Орталық Азия елдері тұрақты даму мақсаты шеңберінде жаңартылатын энергия көздеріне көшуге айрықша мән беруде.
Жаңартылатын қуат көзінің жаңа алпауыты
1,586
оқылды

Бұл саладағы ең белсенді ел Қазақстан саналады. Егеменді еліміз жаңартылатын энергия көздерін көбірек пайдалану мақсатында әртүрлі жобалар мен бағдарламаларға жан бітіруде. Бұл бағытта Жамбыл облысы өзгелерден көш ілгері келеді.

Жалпы, Қазақстан 2009 жылы жаңартылатын энергияны ынталандыру туралы алғашқы заңын қабылдаса, дәл осы заңға 2017 жылы тендер механизмі және сатып алушымен 20 жылдық келісім туралы түзетулер енгізілді. 2013 жылы 2050 жылға қарай «жасыл» экономикаға көшу, сондай-ақ электр энергиясын өндіруде экономикадағы қазбалы отынның, әсіресе көмірдің үлесін азайтудың Ұлттық тұ­жырымдамасы қабылданды. Осы тұжырымдама аясында 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі жаңар­тылатын энергияның үлесін 3%-ға, 2030 жылға қарай 30%-ға және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін арттыру міндеті айқындалды.

Еліміз баламалы электр көздерін дамытуға айрықша көңіл бөліп жатқанда, бұл бастамадан Жамбыл облысы да тыс қалмады. Өңірде 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) саны 25 нысанға жетіп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады деп жоспарлануда.

Қазір аймақта қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су электр стансасы (24,4 МВт), 10 жел электр стансасы (275,6 МВт) және 6 күн электр стансасы (251,2 МВт) бар.

Былтыр 4 348,6 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілсе, биыл 4 560,8 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Облыста баламалы электр көздерін дамытуға мүмкіндік мол. Күн, жел және су электр стансасын салуға барлық жағдай қарастырылған. Жергілікті билік тарапынан осы бағыттағы инвестициялық жобаларға ерекше басымдық берілуде. Міне, сондай жобаның бірі – Орта Азия елдері арасындағы ең ірі саналатын Жаңатас жел электр стансасы. Аталған жел электр стансасы – Қазақстан мен қытайлық SPIC корпорациясының «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында іске асырған ауқымды жоба.

Бүгінде Жаңатас қаласында 40 жел қондырғысы қуатты күшінде жұмыс істеуде. Жалпы қуаты – 100 МВт. Яғни, әрқайсысы 2,5 МВт өндіреді.  

Жаңатастағы жел қондырғыларының бірінші бөлігі 2020 жылдың қыркүйек айында желіге қосылған. Ал 2021 жылдың маусым айында станса толығымен жұмысын бастап отыр. Бүгінде орташа тәуліктік өндіріс – сағатына 1 млн кВт. Өндірілген барлық энергия «KEGOC» АҚ желілеріне беріледі.

Жобаға 150 млн АҚШ доллары инвестицияланса, стансаға Қытайдың неміс технологиясы бойынша шығарған заманауи жел қондырғылары қойылған. Негізі, электр стансаның жалпы қуаты 500 МВт-қа жетеді. Нәтижесінде, жыл сайын сағатына 1,5 млрд кВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы болып отыр. 

– SPIC – бұл мемлекеттік корпорация. Негізгі қызметі – электр энергиясын өндіру. Бізде электр стансаларының барлық түрі бар. Яғни, жел электр стансалары, күн электр стансалары, су электр стансалары, сонымен қатар атом электр стансалары. Күн электр стансаларының қуаты бойынша әлемде бірінші, ал жел стансаларының қуаты бойынша екінші орындамыз. Сонымен қатар электр стансаларды зияткерлік жағынан дамыту бойынша әлемде алдыңғы қатардамыз. Қазақстанға жаңартылатын энергияны дамыту үшін 2018 жылы келдік. 2019 жылы біздің электр стансамыз Орталық Азиядағы ең ірі станса болды. Құрылыс кезінде біз жел электр стансасының құрылысы саласында көптеген маманды дайындадық. Бұл өз кезегінде Қазақстанда осы саланың дамуына оң әсерін тигізді, – дейді Жаңатас жел электр стансасының бас инженері Чжан Лян.

Бүгінде Жаңатас жел электр стансасында 31 маман жұмыс істесе, оның 6-ы – қытайлық, ал қалған 25 адам – жергілікті маман. Жел электр стансасы іске қосыларда маман тапшылығы болмас үшін кәсіпорын мамандарды жинап 6 ай бұрын өздеріне қажет қызметкерлерді дайындап шығарған. Қызметкерлерді қытайлық мамандар оқытқан. Осылайша, қытайлықтар алып жел электр стансасын салып ғана қоймай, оның басқаратын мамандарды оқытып, білгендерімен бөлісуде. Бұл екі ел арасындағы байланысты  берік ете түсетіні анық. 

Негізі, мұндай алып жобалар Қордай, Жуалы сынды аудандарда да өз жұмысын бастап кеткен. Ал келер жылы Жамбыл облысында ЖЭК бойынша үш ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданында Total Eren компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, Masdar (БАӘ) компаниясымен Сарысу және Талас аудандарында қуаты 500 МВт жел электр стансасы және China Power International Holding Limited компаниясымен қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Жамбыл облысы қазірдің өзінде ЖЭК қуатымен республикада көш бастаса, нысандар саны бойынша екінші орында тұр. Ал алдағы жылдары салынатын баламалы энергия көздері өңірдің беделі мен мүмкіндігін тағы арттыра түсетіні анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы