Президент Қ.Тоқаев өткен екі жылды қатарынан
«Балалар әдебиеті кітаптары жылы» етіп жариялады. Бала­лар әдебиеті жай­ын­да кеш те болса, бірсыпыра мәселе жедел қолға алын­ып, жүзеге асты. Бұл игілікті іс болды. Бірақ балалар әдебиеті – науқан­шылықты көтермей­тін, ұдайы назарда ұстауға тиісті рух­аният саласы! Неге?
Түркістанда туған тағдырлы туынды
930
оқылды

 Балалар әдебиеті – әрбір ұлт­тың, маңдайына басып ұстай­тын әдебиеті болуға тиісті. Өйткені ол бүгінгі сәби, өспірім, жасөспірім, жас өркенді тәрбиелейтін, қала берді ертең өмірге келетін сәби­лерді тіршілік сырына баптайтын, мәпелейтін рухани  уыз. Осы тұр­ғы­дан алғанда балалар әдебиеті  болашақтың әдебиеті деуге болады. Болашақтың әдебиетіне елі­міз,  мемлекетіміздің ертеңі жар­қын болсын деген әрбір азамат аса жауапкершілікпен қарауға тиісті. Бүгінгі жасөспірім қандай тәрбие көреді? Ертең қазақ қоғамының сондай перзентіне, сондай айтулы азамат, қажырлы еңбегін  халқына арнайтын қайраткеріне айналады. Бүгін  балалар әдебиетін қалай жа­­с­аймыз? Ертеңгі ұрпақ соны оқ­ып, танып, біліп, соның рухында тәр­биеленеді. Демек, бүгін біз балалар әдебиетін жасай алсақ, қоғамның ертеңін дұрыс тәрбие­мен қамта­масыз ете алғанымыз. Ер­теңгі ұр­паққа бүгіннен рухани уыз  қал­ыптастыра алмасақ, онда кеш қалғанымыз. Ертең кеш болады.

Қазақ балалар әдебиеті сыншысы Құлбек Ергөбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ад­ам­ның бір қызығы бала деген...» кітабы осы арнадан келіп шы­ғады, осы талаптарға жауап береді.

Құлбек Ергөбек – танымал әде­биет сыншысы. Әдебиет сыншысы болғанда да Құлбекті алдымен қазақ, қазақ қана емес күллі түрік жұртына танытқан  балалар әдебиеті сыны деп ойлаймын. Ол қазақ балалар әдебиеті тағдыр-талайына  аянбай араласып, табан аудармай еңбек етіп келе жатқалы қашан. Осы жарты ғасыр ішінде ол балалар әдебиеті қаламгерлері­мен жақын араласты, сырласа жүр­іп олардың жазушылық лабораториясына енді. Балабақшаға Ә.Дүйсембиевпен бірге барып бүлдіршіндермен, мектепке бірде М.Әлімбаевпен, тағы бірде Б.Соқ­пақ­баев, С.Омаровпен бірге барып, балалармен сырласты. Құл­бекті кезінде Б.Соқпақбаев, С.Омаров, М.Әлімбаев «Балалар әдебиеті» кеңесіне – Жазушылар одағына тартты. «Менің атым Қожа» сияқты классикалық повест туындатқан тәкаппар талант Бердібек Соқпақбаев «СССР Жазушылар одағына» өту үшін Құлбекке кепілдеме берген. Мұза­фар Әлім­баев «Детская литература» журнал­ының редколлегиясына өз орнына Құлбекті ұсынғанын білеміз. Құлбектің журналдың бас редакторы, отаншылдық тақыры­бы­ның жазушысы С.Алексеевпен сұхбаты да «Жас Алашта» осы бір орайлы сәттері туған. Одақтық «Детская литература» баспасы Құлбек Ергөбек пен Бекен Ыбыр­ай­ымовқа «Қазақ балалар әдеби­ет­інің очеркі» сын кітабын жазуды тап­сырғаны да есте. Мұзафар Әлімбаев ағалық жасап «ТАЛАПТЫ. ТАЛАНТТЫ. ҚА­НАТ­ТЫ» атап «Ұлан» газетіне, «Жырға бер­гісіз сырлар», –деп «Егемен Қа­зақстан» газеті бетінде Құлбек жай­ында арнайы мақала­лар жаз­ды. Жазушылар одағында Балалар әдебиеті кеңесінің кеңес­шілері Б.Мұқай мен К.Тоқаев қа­уырсын қанат жас бола тұра өте өршіл, талапшыл білімді жас сыншы  Құлбекке сеніп «Әдеби жыл қоры­тындысында» жиі-жиі балалар әдебиетінің жай-күйі жайында баяндама жасататын. Ағалардың  алқалауы осылай қанаттандырып еді жас сыншыны. 

Балалар әдебиеті – әдебиеттің қиын саласы. Классик сыншы В.Белинский: «Балалар жазушысы болып қалыптаспайды, балалар әдебиеті жазушысы болып туады» деген кезінде. Ойланып қараған ад­ам­ға осында – балалар әдебиеті­н­ің бар қиындығы орын тепкен деуге болады. Жалпы, Алла Тағала талант бермесе, қандай да бір жа­зу­шы болып жолай қалыптасу қи­ын екені рас. В.Белинскийге арқа сүйей сөйлеген сыншы «Алла талант берген күнде жазушы болу үшін адамға жүйелі білім, тоқтау­сыз ізденіс, үзіліссіз машық, өзі­ңе-өзің сын көзбен қарау деген секілді толып жатқан талап ал­дыңа тартылады. Әңгіме жалпы жазу­шы­лық туралы. Ал Алла Тағала арнайы бейімімен, айрық­ша мейіріммен жаратпаса, бала­лар­ға арнап шығарма жазу, балалар жазушысы болып қалыптасу мүм­кін емес», – депті. Балалар әде­биеті сынымен айналысып, «шұғылданып» көрген біз де осы пікірге ден қоямыз.

Балалар жазушысы болып қал­ыптасу неге қиын? Нысанаға ал­ып, өмірінен шығарма жазатын кейіп­керің – сәби, өспірім, жас өр­­кен болса, алдымен онда  нендей өмір­лік тәжірибе бар үлгі етіп көркем әдебиетке айналдырып, өзгеге айтар? Маршак айтқандай, бала мінезі қызық екен делік, К.Чу­к­ов­с­кий жинақтағандай тілі тәтті екен делік.  Ондай ғажайып  баланы табу қиын, тапқан соң түр-келбетін тілімен сабақтас­тырып көркем образға айналдырып беру тіпті қиын. Ол шығар­маны «оқи­тын»  тағы да бесікте жатқан сыл­дыр­­мақпен ойнайтын баладан бастап, өз бетінше кітапты әрең-әрең танитын сәби, өс­пірім дегендей. Олар қалай қабылдайды көр­кем әдебиетті? Оның үстіне, бәрін «шайнап» бе­ре­тін теледидар тұр әр бөлмеде. Міне, осындай жағдайда олардың көркемдік қабылдауына сәйкес жаза аламыз ба? Осында бала пси­хологиясын тап басып ұстаудан бастап, оны асқан шеберлік ма­шы­қ­пен көркем образға айналдырып, бала бойына сіңіріп беретін қаншама талап тартылады балалар жазушысы алдына?! Соны игер­сең, бала сені жазушы райында қабылдайды, оны игермесең қа­был­дамайды. Балалар жазушысы болып қалып­тасудың қиындығы осында! 

Ал балалар әдебиетінің сыншысы болып қалыптасу ше? Балалар әдебиеті сыншысы болып қалыптасу одан да қиын. Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабы балалар әдебиетінің сол қиындықтарын игере, сыншы ретінде шеберлікті меңгере отырып жазылған әдеби сын мақалалар жинағы.

Әр сыншының өз ерекшелігі болады. Құлбек балалар әдебиет­ін­де ғалымнан гөрі шынайы, білгір сыншы дер едік. Бала психологиясы мен көркем әдебиет психологиясы арасын жалғай сөйлеу үшін ғалымдық пайым, білім, зерде керек. Құлбектің фольклор, этнография, психология ілімінен жиған, жинаған білімі осы орайда сыншы­лығын қосым­ша демеп қана отырады. Оны, әсіресе бүгінгі балалар әдебиетінің «Бесік жыры», «Тақ­пақ», «Өлең», «Жұмбақ» жанр­лар­ының генезисіне барып, поэтика­лық құнарын ашуынан анық байқадық.  Әдеби сын кітабының бүгінгі балалар әдебиетінің жанр­лық жүйесін анықтауда, ақындар­ымыздың фольклордан қалай үйренгенін анықтауда сыншының америка­лық этнограф ғалымы Мидтің «Мәдениет және балалар әлемі», «Балалар этнографиясы» (серия­лық еңбектер), түрік халық­тары фольклористері еңбектеріне сүй­ене сөйлеуі жарасымды.     

«Бесік жырын»  қасиетті тақ­ыр­ып, өлмейтін, өшпейтін жанр­лық үлгі ретінде бүгінгі балалар поэзиясынан іздеуден бастайды. «Бесік жыры» поэтикасы жайында біз де жазғанбыз кезінде. Құлбек те басты тақырыптан бастапты. Өйт­кені балалар әдебиет­інің пәні – баланың өзі өмірін сол қасиетті бесіктен бастайды. Олай болса, «Бесік жыры» – балалар әдебиеті үшін басты тақырып, мәңгілік жыр болуы керек. Сын­шының байқап, бағамдауына қарағанда бүгінгі балалар ақын­дары «Бесік жыры­ның» неше атасын түрлендіре туындатып-ақ жатыр екен. Жаңа «Бесік жыры­ның» қандай жаңалы­ғы бар? Дәстүрді жаңартып, жаң­ғыр­та алып отыр ма? Сыншы бүгінгі «Бесік жырын» түрік халық­тары фольклорындағы «Бесік жыры» үлгілерімен салыстырады. Бүгінгі «Бесік жырын» балалар әдеби­етінің бір атасы – Ыбырай Алтынсарин заманындағы әуендес жырмен салыстырады. Балалар әдебиетінің елеусіз классигі Өте­бай Тұрманжановтың «Бесік жырымен» таразылап  қарайды. Жаңа заман, жаңа уақытта қатар қанат қағып, қатар қалам тартқан поэ­тикалық үлгілерді ақындарды (Ж.Смақов, Қ.Баянбаев, Ф.Оң­ғар­сынова, К.Ыбыраев т.б.) өзара жарастырып, жарыстырып бай­қай­ды. Жанрлық жітілікті, та­қырып­тық жетелікті айнытпай ан­ықтайды. (28-30 б.) Өзара са­лыстырулардан «Бесік жыры­ның» қазақ поэзиясында мүлде жаңа сипат алып кеткенін көреміз. Жетістігі де жетерлік, кемшілігі де көп-ақ. Балаға арналған Баба жыр дерлік «Бесік жырының» жетістік-кемшілігін Алтай әдебиетіндегі «Көзи иаманга көргуспей, Кууни иаманга тийдиртпей» болып Май Ана (Ұмай.Б.С.) рухымен жырланатын жырдан бастап, қырғыз, өзбек, қарашай, құмық, татар, башқ­ұрт әдебиетіндегі үлгілермен салыстырып саралайды. Аяғында бүгінде қазақ баласын бесікке салмайды, аналар «Бесік жырын» бала әуезбен, мейірман Ана әуен­мен сәби санаға сіңірмейді деп мұңды нотамен аяқтайды. 

Қазақ әдебиетінде бала психологиясын жете біліп, әр жастағы балаларға бағыттап шынайы шы­ғарма жазатын бірсыпыра балалар жазушысы бар. Олар кім? Сыншы­ның анықтауынша, балалар әдеб­иетіне қойылар қиын талаптарды жеңе жүріп балалар жазушысы болып қалыптасқан қаламгерлер – Ө.Тұрманжанов, С.Омаров, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Қ.Әбдіқа­дыров, Ә.Дүйсембиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Қ.Баянбаев, Ж.Кәрі­бозин, Н.Әлімқұлов, Т.Дәу­рен­беков, С.Әлімқұлов. Балалар әдебиетінің кәнігі сыншысы еңбектің бір бөлімінде аты аталған балалар әдебиеті өкілдерінің шығар­машылық портретін жасайды. 

