Атырау облысында тасқын­нан кейінгі қалпына келтіру жұ­мы­с­тары басталды.
Тасқыннан кейін
1,079
оқылды

Қазіргі уа­қытта тас­қын өтінде болған Жы­лыой, Индер, Махамбет аудан­дары жә­не Атырау қала­сын­да бұзылған жол­дарды қал­пына келтіру, көпір салу, бас­панасы суға кеткендерге жаңа үй тұрғызу, өтемақы тө­л­еу бойынша жұмыстар жүр­іп жатыр.

Қызылқоғалықтар 100 пайыз өтемақы алды

Су тасқынынан зардап шеккен қыз­ыл­қоғалықтарға өтемақы 100 пайыз тө­лен­ді. Белгілі болғанындай, келтірілген нұқсанды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға 70 өтініш түскен. Оның қо­ры­тындысы бойынша, зардап шеккен 58 шаруа қожалығы мен 12 жеке тұлғаның қырылған 191 малына жергілікті және облыстық бюджеттен, сондай-ақ демеу­ші­лердің есебінен барлығы 61 млн 772 мың 062 теңге өтемақы төленді. 

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, арнайы құр­ыл­ған комиссияға 31 тұрғын үй иесінен өтініш түскен.

– Оның ішінде 7 тұрғын үй құжаты­ның жоқ болуына байланысты кері қайтарылып, 24 өтініш қанағаттандыр­ылды. Тұрғындар­дың шығынын техника­лық бағалаушылар есептеді. Нәтижесін­де, 6 тұрғын үйге жөн­деу жұмысы жүретін болды, ал 18 тұр­ғын үй апаттық деп танылды, – деді Қ.Әзмұханов.

Аудан әкімі бағалау жүргізуші маман­дардың қорытынды хаттамаларын таныстырды. Өтініштеріне сәйкес 4 тұр­ғын үй сұраса, 20 азаматқа бағалау нәти­же­сіне сай баспананың қаржысы өтелді. Соған орай қазіргі уақытта Қоныстану ауылынан – 3, Мия­­лы ауылынан 1 үйдің құрылысы жүруде. 

Шаруа Сүйеуғали Дүйсәлиевтің айтуынша, төленген өтемақы құнына шар­уа­­сын ұлғайтып, мал санын көбейт­пек­ші. 

– Ертерек қамданып, малды биік жер­ге шығардық, десек те санаулы мал шы­ғыны бар. Атап айтсақ, 16 қой, 3 си­ыр, 3 жылқы суға кетті. Комиссия келіп, суретке түсіріп, тексерді. Шығынымызды есептеп, өтемақы тағайындады. Мөлшері көңілімнен шықты. Үйіміз де пайдаға жарамсыз болып қалды, оған да төлем алдық, – деді С.Дүйсәлиев.

Бұдан бөлек, биыл Қызылқоға ауданында 11 спорт алаңы пайдалануға бер­іледі. Жыл соңына дейін қолданысқа берілетін спорт алаңдарының құрылысы Қарабау, Көздіғара, Ойыл, Жамбыл, Тасшағыл, Тайсойған ауылдарында жүр­іп жатыр. Ал Миялы ауылынан – 3, Са­ғыз ауылынан 2 жаңа спорт алаңын салатын мердігер мекеме осы айда анықта­лып, құрылысы басталады деген жоспар бар. 

Индердегі ахуал қандай?

Жайықтың «үлкен суын» алғаш болып қабылдаған Индер ауданында тас­қын су салдарынан көптеген шаруа қо­жа­лығы, егін алқаптары жапа шекті. Ресми мәлімет бойынша, Индер ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 17 гектар екпе шөп, 2 гектар жеміс аға­шы, 6 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражай­лары зақымданды. 

«Қауіпсіздік шараларын алдын ала қол­данудың нәтижесінде мал шығыны болмады. Қазіргі уақытта аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің мамандары атал­ған ша­руаларға келтірілген залалды айқын­дау жұмыстарын атқаруда. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің бекіткен қағидалары бо­йын­­ша арнайы комиссия құрылып, акт жа­салып, есебі жүргізіледі. Шаруа қожалық өкілдерінен өтінімдер қа­был­данып жатыр», – дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали Құсайын­ов.

