Бүгінде Жамбыл облысындағы Шу өңірін білмейтін адам кемде-кем. Оған себеп мұнда жылда мыңдаған гектар жерге табиғи жолмен есірткі шөбі өсіп, көлеңкелі бизнесті көздегендердің көз құртына айналып отыр. Заңсыз есірткі тасымалымен айналысатындарға құқық қорғау саласының қызметкерлері құрық салып жатқанымен, бұл бизнестің түп тамырына балта шабу мүмкін болмауда. Тіпті, кейінгі кездері қарасораны үй жағдайында өсіретіндердің саны артып, жығылғанға жұдырық болуда.
Шудың «шулы» шөбі
702
оқылды

6 айда 1 тонна 800 келі есірткі тәркіленді

 Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында 1 тонна 800 келіден астам есірткі тәркіленген екен. Был­тыр­дың осы кезеңінде 1 тонна 500 келі есірткі саудасының жолы кесілген. Яғни, биыл тәркіленген есірткі көлемі артып отыр. Бұдан бөлек, 79,7 гектар жерге егілген 90 тонна 845 келі жабайы қарасора жойылған. Оның ішінде Байзақ ауданы бойынша 74 гектар жерден 11 тонна 570 келі, Шу ауданында 22 гектар жерден 32 тонна 150 келі, Жамбыл ауданында 1,8 гектар жерден 2 тонна 150 келі, Меркі ауданында 2 гектар жерден 1 тонна 675 келі және Т. Рысқұлов ауданында 46,5 гектар жерден 43 тонна 300 келі есірткі шөбі жойылып отыр. 

 Бұдан бөлек, қарасораны қолдан өсірген 9 плантацияның жұмысы тоқ­татылған. Оның ең ірісі күні кеше Жам­был ауданындағы 61 жасар тұр­ғынның бақшасынан 100 келіден асатын есірткі шөбі тәркіленді. «Қа­расора–2024» жедел профил­актикалық шарасы бары­сында күдіктінің үйінің бақшасынан жалпы саны 1 520 түп көк­нәр өсімдігі және 37 кан­набис анық­талған. Барлығы 100 келіден асатын есірт­кінің 54 келісі көк­­нәр болса, 53 келісі – марихуана. 

– Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Жамбыл АПБ уа­қыт­ша ұстау изоляторына қамаққа алынды. «Қара­сора–2024» іс-шарасы ая­сын­да есірткіні заңсыз өсіруге, транзиттеуге, алқаптарын

және есірткі зертхана­сын жоюға, ұйым­дасқан қылмыстық топтарды анықтауға және жо­лын кесуге бағытталған іс-шаралар одан әрі жалғасатын болады, – дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасының бастығы Әлім Ба­жық­баев.

 Байқап тұрсаңыздар, өңірде жабайы қарасораны тасымалдаудан бөлек, оны үй жағдайында өсіру де белең алуда. Ал бұл құқық қорғау органдарының жұ­мысын қиындатып, қос бүйірден қысып тұрғаны анық. 

Үш тәсілдің қайсысы тиімді?

 Негізі, қарасора бұған дейін үш бағыт бойынша жойылып келген болатын. 

Оның алғашқысы шабу болса, екін­шісі – жерді аудару, ал үшінші бағыт – арнайы дәрі арқылы улау. Қарасораны дәрілеу 2020 жылы облысты басқарған Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен көтерілген. Сол тұста «Ураган Форте 4» дәрісі сынама ретінде 5 гектар жерге себілген. Алайда «қарасораның жапыр­ағын сарғайтып, кейін тамырымен қу­ратып жібереді» деген дәрі құнының қым­баттығы айтылып, одан кейін оның қоршаған ортаға зияндығы талқыға түсіп, соңы «қарасора алқабын толықтай дәрі­лейміз» деген мәселе басылды. Жерді ау­дару жұмыстары да өз нәтижесін көр­сеткен жоқ. Себебі аударылған жерден қарасора екі есе қалыңдықпен шығып, бас шайқатты. Бұны Меркі ауданы әкі­мінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков те айтып, жыртылған жерден құрамында есірткісі бар шөптер кері­сінше қаулай түскенін нақты фактімен дәлелдеп көрсетті. Демек, қазір есірткі шөбін өртеу мемлекетке тиімді болып отыр. Одан басқа амал да болмауда. 

Ауыл ақсақалдары не дейді?

Алайда осы қарасораны кәдеге жарату мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан азаматтар бар. Шу ауда­нының құрметті ардагері Қазақбай Бай­жұманұлының айтуынша, қарасораны өртеп, жоюға тырысудан еш пайда жоқ екен. 

– Тарих бетіне көз салсақ, қарасораны Кеңес үкіметі кезінде кендір қурай ре­тінде өсірген. Соғыс жылдарының тұ­сында одан совхоздар арқан жіп жасаған. Кейін 1959 жылдары Қытай мемлекетінен Шу ауданына ұйғырлар жер аударылып, олар осы шөптің есірткілік қасиетін тапқан. Оған дейін бірде-бір жан оны білмеген. Негізі, қарасора – жойыл­майтын шөп. Жауапты органдар бұған дейін Шудың шөбін құрту үшін қандай амал қолданбады. Өртеді де, аударды да, улады да. Алайда қарасора келер жылы одан да көп болып қаптап шығуда. Рас, қарасораның шулықтар үшін тигізіп жатқан зияны орасан. Әсіресе, жаста­рымыз есірткіге еліріп, от басуда. Егер осы шөпті мемлекеттік деңгейде кәдеге жарату тетігі табылса, жастарымыз заң­сыз әрекеттен бойын аулақ ұстар еді, – дейді қария. 

Бұл ойға ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбаев та қосылады.

– Қарасора да табиғаттың төл ту­масы. Сондықтан оған сананы улайтын есірткі шөбі ғана емес, пай­даға жарату жағын да қарау керек. Бір жыл­дары биік мінберде отырған аза­маттар қа­расораны өңдейтін өндіріс орнын Шу ауданын ашу туралы бастама көтерген. Тіпті, өңірге арнайы маман­дар келіп, қарасорадан 32 түрлі өнім шығаруға болатындығын дәлел­деген. Сол тұста бәріміз қуанып, «қара­сораны меди­циналық бағытта пайда­ланып, жаңа жұ­мыс орындары ашылатын бол­ды» деп бөркімізді аспанға атқанбыз. Алайда сол жоба тек жоба күйі қалғаны өкінішті. Не­гізі, егер қара­сораны өң­дейтін зауыт ашсақ, Шудың шөбі 25 жыл­ға шикізат ретінде жететіндігін ға­лымдар дәлелдеп отыр. Енді тек батыл қа­дам мен жүйелі жос­пар керек. Сонда қара­сораны са­ту­шылармен күреспей, керісінше шу­лықтар үшін заңды табыс көзін ашамыз. Әрі бұл аудан, облыс ғана емес, ел эко­номикасына үлкен қаржы әкеледі. Одан ешкім ұтыл­масы анық, – дейді ардагер.

Түйін: Иә, қариялардың сөзі орынсыз дей алмассың. Жылда қарасораны жоятын тың тәсіл іздеп алашапқын болғанша, неге оны кәдеге жарататын тетігін таппасқа? Бәлкім, биыл жанданып жатқан Солтүстік өңірдің пилоттық жобасының бір бағытын осы жаққа бағыттармыз. Жаңа жоба шаруашылық саласын несиелендіруді көздейтінін ойласақ, қаржысын қарап берсек, Шудың шөбін өңдеуге ниетті кәсіпкерлер де табылар. Бұны айтып жатқанымыз, несиелендірудің алғашқы кезеңінде шулық бір кәсіпкер жүн, тері мен сүйекке дейін өңдейтін зауыт ашу жобасын ұсынды. Ол бұл жобаны Қытай мемлекетінің өндіріс орындарымен келісе отырып жасаған екен. Осылайша, қытайлықтар жүн, тері, тіпті сүйекке дейін өңдеп, одан тыңайтқыш жасауды үйретуге ықылас білдіріп жатқанда, қарасораны да кәдеге жарататын бір жоба табылар. Тек қолынан іс келетін азаматтарға мүмкіндік берсек болғаны. Сонда жылда тәркіленген қарасора статистикасын түзбей, ел экономикасына түскен табысты санайтын боламыз.

Жамбыл облысы,

Саятхан САТЫЛҒАН