Қ.Ергөбек – шығармашылық портрет жасаудың шебері. Ол жасаған шығармашылық портрет­тің алды кезінде «Детская литература» (№7, 1982) журналына дейін жетіп, жарияланғанын да білеміз. Ол өзін балалар әдебиетіне абитуриент кезінен баулығын Әнуарбек Дүйсембиевтің портреті болатын. Кезінде осы мақаласы үшін қызы­ғып қараған болатынбыз. Неге екенін, мақала Құлбектің жинағы­нан орын алмапты.  

Балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылық портретін жасау оңай емес. Осы «оңай еместі» біліп тәуекел еткен сыншы әр ақын, әр жазушы әдеби мұрасына әр қырынан келеді. Ө.Тұрман­жанов  қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушыдан саналады. «Ол – фольклор мен жазба әдебиеттің арасын жалғап жатқан алтын көпір» (Қ.Ергөбек). Демек, сыншы Ө.Тұрманжановты тұлғалаған­да ол  мол тәжірибемен игерген фоль­клорлық туындыларды қан­дай шеберлікпен пайдаланып, тың дүние жасап бере білді? Міне, осыған көбірек назар аударады.

Б.Соқпақбаев шығармаларына барғанда жазушының мінез мүсін­деу ерекшелігіне зер салады. 

Ә.Дүйсенбиев әдеби мұрасы жайында айтқанда, ақынның бала тілін қалай әдемі пайдалануы жайына назар аударады. Ж.Смақ­овтың «Ұйқасын тап», «Қайсысы өтірік, қайсысы шын?» секілді формалық ізденістерін қалай оңтайлы пайдаланатынын ашады. М.Жаманбалинов, Ж.Кәрібоз­ин­нің балалар әрекет, қимылын бағатынын, іс үстінде көрсететінін дұрыс байқа­ған.

Бір бөлім мақалалары – балалар әдебиеті жайында тол­ай­­ым толғаныстар. Б.Ыбырайым, Н.Ақыш­­ев, Б.Серікбаев, К.Ыбыраев, К.Құсайынов сынды бір буын жазушыларды шығарма­ларын балалар әдебиетінің ділгір мәселесіне байлап шолу, пробл­ема­лық ма­қала, жанрлық талдау мақала­лар­ында тұлғалапты. «Жыл мен Жыр» – қазақ балалар әде-

б­иетінің бір жылын барлау, бағам­дау, талдау. Бұл – қазақ әдеб­иет­інде бар құбылыс. Біз де Жа­зу­­шылар одағында баяндама жаса­ғанбыз. Бірнеше баспаның бала­ларға арнап шығарған өнім­дерін талдап, таразылау оңай іс емес. Қаншама кітап оқу керек? Оны өзіне дейінгі ба­лаларға арналған туындылармен салыстырып, жаңалығын аршып ала білу керек. Сырты жаңа болып тұрып, ішкі мазмұны, айтары – ескі сүр­леу болса, оны ащы сынау керек. Осының баршасын сыншы бала психологиясы, оның көркем­дік қабылдау мүмкіндігі және көр­кем шығарма, оны жазған жазушы шеберлігі тұрғысынан  келіп ашады. «Жаңалық басы – дәстүрге адалдық» балалар әдебиетінде дәстүр қалай даму керек, бұрынғы сүрлеумен жүре береміз бе, бала психологиясына сыйымды, ойына сіңімді баяндау формасын қалай жаңартамыз? – деген секілді сұрақтар қойып, соның өзегімен прозалық бірсыпыра шығарманы талдайды. «Келешек пен берешек» тұрғысынан топтастырылған проблемалық мақалалар жинақтау шеберлігімен, талдау мәнерімен ерекшеленеді. Балалар әдебиетінің ділгір мәселесін көре білетін, көргенін буынынан ұстап көтере білетін – балалар әдебиетін жан-тәнімен сүйетін сыншыны табамыз.  Мәселе қойғанда балалар әдебиеті табиғатынан туындатып, балалар әдебиеті талап етіп отырған мәселені дөп басады. Жаның рақат табады. 

Құлбек Ергөбек – балалар әдебиетіне жастай араласып, жақсы қалыптасқан әдебиет сыншысы. Талантын алдындағы ағалары баптаған, талғамын өзінше қалыптаған Құлбек сын сөзін де өзінше саптаған, өзінше толғаған сыншы. Біздің бұрынғы бір мақаламызды «Құлбекше жаз, сыныңды!», – дейтініміз де сон­дықтан.

                                                                           

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