Стартап адам өмірін жақсартатын жаңа технологиялар мен шешімдерді ойлап табу арқылы коғамға жаңалық енгізеді.
Сәтті стартап – табысты бизнес
628
оқылды

Құдды бизнестегі эволюцияның қозғаушы күші іспетті. Сондай-ақ мұндай компаниялар жаңа жұмыс орындарын құру арқылы экономиканың өсуіне ықпал етеді. Көптеген стартап бүкіл қоғамға пайда әкелетін маңызды әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешумен айналысады. Инвестиция тарту арқылы қаржы секторын дамытса, тұтынушылардың қажеттіліктеріне тез бейімделу арқылы бизнесте бәсекелестік орта қалыптастырады. Осындай артықшылықтарын ескере отырып, назарларыңызға қызықты бизнес идеялардың тиімді тұстары мен тәуекелдерін ұсынуды жөн санадық.

Қазір ең жылдам өсіп келе жатқан на­рықтың бірі – табиғи, экологиялық тұр­ғыда таза өнімдер мен қызметтер. Өт­кен ғасырдың 50-жылдарынан бастап осындай тенденция қарқын алған еді. Қазір бұл жай ғана заманауи үрдіс емес, табысты бизнеске айналып отыр. Мы­салы, Grand View Research есебіне сәй­кес, 2020 жылы экологиялық техноло­гиялар мен қызметтер нарығы 10,32 трил­лион АҚШ долларын құрады және 2021 жылдан 2028 жылға дейін орташа жылдық өсу қарқынымен (CAGR) шамамен 5% өседі деп күтілуде. Бұл деректер тұрақты даму мен эко­логиялық таза технологияларға баса назар аудара отырып, бүкіл әлем бойынша салаға айтарлықтай назар мен инвестиция құйылатынын көрсетеді. Нарықта әртүрлі санаттарды қамтитын көптеген экоөнім бар. Атап айтқанда, органикалық азық-түлік тауарларынан бастап, экологиялық таза жуғыш заттар, энергия үнемдейтін шамдар, қайта өң­делген өнімдер, табиғи косметика сала­лары да қарқынды дамуда. Еліміз де бұл тенденциядан тыс қалған жоқ. Мысалы, алматылық жас кәсіпкер Айбек Рақым Еcosen қалдықтарды жинау және қайта өңдеу компаниясының негізін қалады. Ол оқушы күнінен бастап қалдықтарды сұ­рыптау тақырыбына қызығушылық та­нытқан. 2014 жылы жас кәсіпкер Tazalyk мобильді қосымшасын әзірлеп, өз идея­сын жүзеге асыруға ұмтылды. Қосымша арқылы қайта өңдеуге арналған шикізат қабылдау пункттері жайлы ақпарат алуға болады. Қазір сауда орталықтарында компанияның бос бөтелкелерді жинайтын фандоматтары қойылған.

Сарапшылар Eco немесе Bio белгісі бар азық-түлік өнімдеріне алыс-жақын шет мемлекеттерде сұраныс басым екенін айтуда. Мысалы, қаржыгер Расул Рыс­мамбетовтің пікірінше, қазір аза­мат­тардың тамақтану әдеттері өзгерген. Сон­­дықтан табиғи таза өнімді тұ­ты­нушылар саны артып келеді. 

«Сатып алуға дайын адам қанша көп болған сайын, бизнес те тез бейімделеді. Біз үшін ең маңызды нарық – бұл Қы­тай. Үлкен бай ел және орташа жа­лақы көлемі де бізден жоғары. Ал Қытайдың шығыс бөлігі даму деңгейі бойынша, егер артық болмаса, АҚШ немесе Еуро­падан кем емес. Олардың нарықтық минимумы өте жоғары. Қазақ­стан қазір бұл елге био және эко азық-түлік өнім­дерін, сапалы астық, ГМА мен химиялық қоспасыз дайын­далған күнбағыс майын экс­порттайды. Одан бөлек, отандық ет өнімдерінің де әлеуеті өте жоғары», – дейді сарапшы. 

Нарықта салмағы басым стартаптар арасында ғылыми технологиялар да бар. Соның бірі – отандық ғалымдар ұсынып отырған энергия үнемдейтін иннова­циялық шам үлгілері. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана­сының ғалымы Сағи Оразбаевтың ай­туын­ша, нанотехнология негізінде жасал­ған бұл шамдар өте тиімді. Нарықтағы өзге де нұсқаларымен салыстырғанда ар­зан әрі жарық интенситілігі жоғары болғандықтан энергияны бірнеше есе үнемдейді. Ғалымдар зертханада газдық разряд плазмасының түрлі физикалық қасиеттерін зерттеу кезінде құрамына микро, нанобөлшектер енгізе отырып, олардың жарық беруі бірнеше есе ар­татынын байқайды. 

«Тереңірек зерттей келе, нанотех­но­логияға сүйене отырып газдық разрядты шамдардың жаңа нұсқасын жасау туралы ой пайда болды. Қоғамда «Жарықдиодты шамдар тиімді, неге біз кейінге оралуымыз керек?» деген сұрақтар туындап жатады. Түсіндіріп өтсем, жарықдиодты шам­дар­дың тиімді жұмыс істеуі үшін қымбат тех­нологиялар қажет. Қазір дүкен сөре­лерінде тұрған мұндай шамдардың көбісі арзан материалдардан дайындалған. Ал шын сапалысы қымбат тұрады. Біздің шамдар одан әлдеқайда арзан», – дейді ғалым. 

