Өңірлерді дамыту қа­шан­да күн тәртібінен түс­пек емес. Оның ішінде көші-­қон, инженерлік ин­фра­құрылым, әлеуметтік көмек және тағы да басқа мәселелер бар.
Өңірлерді өркендету өзекті
1,594
оқылды

Өңірлер­дің мықты болғаны, елі­міз­дің де мықты болма­ғы де­сек, мұнда ауылдардың әл-ау­қаты бірінші кезекте қарастыр­ыл­са керек.

Солтүстікке көш жүре түзеледі

Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңір­лерінен тапшы аймақтарға 8 903 адам өз еркімен қоныс аударған екен, оның 2 337-і –   қандастар. Барлық қоныс аудару­шы­­­­ларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Ұлттық жоба аясында оның мынадай түр­лері қарастырылған: отаға­сына және отбасының әрбір мүше­сіне 70 АЕК мөлше­рінде біржолғы көмек түрін­дегі көшуге арналған субсидия, отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөл­шер­­де 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға жә­не коммуналдық қызметтерге ақы төл­еу­ге ай сайынғы субсидиялау, қысқа­мер­зімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдем­десу, «Экономикалық ұтқырлық» сертификаттарын беру.

«Бұдан басқа, өңіраралық қоныс ау­даруға жәрдем көрсететін жұмыс беру­шілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орна­ласуға біржолғы субсидия беріледі. Былтыр барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұр­ақты жұмысқа орналас­тыр­ылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гр­ант­тар алды», – делінген Еңбек және ха­л­ықты әлеу­меттік қорғау министрлігі та­ра­тқан хабарламада.

Өңірлерді дамытуға бағытталған ішкі көші-қон бағдарламасын пайдаланған­дардың бірі – Масатбаевтар отбасы. 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан об­лысының Тайынша қаласына көшіп келген оларға алғашында 612 570 теңге со­ма­сында материалдық көмек көрсетіл­ген екен. Сондай-ақ қаланың басынан мемлекеттен жалға тұрғын үй берілген.

«Былтыр 1 млн 380 мың теңге сомасына мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін аштым. Тайынша аудан­ы­ның Жұмыспен қамту орталығына барғанымда қоныс аударушы ретінде қайтарымсыз грант ала алатындар санатына кіретінім туралы білдім. Сол жерде барлық сұрақтар бойынша кеңес берілді. Осындай мүмкін­дікті құр жібермей, өзім­нің бизнес-жоспар­ымды қорғап, мем­лекеттен грант алдым», –  дейді Құралай Масатбаева.

Биыл Қазақстан қандастарды қабыл­дау үшін 2 433 квота, солтүстік облыстарға қон­ыс аударатындар үшін 7 050 квота бөлді. Бұл былтырғы жылмен салыстыр­ғанда 554 кво­таға көп. Соның ішінде СҚО – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қос­танай облысы – 950, ШҚО – 372, Абай обл­ысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қара­ғанды облысы –  36 адам.

«Ауыл – ел бесігі»: 5 мыңнан аса жоба іске асты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі жалғастыруды тапсыр­ған болатын. Сол тапсырмаларды орындау мақ­сатында соңғы бес жылда «Ауыл – ел бесігі» жо­басын жүзеге асыру аясында тек рес­пуб­ликалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 5400-ден астам жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың мақсаты – ин­фра­құрылымды жаңғырту, ауыл тұрғын­дарының өмір сүру сапасын жақсарту. Таяуда «AMANAT» пар­тия­сында Өңірлік даму жөніндегі республи­ка­лық кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібі «Ауыл –  ел бесігі» жобасын іске асы­ру мә­се­ле­леріне арналды. Бұл жобаны іске асыру міндеті – «AMANAT» партия­сының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарлама­сындағы негізгі басымдықтардың бірі.

«Статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша республикада 6 256 ауыл бар. Әдістемеге сәйкес, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл (1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың спутниктік ауыл) іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады. Биыл ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамытуға республикалық бюджеттен 404,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 425 млрд тең­ге, басқа да көздерден 20 млрд теңге қарас­тырылған. Сонымен қатар бүгінгі күні мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі негізінде ауылдың цифрлық картасын әзірлеу бойынша, оның ішінде өң­ірлік стандарттар жүйесін және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын интеграциялау жұмыс­тары жүргізілуде», – деді жиын бар­ы­сында ауылдардың бүгінгі ахуалы ту­ралы баянда­ған Ұлттық экономика ви­це-министрі Бауыржан Омарбеков.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетім­ділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сү­ру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Мәселен, биыл Қызылорда облысының 39 ауылдық елді мекенінде 69 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд теңге қаралып отыр. Олар­дың арасында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, электрмен қамту, газдандыру, ауыз сумен қамту, көлік инфра­құрылымы, абаттандыру жобалары бар. Бүгінде 5,6 млрд теңге игерілді, жоспар бойынша 36 жоба биыл аяқталмақ.

Цифрлық картадан ваучерлік қаржыландыруға дейін

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов таяуда мемлекеттік қолдау ша­ра­ларының тиімділігін арттыру арқылы елім­ізде өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде кеңес өткізді. Онда «Отбасының цифрлық картасын» одан әрі жетілдіру мәселелері қаралып, «Әлеуметтік әмиян», «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржылан­дыру» жобалары талқыланды. Үкімет басшысы тұрғындардың әл-ауқа­тын жақсарту критерийі бойынша әкім­дер­дің нақты жұмысына KPI енгізуді тап­сырды. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде шұғыл және дағдарыс дең­гейінен қанағаттан­арлық және бақуатты дең­гейге дейінгі бес санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады. Отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. Әкімдерге бұл құралды орта және ұзақмерзімді шараларды жоспарлап, іске асыру үшін қажетті негізгі нұсқаулық рет­інде пайдалануға кеңес етілді. Мұқтаж отбасылардың өмірде қиын жағдайға тап болу қаупінің алдын алу мақсатында, сондай-ақ кедейлікті, жұмыссыздықты, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуын азайту үшін оларды белсенді түрде анықтау қажет. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орта­лық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді әрі «дағ­дарыс» және «шұғыл» санаттардағы от­басыларды қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – еліміздегі өмір сапасын жақсарту. Тетік бар, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажет­ті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің адам­дар­дың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көше­міз. Инди­каторлардың орындалу мониторингі тұрақ­ты болады. Біз онлайн режи­мінде ди­намика­ны көріп, қорытынды жа­сай­мыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бір айта кететіні, республикалық бюд­жеттің басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерді толық іске асыруға, өңірлерді дамыту­ға бағытталған. Осыған байланысты кеңесте азаматтарға мемлекеттік қол­дау шара­лары­ның уақытылы көрсе­тілу­ін әрі ашықтығын қамтамасыз ететін «Әлеу­меттік әмиян» жо­ба­сы қаралды. Сол ар­қылы бүгінде тұр­ғын­дарға пилоттық ре­жимде мектептерде тегін және жеңілдік­пен тамақтану, дәрі-дәрмек ұсынылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дерін сатып алуға, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға атаулы көмек көр­сету жөнін­дегі пилоттық жобаны, сондай-ақ ЖЖМ мен тауарлы газға бағаның өсуін өтеу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған ваучерлерді іске қосу қосымша пысықталуда.

«Мемлекеттік органдарға әлеуметтік әмиянға және цифрлық картаға түсетін деректердің өз саласы мен бағыты бойынша дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырамын. «Әлеуметтік әмиян» жобасын кеңейту, заңнамаға тиісті өзгер­іс­тер енгізу мәселелерін пысықтау қажет. Бұдан басқа, қаражатты мақсатты есептеуді, оның ішінде электронды ақша мен цифрлы теңге платформаларын пайдалана отырып пыс­ық­тауға баса назар аудар­ған жөн», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ жиында білім беру қызмет­терін көрсету сапасын арттыруға бағыт­талған «Мектепке дейінгі ұйымдарды вау­черлік қаржыландыру» жобасы таныстырылды. «Ақша баланың соңынан жүр­еді» тұжырымдамасы мемлекеттік тапсырыс қаражаты ата-аналардың таң­дауынан кейін ғана мектепке дейінгі ұй­ым­дарға аударылатынын білдіреді. Бұл балабақ­шалар арасында бала үшін бәсе­ке­лестікті арттыру­ға және сыбайлас жемқ­орлық тә­у­екелдерін азайтуға мүмкін­дік береді. Оқу-ағарту министрлігіне Тараз және Шымкент қала­ларын­да ваучерлік қаржы­лан­дыру бойынша пилоттық жобаны аяқ­тау және оны 2025 жылғы 1 қаңтар­дан бастап бүкіл ел бойынша таратуды қамта­ма­сыз ету тапсырылды.

Осы ретте, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларымен келесі са­нат­тағы тұлғалар қамтылғанын атай кету керек: білім беру саласында жан басына шаққан­дағы қаржыландыру – 4,2 млн-нан астам ба­ланы құрайды, жоғары білім алуға гр­антқа 692 мыңнан астам адам ие, мәде­ниет және спорт саласындағы жан басына шақ­қандағы қаржыландыру – 250 мыңнан астам адам, денсаулық сақтау жүйесіндегі жан басына шаққандағы қаржыландыру –  20 млн-нан астам адам, тегін дәрі-дәр­мек­терді 2,1 млн-нан астам адам алады, мүге­дектігі бар 732 мың адамға әлеуметтік төлем­дер төленеді, балалары бар отбасы­ларға әлеуметтік төлемдер санатына 1 млн-­нан астам отбасы жатады, ал атаулы әлеу­меттік көмекпен 255,2 мың адам қамтылған.

Нұрлан ҚОСАЙ