Дегенмен тасқын уақытында су жарған жолдар тұрғындарға кәдімгідей қолайсыз­дық туғызған болатын. Қазіргі уақытта Индер ауданында бүлінген жолдарды қал­пы­на келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ұзындығы 27,4 шақырым жол салу жұмыстары жүруде. Индер ауданының ресми өкілі Әли Жайшылықтың айтуынша, қазір Индер кентінің Шығыс ықшамау­данына 5 шақырым, Болашақ мөлтекаудан­ына 12 шақырым, Индербор кентішілік 10,4 шақырым автомобиль және жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары басталды. 

«Индербор кентін толықтай асфальттау жоспарланған. Қазір жол түсетін көшелерде жердің беткі қабаты алынып тегістелуде. Ары қарай кезеңімен инертті материалдар төселіп, асфальт салынады», – дейді спикер.

Сонымен бірге тасқын кезінде су басып кеткен «Атырау–Индер» тасжолының 50 ша­қырымына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық маңызы бар «Атырау–Индер» тасжолының (Жайық өзенінің сол жағы) 117-167 шақырым арасындағы жөн­деу жұмыстарына мердігер мекеме «Теміржол Құрылыс Атырау» ЖШС тартылуда.

«Қазіргі уақытта жолдың беткі қабаты алы­нып, айналма жол салу жұмыстары жүруде. Мұнда 14 арнайы техника мен 25 адам жұмылдырылды», – деді Индер ауда­нының ресми өкілі Әли Жайшылық. 

Оның айтуынша, осы жылдың аяғына дейін көлік қозғалысына мүмкіндік жасау жоспарланған.

Құлсарының «екінші тынысы»

Тасқыннан зардап шеккен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында ахуал тұрақтанып келеді. Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиев­тен білгеніміздей, тәуелсіз бағалау комиссиясы су тасқынынан зардап шеккен 2 650 отбасына өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. 

«30 шілде күнгі мәлімет бойынша, 2 633 тұрғын өтемақы алуға келісімге қол қойды. Оның ішінде, 1 453 үй апатты деп танылды. 1 180 адам жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізу үшін өтемақы алды», – деді Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиев. 

Қазір Құлсарының Болашақ мөлтек ауданында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін 100 үй салынып жатыр. Қарқын­ды жүріп жатқан тұрғын үй құрылысы қыркүйек айында аяқталады. Атырау об­лыс­тық Құрылыс басқар­масының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, бір тұрғын үйдің іргетасы монолитті құйылмалы темір бетоннан, сыртқы қабырғасы 40 см, ішкі қабырғасы 20 см болатын ақ тастан салынады. Ал сыртқы қасбетіне декоративті полифасад орнатылса, төбе жабындысы металл төсеніштерімен жабылады. Жұмыс жүріп жатырған учаскеде құрылыс материалдары жеткілікті. 

– Қазір жалпы аумағы 100 шаршы метрлік үйлердің 77-сінің іргетасы құйылды, 62-сінің қабырғасы қаланды, 12-сінің төбе жабындысы жабылуда. Құрылысқа жергілікті 8 мердігер мекеме және 209 жұмысшы жұмылдырылды. Үйлер қыркүйекте бастап беріледі, – деді спикер Ернар Қадырбай. 

«Мектеп қазіргі заманғы барлық оқу жаб­дығымен жабдықталады. Оқушылар үшін футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңы, 250 метрлік жүгіру жолы, теннис корты, гимнастика сабақтарына арналған аймақ, сондай-ақ бастауыш сынып оқушы­ларына арналған түрлі спорт түрлері мен сабақтарға арналған спорт алаңдары салынады. Барлық зал арнайы спорт жабдық­тары­мен қамтамасыз етіледі», – дейді спи­кер Ернар Қадырбай.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтіліп отыр. 

Тағы бір атап өтерлігі, Жылыойда су шайған жолдар қалпына келтірілуде. Жылыой ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысы­ның міндетін атқарушы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, бүгінде ұзындығы 12,1 шақырым жолдың 4,2 шақырымы төселді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев су тасқыны кезінде бүлінген республикалық маңызы бар «Атырау–Доссор–Құлсары–Бейнеу» тасжолы да қалпына келтіріліп жатқанын айтты. 

Балық қырылып жатыр

Тасқыннан кейінгі Махамбет ауданы, Атырау қаласында да жаға тазалау, зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүргізілде. Алайда өр суының тартылуы қазір канал маңында пайда болған көлшіктерге ауа жетіспей, балықтың қырылуына алып келіп жатыр. Балық қырылу деректері бірнеше каналда тіркеліп отыр. Мәселен, күні кеше мамандар «Сары­өзек» арнасында 600 келіден астам шабақты құтқарды. Жайық–Каспий обл­ысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспек­ция­сының қызметкерлері Махамбет ауданы әкімдігімен бірлесіп, Талдыкөл ауылы­ның маңындағы «Сарыөзек» арнасынан ша­бақ­тарды құтқаруда. Оған 20-дан астам қызметкер мен ауыл тұрғындары, бес техника жұмылдырылды. 

Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, биыл маусымнан бастап облыста 49 млн-нан астам шабақ құтқарылған. Осындай жағ­дай Атыраудағы Теплый каналында да тіркелді. 30 шілдедегі мәлімет бойынша, Теплый арнасында су температурасы 39,5 градус, оттегі мөлшері 6 мл/дм3 көрсетті. Зерттеу барысында көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені арнасынан асып, төгілген өзен суы Соколок арнасына түс­кені анықталды. Осы тасқын сумен бірге Соколок арнасы арқылы балықтар төгіліп, Теплый арнасына түскен. 

– Балық өлімінің болжамды себебі – Теплый арнасындағы су температурасының жоғарылауына байланысты суда оттегінің болмауы. Өлген балықтың жалпы салмағы 28,5 келі, Атырау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су сынамаларын алды, – дейді Жай­ық–Каспий облысаралық бассейндік ба­лық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев. 

Қалай десек те, тасқыннан алған сабақ көп. Каналдарды тазарту, Жайық өзенінің түбін тереңдету, Каспийдің сағасын терең­дету, каналдардың бойын абаттандыру, су қоймаларын салу сияқты жұмыстар кезек күттірмей атқарылуға тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы

 

Тұтас елді дүрліктірген су тас­қыны биыл халықты орасан зор шығынға батырғаны рас. Жүзде­ген елді мекенді су шайып, мың­даған халық баспанасыз қалды. Жылдар бойы бар тапқан-таянған дүние-мүлігінен бір-ақ сәтте айы­ры­лып, қу тақырға отырып қал­ған­дар да болды. Тасқын судың салдарын жою және баспанасы мүлде жа­рамсыз күйге түскен жандарға баспана салу мемлекет­тік дең­гейде көтерілді. Әрине, бұл орайда бюджеттің бүйірінен бөлінетін көмектен бөлек, еліміз­дің барлық аумағында ірі ком­паниялар мен қалталы азаматтар­дан да қо­м­ақты қаржы бөлінді. Арнайы қорлар ашылып, оған жұрт­тың қолда ба­ры­мен жылу жи­налды. 

Бірақ тасқынға тосқын қою мұнымен түпкілікті шешіле қой­майтыны рас. Себебімен емес, салдарымен күресетін «әдет­тен» әлі күнге арыла алмай келеміз... 

Түйткілді жағ­дай Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Тасқын судың тұтас елді мекендерді ба­сып қалуына бірінші кезекте өңірдегі барлық аудандардағы тоғандарда салынған гидротехникалық құрылымдардың әбден тозы­ғы жетуі себеп болды. Әбден тозған өзен арналарына салынған бірнеше гидро­тех­никалық бөген арқырап аққан тасқын судың екпініне төтеп бере алмады. Осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ апатты жағдайда деп танылған бөгендерге жөндеу жұмыстар­ы­ның дер уақытында жүргізілмеуі кесірін ти­гіз­ді. Атап айтқанда, Аршалы ауданын­дағы «Батпакөл», Астрахан ауданындағы «Қызыл жұлдыз», Бурабай ауданында «Веденовка», «Кенесары», «Щучинск» сая­жайлары, «Фроловское», Бұланды ауданында «Иванков», Есіл ауданындағы «Солен­ая балка», «Чапаевская-2», Сан­дық­тау ауданындағы «Максимовское», Шортанды ауданындағы «Дамса» және «Негізгі» гидротехникалық құрылымдары тасқын суға төтеп беретін қауқары болмады. Жалпы, облыс аумағында 90-ға тарта су тоғаны болғанымен олардың басым бөлігі тасқын суды жинауға жарамсыз күйде екені белгілі болды. Мәселен, тек Қорғалжын ауданында гидротехникалық 5 құрылым әлдеқашан санаттан шығарып тасталуы тиіс болғаны­мен сол күйі қала берген. 

