан асады. Көбіне қосымша құны бар тауарлар импортталады. Әсіресе, бұл технологиялық өнімдерге және шикізатқа қатысты. Қазақстан Ресейден машина жасау тауарларының мыңдаған түрін сатып алады. Республиканың меншікті өндірі­сі әлі де жеткілікті деңгейде құ­ры­лған жоқ. Жергілікті компаниялар шахталар мен зауыттарға сұранысының 10/1 бөлігін ғана жеткізе алып отыр. Тек металлургия саласының өзі жыл сайын құрал-жабдықтарды импорттауға 15-20 миллиард доллар жұмсайды десек, бұл өте үлкен нарық екені сөзсіз. Ал өңдеу секторының шамамен 40%-ы металлургияға тиесілі. Соның өзінде де мұнда негізінен төмен деңгейде өңдел­ген өнімдер, аралық тұтыну тауарлары және өнеркәсіптік шикізат өндіріледі. Оны сол күйі ше­тел асырмай, өзімізде өңдеу ту­ралы айтылып жүргеніне аз бо­лған жоқ. 

Осы ретте, әрине мемлекет те қамсыз емес. Өңдеу өнеркәсі­бінде импортты алмастыруға және экспортқа бағытталған ин­вестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүр­гізілуде. Былтырғы жылдың қо­ры­тындысы бойынша жалпы құны 930 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылып, 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны аш­ылған екен. Келесі жылға дейін өңдеу өнеркәсібіне арналған барлық тауардың импортын 40%-дан асырмау жоспарланып отыр. Сондықтан бірінші кезекте отандық тауар өндірушілер мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл еліміздің импорталмастыру жолындағы бірінші және аса маңызды қадамы болмақ. Атап айтқанда, лак және бояу материалдары, арматура, арнайы жұмыс киімі, медициналық жиһаздар, жылу сақтағыш материалдар, лифттер және тағы да басқа им­портқа тәуелді тауар өндірісі жолға қойылмақ. Импорт алмастыруды ынталандыру үшін отан­дық өңдеушілерді қолжетім­ді бағадағы шикізатпен қам­тамасыз ету механизмі де іске қо­с­ылған. Бүгінде осы мақсатта металдың үш негізгі түрі – алюминий, мыс, қорғасын бойынша 25-тен астам келісім жасалған. Бұл өңдеуді тереңдетіп, республикада өндір­ілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүм­кіндік береді.

Өңдеу саласын өрлеу саласына айналдыруда шешімін күткен бұдан да өзге жайттар аз емес. Айталық, қаржыландыру мәселе­сінде түйткіл көп. Мәселен, несиелеу мөлшерлемесі 22%-ға дейін барады. Кредиттің мұнша­лықты қымбат болуы өңдеуші сектордағы кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретіні анық. Отандық шикізаттың жекелеген түрлерінің жоғары құнына байланысты да проблемалар бар. Бұл қайта өңделген түпкі өнімнің импорт тауарлармен бәсе­кеге қабілеттілігін төм­ен­детеді. Сол себепті де, өндірісті локализациялауды арттыру мақ­сатында жобалар қолжетімді қаржылан­дырумен, оның ішінде бюджеттен тыс көздер және кепілдік беру тетіктерін кеңейту есебінен қамтамасыз етілуге тиіс. Кәсіп­орын­дардың негізгі қор­ларын уақтылы жаңарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу да маңызды міндеттердің бірі. Одан бөлек, жеткізілетін тауарлар көлемін ұлғайту және қайта өңделетін өнім номенклатурасын кеңейту бойынша жұмысты күшейту қажет. Қар­жы­ландыру мәселесін сөз еткенде, мұндағы қарастырылатын жеңілдіктерге тоқталмай кетуге болмайды. 2025 жылдың қаң­тары­нан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда өң­деуші саладағы жаңа жобаларды үш жыл мерзімге салықтан босату қарастырылып отыр. Сондай-ақ тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің арқасында 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлікті тексеру адамның араласуынсыз өтетін болады. Бұл тексерулер санын екі есеге қыс­қартуға септік етпек.

