Астанада биыл студенттерге арналған 6 жатақхана салынады. Бұл туралы шаһар әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды.
Жастар игілігіне – жаңа жатақханалар
521
оқылды

«Астанаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қазір жоғары оқу орын­дарының балансында 16 мың орынға арналған 40-тан астам студенттік жатақхана бар. Ал жалпы қажеттілік – 6 400 төсек-орын. Жауапты минис­трлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханалардағы орындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге студенттерге арналған жатақханалардың құры­лысымен таныстық», – дейді қала әкімі.

Биыл МЖӘ аясында 6 жатақхана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар 4,5 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді.

«2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол сияқты өз тарапы­мыздан жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлдік. Былтыр 1 800-ден астам төсек-орын ашылды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. Фронт-кеңсенің негізгі міндеті – жатақханалар салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету», – дейді Жеңіс Қасымбек.