Сонымен, тасқыннан кейінгі өңірде болған теперішке толы тіршілікке шолу жасап көрейік. Тасқын су кезінде өңірді басып өтетін 25 өзен 11 мыңнан астам адам тұратын 95 елді мекенге қауіп төндірген. Оның ішінде Жабай, Нұра, Есіл сияқты жыл сайын жағалауындағы елді мекендерді жайпап кететін өзендерден келетін қатер аса жойқын болды. Жылда көктем уа­қы­тында қарғын судан дәл сол елді мекендер жапа шегетіні, қай өзеннің қай жерден таситыны белгілі болса да, өзен арналарын тазарту әрі тереңдету жұмыстары сылбыр жүрген. Мәселен, Жабай мен Нұра өзен­дерінің аңғарларын кеңейту, таяз тұстарын тереңдету 2021 жылы-ақ жоспарланғанымен, сараптама қорытындысы араға үш жыл салса да жүзеге асырылмаған. Осының сал­дарынан Атбасарда жүздеген үй су астында қалып, бірнеше жыл қатарынан баспанасынан айырылған елдің қатары көбейіп тұр. Атбасар қаласы мен Борисовке селосында өзеннің сағасын тереңдету жобасы бастал­ғанымен, сол күйі мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген болып шықты. 

Тағы бір жаға ұстатарлық жағдай, өңір­дің ең ірі қалаларының өзінде іске ша­ла­ғайлықтың салдарынан болған. Атап айт­қан­да, Көкшетау, Степногор және Қорғал­жын аудандарында апат жайлы хабарландыру жүйесінің сапасы сын көтер­мейді. Жалпы, аймақта түгелдей қамтамасыз ету үшін 278 арнайы дабыл құрылғысы қа­жет болып шықты. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целиноград аудандарында дабыл құрылғыларына тапшылық басым. 

Зардап шеккендерге баспана берілді

Аймақта топан судың салдарынан алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай жарияланған елді мекен облыс орталығы Көкшетау болды. Тасқыннан кейін арнайы құрылған комиссияның тұрақты жұмысы­мен қалада баспанасы жарамсыз күйге түс­кен тұрғындар толықтай жаңа жеке пә­тер­леріне көшті деген ақпарат тарады. Баспана жаңадан салынған және бұрын салынған үйлерден тұрғындардың өздері таң­дау арқылы берілген. Жалпы, облыс ор­талығында 90 адам үйсіз қалған. Жергілікті атқарушы билік бұл орайда «Асар Ақ­мола» қоғамдық қорының көмегі, сон­дай-ақ еріктілер, қоғам белсенділері, депутаттар мен журналистердің еңбегі зор бол­ған­ын атады. 

Облыс бойынша қор қаржысының есебінен дүние-мүліктері мен баспанасынан айырылып қу тақырда қалған 211 отбасыға пәтер алынған. Жалпы көлемі 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Дәл осы отбасыларға 198,3 миллион теңге сомасында қаржылай кө­мек те берілген. Өңірде барлық зардап шеккен азаматтар бірреттік әлеуметтік тө­лем алған. Сондай-ақ мүліктік шығындар да біртіндеп болса да өтеліп жатыр. Қазіргі сәтке дейін облыс аумағында 554 отбасы шамамен 70 миллион теңге сомасында өтем­ақы алған. Облыс аумағында 1 300-ге жу­ық тұрғын үйге зақым келгені анықталды. Жергілікті билік өкілдері тасқын судан жа­па шеккен адамдарға жаңадан үйлер салып, пәтерлер сатып алынатынын жеткізген. Расында да, жаңа құрылыстар бой көтеріп келеді. Мәселен, Көкшетау қаласында бір­неше ескі үй тасқын судың екпінінен жермен-жексен болған еді. Тасқын судан бұ­рын­ғы монша ғимараты да бұзылған. Қазір аталған жерде жаңа көп қабатты тұрғын үй салына бастады. 

Әрине, тасқын су келер жылы, тіпті од­ан арғы жылдары дәл осылай қайталан­басына ешкім де кепілдік бермейді. Сон­дық­тан тұрғындарды су тасқыны қаупі басым өзен арналарына жақын жатқан жерден көшіру мәселесі – аса өткір тұрған жайт. Бұл орайда аймақта Атбасар кері жағы­нан санағанда көш бастап тұр. Қа­ла­ның дәл іргесіндегі Жабай өзенінің жылда тасуының салдарынан 2017 жылдан бастап қалада зардап шеккендерге тұрғын үйлер салына бастаған. Қазір мұнда екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Тағы бір 100 пәтерлі баспананың қазығы қа­ғылып, жұмыс басталып кеткен. 

