Қазақстанға Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның елімізге бұл сапарының тарихи маңызы зор деп бағалады.
Қазақстан-Конго ықпалдастығының әлеуеті жоғары
1,199
оқылды

– Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Конго Пре­зидентінің қазақ жеріне ал­ғаш­қы сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас­тың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Екі ел бір-бірінен қашықта орна­ласқан. Соған қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделіміз. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, сауда-эко­номика, ауыл шаруашылығы, кө­лік-логистика, тау-кен, өн­ді­ріс пен инвестиция, жаңа тех­нологиялар мен ғарышты иге­ру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жан­дандыру қажет. 

Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және эко­номика­лық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз, – деді Президент.

Өз кезегінде Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конгоға дипломатиялық өкіл тағайындау ту­ралы шешімі өзара ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтты.

– Шын мәнінде, сіздің бұл шешіміңіз Қазақстан мен Конго арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысыңызды анық көрсетеді. Біз жүзеге асыруға келіс­кен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз. Кейінгі жылдары Қазақстан даму жолында зор табысқа жеткенін атап өткім келеді. Біз Сіздің еліңізбен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз, – деді Конго Президенті.  

Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Конго серіктес­тігінің даму перспективаларын талқылады. Атап айт­қан­да, тараптар сауда-экономика, энергетика, көлік-ло­гистика, қаржы, цифрландыру, тау-кен өндірісі және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Конго Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессомен маңыз­ды келісімдерге қол жеткізгенін мәлімдеді. Қазақ­стан Президентінің айтуынша, мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға ықпал етеді.

– Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экс­порттауға қатысты әлеуеті мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін ке­ліссөз барысында атап өттім, – деді Қазақстан Пре­­зиденті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көлік-логистика са­ла­сындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқы­ланғанын жеткізді.

– Конго Республикасы – Орталық Африка айма­ғының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты – осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Астана мен Браззавиль ара­сында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынғанын мәлімдеді. Сонымен қатар екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанына және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ортақ екеніне назар аударды.

– Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Сонымен қатар біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты пікір алмастық. Қазір ең өзекті мәселенің бірі – климаттың өзгеруі. Біз осы қатермен бірге күресіп, тығыз жұмыс істеуге келістік. Мен Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық онжылдығын жариялау туралы бастамасын қолдаймын, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоның елі­мізге сапары тарихи маңызға ие екенін айтты.

 – Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қаты­нас­тарына тың серпін береді деп санаймын. Соны­мен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Біз бір-бірімізді қолдап, табысқа бірге жететінімізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Конго Президенті Қазақстанмен энер­гетика саласы бойынша байланыс орнатудың перс­пектив­асына баса назар аударды.

– Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделген. Қазақстанның осы салада тәжірибесі мол. Бұдан бөлек, пайдалы қазбалардың өзге де түрлерін игеруде ықпалдастық орната аламыз. Бұл орайда Конгоның энергетика секторы қазақстандық операторларға зор мүмкіндік ұсынады, – деді Дени Сассу-Нгессо.

Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Конго Республикасының Пошта, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, электронды үкімет қызметтері, ғарыш және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Конго Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі арасындағы тау-кен өнеркәсібі және геология саласындағы меморандум; Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Конго Республикасының Энергетика және гидроэнергетика министрлігі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум бар.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға құрмет көрсетіп, елорда әуежайынан шығарып салды. Конго Республикасы Президентінің елімізге ресми сапары Алматы қаласында жалғасады.