Бұл салада өндірістік қорлар­дың әбден тозуы, өндіріс қуат­ы­ның жеткіліксіз жүктелуі, білікті кадрлардың тапшылығы, шикізат импортына тәуелділік сияқты қордаланған проблемалар аз емес. Нарық қажеттілігіне жауап беретін мамандарды даярлау үшін білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор. Жалпы, өңдеуші сектордағы ахуалды жақсарту үшін мемлекет, бизнес, депутаттар және ғылыми-білім беру мекемелері бірлесіп, кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге тиіс.

Былтырғы жылдың қорытын­дысы бойынша өңдеу өнеркәсі­бінің үлесі елдің жалпы ішкі өні­мі­нің 12,1%-ын құраған екен. Ен­ді биыл осы көрсеткішті арттыра түсу мақсатында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда олар – Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты, Қостанай облысында жүк көлік­теріне арналған темір бөлшектер шығаратын зауыт, Павлодар об­лысында ұсталық-бандаж кешені, Алматы облысында тұр­мыс­тық техника шы­ғаратын зауыт және Қараған­ды облысында жел энергетикасы қон­дырғы­ларына арналған құр­амдас бөліктер шығаратын зауыт.

Биылғы жарты жылдықта өңдеу өнеркәсібі нысаналы индикаторлар шегінде, яки 5,1%-ға өсіп отыр. Оның ішінде металлургия өндірісі 8,3%, машина жасау 9,4%, химия өнеркәсібі 5,3%, жиһаз жасау 28,3%, фармацевтика 14,8%-ға артты. Құрыл­ыс саласында өсім 8,6%-ды құ­ра­ды. Қарастырылып отырған кезеңде 7,4 млн шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кез­еңінен 1%-ға артық. Сарапшылар, мұндай өсімге отандық тауар өндірушілерді қолдау шар­аларын жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілгенін айтады. Мәсе­лен, ОТӨ-мен жасалған шарттар­дың саны 2023 жылғы 22,7 мыңмен салыстырғанда 45,7 мыңға дейін артқан. Соның ішінде, былтыр ірі тапсырыс берушілер мен от­ан­дық өндіруші­лер арасында жалпы құны 66 млрд теңгені құрайтын ұзақмер­зімді 179 шарт пен оффтейк-келісімшарт жасал­ған болатын. Мұнымен қатар ішкі сұранысын қанағаттандыру мақсатында ірі компаниялар («Қазақмыс», ERG, «Қазмырыш» және тағы басқа) өз айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруда. Кәсіпорындардың ин­фра­құрылымға қолжетімділі­гін кеңінен қамтамасыз ету мақ­сатында арнайы экономика­лық және индустриялық аймақ­тар­дың қызметі жетілдірілуде. Ел­іміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өнімдердің 50%-дан астамы ресурстарды өндіруге бағытталған, яки шикізаттан тұрады. Ал 38,4%-ы технологиялық күрдел­і­лігі төмен және орташа өнімдер. Өнеркәсіп және құрылыс мини­с­тр­лігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда өңдеу саласында 5 500-ге жуық тауар түрі шығар­ылады екен. Оның ішінде, 25%-ы терең өңдеуге, 45%-ы орташа, 30%-ы төмен өңдеуге жатады.

Қазір еліміздің алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономи­каның көлемін 2 есеге ұлғайтып, оны 450 миллиард долларға жеткізу жөнінде маңызды міндет тұр. Бұл ретте металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайт­қыштар шығару сияқты бағыт­тарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтқанда, жоғары деңгейде өңделген өнім шығара­тын кластер құру керек. Сонда ғана өңдеу саласы өрлеу саласына айнала алмақ.

Нұрлан ҚОСАЙ