Еліміздің барлық елді мекенінде таза ауызсу қолжетімді болуға тиіс. Ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жыл­дың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тап­сырғаны белгілі. Сондықтан бұл – кезек күттірмейтін мәселе.
Ауызсумен қамтудың ауқымы кеңейді
655
оқылды

Мемлекет басшысының халықты таза ауызсумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауызсудың сапасы ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы, елімізде халықты таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу», одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді. 

Халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы Тараз қаласында да жіті бақылауда. Әсіресе, «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарына таза тіршілік нәрін жеткізу ісіне баса назар аударылып отыр. Осы мақсатта 2022 жылы аталған алқаптарда ауқымды жұмыстар басталған еді. Біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін табу үшін қазынадан 6,6 млрд теңге қаралып, су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің тұрақты бақылауында болған бұл мәселе бүгінде сәтті шешімін тауып, алқап тұрғындары ауызсуға қол жеткізе бастады. Қазір құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ауызсудың пайдалануға жарамды, тұрғындар денсаулығына қауіп төндірмейтіні туралы сараптама қорытындылары алынған. Жалпы, бұл аумақта 7 300-ге жуық үй бар. Онда 29 мыңнан астам адам тұрады. Яғни, осынша тұрғын мөлдір суға кедергісіз қосылуға мүмкіндік алып отыр.

Дегенмен бұл тұста бауын тапса да, байлауын таппай тұрған тағы бір мәселе бар. Ол – алқап тұрғындарының орталықтандырылған ауызсу жү-

йесіне қосылуының баяу жүруі. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» алқаптарының тұрғындары бұған дейін ауызсуға «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-ның теңгеріміндегі су құбырлары арқылы қол жеткізіп келген. Сонымен қатар есік алдынан қазылған ұңғымалар арқылы су алып отырған үйлер де баршылық. Су есептегіш құралынсыз жұмыс істеп келген жүйеге әбден үйренген халықтың жаңа желіге қосылуға құлқы жоқ көрінеді. Сол себепті де 7,2 мыңнан астам тұрғын үйдің қазірге дейін тек 2 мыңға жуығы ғана орталық ауызсу жүйесіне жалғанған. Ал алқаптарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрғындардың кемінде 70 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылуы қажет.

Алайда мамандар «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-ның теңгеріміндегі су магистралі әбден тозғанын, оны әрі қарай пайдалануға жарамайтынын айтады. Ал оны қайта жаңғырту экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Сол себепті биылғы жылыту маусымы басталған уақытта бұл желі толықтай істен шығарылмақ. Бұл жағдайда жаңа су желісіне қосылмаған тұрғын үйлер ауызсуға қол жеткізуі мүмкін болмай қалады екен.

Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, қазір жаңадан тартылған су құбырлары әр тұрғын үйдің алдына дейін жеткізілген. Ендігі кезекте азаматтар орталық желіден үйінің ауласына өз есебінен құбыр тартып алса болғаны. Аталған жұмыс халықтың қалтасына салмақ салмауы үшін мердігермен келісімге отырып, үйдің ауласына тартылатын құбырдың әр метрінің құны 4 мың теңге көлемінде бекітілген. Сонымен қатар есептеуіш құралды орнатудың да жеңілдетілген жолы ұсынылған. Ол үшін үй иесі «Жамбыл су» мекемесіне өтінім қалдырса болғаны. Бұл мақсатта алқаптарға мекеменің арнайы маманы бөлінген. Ол үй-үйді аралап, өтінім жинаумен айналысуда.

Осы жайтты халық арасында түсіндіру үшін әкімдік қызметкерлері тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, мәселенің мән-жайын ұғындыру жұмыстарын жүргізіп келеді екен. Дегенмен тұрғындар тарапынан әлі де сенімсіздік туындауына байланысты бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр.

Жалпы, биыл «Шалғай Қарасу-1,2,3,4,5,6,7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын ауызсумен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, Тараз қаласында орталықтандырылған ауызсумен қамтылған халықтың үлесі 100 пайызды құрамақ. Сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп отыр екен. 

Бұдан бөлек, шаһар аумағында жылу желілерін жаңғырту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру секілді сапалы әрі қауіпсіз өмір сүру үшін жағдай жасалуда. Мұндайда «Егер тұрғындар қыруар қаражат пен күш-қайрат жұмсалған мұндай жұмыстарға қолдау білдірмесе, онда бұл істі әрі қарай жалғастырудың мәні бар ма?» деген де сұрақ туындайды...

 

Еркін САЙЫН,

Жамбыл облысы