Шағын өндіріс цехы негізінде жа­сал­ған мұндай жобалар ғылымға негіз­делген экономика концепциясының жү­зеге асырылуының бастауы болмақ.

Тағы бір тартымды нарықтың бірі бұл – мобильді қосымшалар. Бұрын тұ­тынушы нарыққа өзі барса, қазір нарық тұтынушының алдына келді. Яғни, мо­бильді қосымшалар кәсіпкерлерге осын­дай жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр. Инновациялық технологиялар сәт санап өзгеріп жатқан уақытта Sensor Tower қолданбалар нарығын дамыту туралы Mobile Market Forecast есебін жариялады. Онда мобильді экономиканың 2025 жылға дейін қолданбалар мен ойындардың кірісі арта түсетіні жазылған. Мысалы, сол на­рықтағы қазіргі алпауыт екі компания App Store және Google Play табысы 270 мил­лиард долларға дейін өспек. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 111 миллиард болған еді. 

Бүгінде Қазақстан да ақпараттық тех­нологиялардың даму қарқынынан қалыс қалмай, аймақта ғана емес дүние­­жүзі бойынша қаржылық техно­­логиялар сала­сында оқ бойы озық келеді. Одан бөлек, елімізде бағдарламалау мен зама­науи қолданбалар жасап алыс-жақын шет мем­лекеттердің нарығына шығып жатқан жас кәсіпкерлер де аз емес. Мысалы, осы­дан алты жыл бұрын іске қосылған 1Fit қол­данбасын инвесторлар бүгінде 41 млн АҚШ долларынан астам деп бағалап отыр. Тұтынушыларына әртүрлі фитнес жаттығуларына қатысуға мүм­кіндік бе­ретін бірыңғай абонемент қызметі салада төңкеріс жасады. Қазір осы кон­цепция негізінде түрлі отандық жоба топ жарып жүр. Соның бірі – балаларға ар­налған үйірмелердің барлық түрін бір қосымшада тоғыстырған Yaya App қо­сымшасы. Ком­пания биыл жыл басынан бері жоба ай­налымы 1 млн АҚШ долларына жеткенін мәлімдеген болатын. Қосымша 2024 жыл­дың сәуірінде іске қосылған болатын. Бұған дейін жобаға құйылған қаржы сомасы – 200 мың АҚШ доллары көлемінде болды. Жақында стартап 500 Global in Eurasia акселерация бағдар­ламасынан өту арқылы аталмыш вен­чурлық қордан 100 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. 

Қаржылық кеңесші Нұржан Күл­шебаевтың пікірінше, венчурлық әлемнің басты ережесі инвестициялаудың бас­тапқы кезеңінде қаражаттың 51 пайызын жобаның негізін қалаушы құюы қажет. Бұл жобаның сәтті аяққа тұруына оның да қаржылық қызығушылығы бар екенін дәлелдейді. Стартаперлер қаржыгер емес, бастапқыда белгілі бір дүниелерді білмеу кешірімді жағдай. Дегенмен маманның айтуынша, енді ғана іске қосылған жо­балар арасында техникалық қателер кетіп жатады. Мысалы, көп жағдайда стартап иелері салық, клиенттерді тарту шығы­нын, банк комиссияларын ескеру сияқты негізгі нәрселерді ұмыт қалдырады. Бірақ ең көп таралған жаңсақтықтың бірі – кірісті түсіммен шатастыру.

«Қазақстанда соңғы 2-3 жылда тә­жірибелі инвесторлар ішкі нарықта қа­луды көздеген жобаларға инвестиция салмайды. Тек Қазақстан секілді аз ғана нарықта жұмыс істей отырып, «дара­мүйіздіге» айналу мүмкін емес», – дейді Н.Күлшебаев. 

Мүмкін қазақстандық стартаптардың бизнес-модельдерінің жетістігінің сыры да осында болар. Өйткені ақпараттық технологияға негізделген CerebraAI, 1Fit, CodiPlay, EasyTap, Relog, Parqour, YAYA, Smartestprep, UvU, ApartX, CTOgram секілді жобалар – қазір шет нарықтарда өз тұтынушыларын тауып үлгерген сәтті жобалардың бірі. 

Қазақстанның финтех және инно­вациялық технологиялар қауымдас­тығының мәліметтері бойынша, 2024 жыл­­­дың алғашқы алты айында елде 357 жаңа стартап тіркелген, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Қауымдастық өкілдері мұның алғышарты инновациялық кә­сіпкерлікті дамытуға «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасының елеулі үлесі деп есептейді. Биыл бұл бағ­дар­­ламаның қаржыландыру көлемі 120 млрд теңге (шамамен 280 млн АҚШ доллары) болған. Бұл сегіз жаңа аксе­лератор мен үш венчурлік қор құруға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі күнде Ал­маты қаласы – стартаптардың ең ірі ор­талығы. Мұнда еліміздің барлық тех­но­логиялық жоба­ларының 60%-дан астамы шоғыр­ланған. Қазақстандық стартап­тартың тар­тым­дылығы артып келе жат­қанын статистика да растайды. Мысалы, Kpitb (Kazakhstan Project Innovation Technology Bureau) мәліметтері бойынша, 2023 жылы жер­гілікті стартаптарға ин­вестиция көлемі 78 млн долларды құраса, биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 35 млн долларға жеткен.

Кәмила ЕРКІН