Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярды қабылдады.
Маңызды жобалар жалғасын табады
1,231
оқылды

Президентке индустриялық жобаларды жүзеге асыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Роман Склярдың айтуынша, бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі 105,1 пайызға, машина жасау саласы 9,4 пайызға, ал тау-кен және металлургия кешені 8,3 пайызға өскен.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына мұ­най және газ құбырларын салумен, газ өңдеу за­уыт­тары мен мұнай химиясы өндірісін іске қосумен байланысты жобалардың орындалу барысы таныстырылды. Жыл басынан бері 44,7 миллион тонна мұнай мен газ конденсаты, сондай-ақ 30 миллиард текше метр газ өндірілген. Осы жылдың соңына дейін 128 елді мекенге газ құбыры жүргізіліп, көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі 61,8 пайызға жетеді.

Бұдан бөлек, көлік және энергетика салаларын­дағы жаңа инфрақұрылымдық жобалар жөнінде баяндалды.

Роман Скляр Президентке жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде мәлімет берді. Қазіргі кезде 309 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған шамамен 154 миллиард теңге жұмсалады. Сонымен қатар биыл жалпы сомасы 327 миллиард теңгеге 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің қызметі, атап айтқанда шетелдік серіктестермен бірге іске асырылып жатқан ірі инвес­тициялық жобалар жөнінде айтылды. Олардың бір­қатарына қатысты уағдаластыққа Мемлекет бас­шысының шетелдерге сапары кезінде қол жеткізілген.

Кеңес қызметін қайта құрылымдаған сәттен бастап жалпы сомасы 40 миллиард долларға жуық 77 инвестициялық жобаның түйткілді мәселелері шешімін тапты. Бұл ретте машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, тау-кен, металлургия ке­шені, энергетика, жер қойнауын пайдалану сала­ларындағы қосылған құны жоғары жобаларға ай­рықша мән беріліп отыр.

Президент қабылданып жатқан шаралардың ма­ңызды екеніне назар аударып, аталған бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды.