Танымал әнші Қайрат Нұртастың ата-анасы "Әсембике" бағдарламасының жүргізушісі Айнұр Асанбердіге сұхбат беріп, ойларын айтты.
Әркімнің өзінің жолы, жөні бар: Қайрат Нұртастың ата-анасы ағынан жарылды
Instagram/gulziraaidarbekova
468
оқылды

Олар өздерінің отбасылық кәсіптеріне қатысты жұртшылықтың сынына жауап берді, – деп жазады Aikyn.kz.

"Қарап отырсақ, күнде тойға барып, ән айтып, қызмет көрсетеді екенсіздер. Шаршап, "осыны қоя салайықшы" деген ой келмей ме?", – деп сұрады жүргізуші. 

"Шаршадым" деп айтайын десем, Құдайдан қорқамын. Себебі анам баяғыда "Алла жақсылықтан шаршатсын, жамандықтан шаршама" деп айтып отырушы еді. Жұмыс болып, халық қалап шақырып жатса, "шаршадым" деп айту күпірлік еткенмен бірдей боп көрінеді. Біреулер жұмыс таппай, не істерін білмей жүр. Ал біз жұмыс істеп жүріп шаршасақ, оның өз рахаты бар", – деді Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Үсенқызы. 

Ал Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков тойдан шаршамаса да, кейде "баласымен жағаласып" деген сөзге ренжитін көрінеді. 

"Аптасына бір-екі тойға барып қоямыз. Қолдан келгенше билетіп, көңілдерін көтеріп қайтамыз. "Балаңмен жағаласып, анау-мынау" дейтіндер бар. Біз енді қазақпыз ғой, ал басқа ұлт, мысалы орыстар болса, 55-60 жасында ән айтып шықса да көтеріліп кете алады. Менталитеттері басқа. Ал біздің қазақ "біреумен жағаласып" деп айтса, ойланып, отырып қалады. Негізі ойланып қарасақ, мысалы, сіз журналиссіз, ұл-қызыңыз ертең сіздің жолыңызды қуып, журналист болса, сонда сіз олармен жағаласып жүрген боласыз ба? Біреу мұғалім дейік, оның баласы ұстаздық жолды қуса, бұл да жағаласқан болып есептеле ме? Әркімнің өзінің жолы, жөні бар. Дәрігердің баласы дәрігер, мұғалімнің баласы мұғалім болса, оның не айыбы бар? Осылай деп ойладым да, айтқандарды көңілге алмайтын болдым", – деді Нұртас Айдарбеков. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.