ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы петицияның шешімі туралы бейнеүндеу жариялады.
Баланы дәстүрлі емес жыныстық қатынасты культ жасаудан қорғау өзекті – Аида Балаева
Фото: Ақорда
708
оқылды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы петицияның шешімі туралы бейнеүндеу жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Құрметті достар, биыл 10 маусымда Мәдениет және ақпарат министрлігіне ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы өтініш келіп түсті. Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырып, қызу пікірталасқа жалғасты. Өйткені, қазіргі кезде мемлекет тарапынан адам құқықтарына көп көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ қазақстандықтар қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысуда.

Қазақстанда президенттік реформалар аясында демократиялық даму, адам құқықтарын қорғау үшін заң үстемдігін нығайту үшін қажетті жағдайлар жасалған. Соның бірі – петиция институты. Конституциялық нормаларға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Қазақстан кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асырады. Осы саясат негізінде қоғамдық конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау, толеранттылық сақтау кепілдік етілген. Көптеген қазақстандық петицияны талқылауға қатысып, пікір екіге жарылды. Жұмыс тобына 45 адам кірді: парламент депутаттары, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылар мен барлық мүдделі тараптар қатысты, белсенді араласты.

Жұмыс тобының екі отырысының және ауқымды сараптамалық талқылау нәтижесінде, ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халықаралық нормативтік актілерге талдау жасалды. Петицияда көтерілген мәселелерді реттеуге халықаралық тәжірибе зерттелді. Жетекші ұлттық ғылыми ұйымдармен кеңес өткізілді. Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың пікірі, ұсыныстары мен дәлелдері, үндеулері, зерттеу материалдары назарға алынды.

Дегенмен, петиция бойынша бұл жұмыс түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерделеу қажет. Бұл уақытты қажет етеді», – деді министр.

ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы петиция бойынша нақты шешім 6 тамызда шығады. Жобаны министрлік ішінара қолдады.

«Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан петицияны ішінара қолдау. Балаларға жыныстық қол сұғуға қарсы қылмыстардың өсуі аясында жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды, оның ішінде, дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау талабы өзекті. Балалардың қауіпсіздік ақпараттық ортада дамуы аса маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз – оларға дұрыс рухани адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ ұлттық мәдени-мұраны ұстанып, генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте өзекті», – деп қорытындылады сөзін Аида Балаева.