Қазақстанда қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды қыл­мыстық жауапкершілікке тарту мақ­сатында қайтару үшін бірқатар елдің құзырлы мекемелерімен қарым-қатынас орнатылып жатыр.
«Жыл басынан бері халықаралық іздеуде жүрген 29 адам экстрадицияланды» – Бас прокурор Берік Асылов
1,471
оқылды

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Егемен Қазақстанға жариялаған материалында айтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Прокуратура жұмысының маңыз­ды бағыттарының бірі – халық­аралық қатынастар.

Бас прокурордың берген мәліметінше, осы жылы Кипрмен соттал­ғандарды беру, Қатар мемлекетімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және беру жөніндегі халықаралық келі­сім­дерге қол қойылды. Парламентте Қазақ­стан Республикасы мен Вьетнам Социа­листік Республикасы арасындағы сот­тал­ған адамдарды беру туралы шартты рати­фикациялау туралы заң жобасы қаралып жатыр.

Қазақстанда қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды қыл­мыстық жауапкершілікке тарту мақ­сатында қайтару үшін бірқатар елдің құзырлы мекемелерімен қарым-қатынас орнатылуда. Жалпы, жыл басынан бері Ресей, БАӘ, Испания, Чехия, Польша, Түркия және басқа елден халықаралық іздеуде жүрген 29 адам экстрадицияланды.

Мысалы, Польшадан психотропты зат­тарды заңсыз айналымға салғаны және өткізгені үшін іздеуде жүрген трансұлт­тық қылмыстық топтың басшысы берілді. Испания 800 адамды 1 млрд теңгеге және Грузия 600 адамды 3 млрд теңгеге алдап кеткен қаржы пирамидаларын ұйым­дастырған алаяқтарды берді, – дейді Берік Асылов.

Оның сөзінше, жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл өңірлік хабы қызметінің аясында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы 771 тыңдаушы үшін 30 оқыту өткізді. Тыңдаушылардың арасында шетелден, халықаралық ұйымдардан келгендер де болды, оның ішінде АҚШ-тан, Тәжікстаннан, Литвадан, Украинадан және басқа елдерден.

Киберқылмыстарға, адам саудасы­на, қар­жы қылмыстарына, сыбайлас жем­­қорлыққа және осындай бас­қа да жа­hандық қауіптерге қарсы тұру мәселелері бойынша ұлттық жаттықты­рушылар дайын­дау жүргізіліп келеді.

Біздің жұмысымызда басымдық бері­ле­тін бағыттардың бірі – Бас проку­ратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің әлеуетін арттыру.

Аталған комитет жаңа цифрлы және инновация технологияларды енгізу, жа­­сан­ды интеллектті қолдану бойын­ша үлкен жұмыстар жасап жатыр. Про­­­­ку­­­рордың соттағы сөзін дайындау үшін жа­­санды интеллект технологиясын қол­­данатын инновациялық модуль әзірленді.

Қылмыстық және әкімшілік сот өн­дірістері, тексерулер тағайындау, азамат­тардың өтініштерін қарау цифрланды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі, Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі, «Талдау орталығы», «Құқық қорғау, арнайы және басқа да органдардың ақпарат алмасу жүйесі» және «Қадағалау» БАТЖ жасалып, жұмыс атқарылып жатыр.

Бас прокуратура әрі қарай да Мем­лекет басшысы Әділетті Қазақстан тұжы­рымдамасында атап өткен «Заң» және «Тәртіп» қағидасына сай заң үстемдігін нығайту үшін өз жұмысын жетілдіруді жоспарлап отыр, – дейді ҚР Бас прокуроры.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.