Конституцияға өзгерістер мен толық­ты­ру­­лар енгізу жөніндегі республикалық ре­фе­­­­рен­думнан кейін еліміз дамуының ең өзекті тұс­тары нақтыланып, өркендеуге жол ашар ба­ғыт­тар айқындалған еді.
Жастармен жұмыс жандана түскен
1,035
оқылды

 Мем­лекет басшысы солардың ішінде аза­мат­тардың еңбекқорлығы және жастардың оз­ық білімге ұмтылысына ер­екше назар аудару қажеттігіне айрықша тоқ­талғаны есімізде. Осы орайда Жетісу об­лы­с­ында жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың са­па­лы білім алуына үлкен көңіл бөлініп, нақты істер атқарылып келеді десек артық айт­қан­дық бола қоймас.

Биылғы бірінші тоқсандағы мәлімет бойынша, облыста 15-34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастардың үлесі 7,4% болып, 12 880 адамға жеткен. Республика бойынша бұл көрсеткіш 7% екенін ескерсек, аймақтағы жағдай алаңдатарлықтай. Осыған байланысты облыстағы NEET санатындағы жастардың санын азайту бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр. Жыл басынан бері бұл бағытта бірқатар шара жүзеге асырылды. Нәтижесі де жаман емес. NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту және санын азайту, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында бағыт-бағдар беру мақсатында 1 360 жастың қатысуымен 39 кездесу өткізіліп, аудан/қала, ауыл жастарына «Ауыл аманаты» мен жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру жобалары туралы 78 ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізілді. Аталған шараларға жастардың ынтасы жоғары болғанын да атап кеткен жөн. 

Биылғы алғашқы жартыжылдықта 4 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оларға 36 жұмыс беруші мекеме қатысып, жүздеген бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде, біраз адам кәсіптік қайта даярлау курстарына, қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Әңгімелесуден соң тұрақты жұмысқа қабылданғандар қатары да баршылық. Ақпараттық-консультациялық көмектің де жастарды еңбекпен қамтуға қатысты ықпалы артып келеді. 

Алдағы тамыз айының 3-12 тамыз күндері аралығында Халықаралық жастар күніне орайластырылып Жетісу облысының жастары үшін онкүндік мереке ұйымдастырылмақ. Онкүндік 14-35 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Jetisy Jastary-ның директоры Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, іс-шараға жұмыссыз жастар да қатыса алады. 

«Онкүндік шараның негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шараларға тарту, оларды әлеуметтендіру, шығармашыл жастарға қолдау көрсету, облыстың дамуына елеулі үлес қосып жүрген белсенді жастар мен еріктілерді ынталандыру, марапаттау, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, зияткерлік қабілеттерін арттыру, мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашу, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және жастарға қатысты өзекті проблемаларды анықтау, шешу жолдарын әзірлеу. Өзін-өзі басқару органдарын дамыту және өзекті проблемаларды анықтау», –  дейді Еркебұлан Ешмұхамбетұлы.

Онкүндіктің аясында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жалпы саны 21, ал аудан, қалалық деңгейде 100-ден астам іс-шара өткізіледі. Жастардың зияткерлік қабілеттерін арттыру мақсатында 3-5 тамыз аралығында республикалық пікірсайыс, интеллектуалды ойын, облыстық шахмат турнирі, халықаралық «Жетісу жауһарлары» еріктілер экспедициясы, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Антиграффити» акциясы және облыстық жастар арасындағы әскери-патриоттық ойыны ұйымдастырылады. 6-8 тамыз күндері жастар арасындағы шағын футболдан облыстық турнир, облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау, сондай-ақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау кеші, «Мейірімді Жетісу» фронт-офисінің 8 бағыт бойынша іс-шаралары болады. Ал 9-10 тамызға Жетісу облысы әкімінің кубогі үшін республикалық «Жайдарман» ойыны, ерекше қажеттілігі бір жастар арасындағы облыстық «Жүректен – жүрекке» шығармашылық байқауы, Dream city жастар фестивалі, 11-12 тамызға республикалық «Шаған тау» тау жарысы, «Көшбасшы – 2024» облыс әкімінің жастар сыйлығын табыстау рәсімі, сондай-ақ жұмыссыз жастар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. 

Жетісу облысы,

Болат Абаған