Облыс әкімі Марат Ахметжанов кезекті жиында тұрғын үйлердің бірін 1 тамызда, екіншісін 15 тамызда, үшіншісін жыл соңы­на дейін пайдалануға бері жоспарлан­ғаны аталды. Сонымен, жалпы Атбасарда 345 жаңа пәтер берілмек. Бұл үйлерге алдағы уақытта Жабай өзенінің жағасында орын тепкен үйлердің тұрғын­дары қоныс­тан­дырылмақ.

Өңірдегі тасқын судан асау ауыр зардабын тартқан ауданның бірі – Бұланды ауданы болды. Мұнда Вознесенка, Иванков, Капитоновка, Журавлевка сияқты елді ме­кендердің бірнеше баспанасы түгелдей жарамсыз күйге түскен. Қазір ауданда 56 же­ке тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бір­неше ауылы су тасқынынан «аралға» ай­налған Жарқайың ауданында 30 жеке тұрғын үй, сондай-ақ Есіл ауданында жапа шек­кендерге арнап 21 баспананың құры­л­ы­сы басталған. Жаңа үйлердің бәрі де тас­қын су енді мазаламас үшін қыр үстіне тұр­ғызылмақ. Жергілікті атқарушы орган­дардың мәліметінше, аталған баспа­на­ның барлығы алдымыздағы тамыз бен қыркүйек айларында пайдалануға берілуге тиіс. 

Әділдік – басты ұстаным

Пәтерлерді баспанасынан айырылған адамдарға бөлу кезінде ең маңызды критерий – заң мен әділдік басшылыққа алынуға тиіс. Тұрғын үй комиссиясы да барынша заңға сүйене отырып жұмыс жүргізуі қажет. Пәтерлерді бөлуге кіріскен тұрғын үй комиссиясына облыс әкімі осындай ескерту жасаған. Сондай-ақ үйдің көлемі дәл сондай аумақтан емес, егер бұрынғы тұрғын үй отбасы құрамына сәйкес келмесе, өзгерткен жөн екенін жеткізді. 

– Қазір өңірде пәтерлер зардап шеккен адамдарға беріле бастады. Мұнда біз ең ал­дымен заңдылық пен әділеттілікті ескеруге тиіспіз. Біз әдетте шаршы метрге дәл сондай шаршы метр көлемінде баспана береміз. Дегенмен көп отбасы өте тар баспанада тұрып келген болып шықты. Осыған бай­ланысты мен комиссияға сол үйде тұ­рып жатқан адамдардың санын ескере отырып қарауды тапсырдым. Біз қатып қалған қағидамен емес, адамдардың жағ­дайын іс жүзінде қарап отырып жұмыс іс­теуге тиіспіз деп санаймын. Мәселен, алты адам 40 шаршы метр баспанада тұрса, оған бір бөлмелі пәтер берілмек. Жоқ, бұған жол бермей, іс жүзінде, заң аясында сол адам­дардың жағдайын жақсарта алатындай етіп салу қажет. Егер мүмкіндік болып жатса, тұрғын үй комиссиясы жапа шеккен адам­дардың өмір сүру жағдайын жақсартуға көмектесуге тиіс, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов. 

Топан судың салдарынан тек баспаналар ғана емес, тұтастай инфрақұрылым, елді мекен жолдары, жарық бағандары мен желілер, мемлекеттік және жекеменшік ғимараттарға зақымданды. Бұл мәсе­лелерді шешу үшін Үкіметтен бұзылған дүниелерді қалпына келтіруге қаражат бөлінуі күтілмек. 

Келешекте қапы қалмау үшін...

Жұмыс жүргізудегі аса өзекті әрі ең бас­ты мәселе – алдағы жылдары дәл осын­дай жағдайдың қайталанбауы үшін нақты әрекет ету міндеті тұр. Бұл үшін ай­мақта сарап­шылардың шақыр­ты­луы­мен мұқият талдау жасалған. Мәсе­лен, Атбасар ауданында Жабай өзенінің жаға­сындағы көтерілген бөгендерді нығайту және арнасын тазарту үшін көпфун­к­циялы жер снаряды сатып алынады. Оның өнімділігі тәулігіне 120 метрге де­й­ін 8 метрге дейін тереңдетуге қабілетті. Қазіргі уақытта негізгі жабдығы сатып алынып, құра­с­тыру жұмыстары басталып кеткен. Қал­қымалы снарядтың қалған жабдық­тары Ресейден жеткізілмек. Құрылғы коммун­алдық қызметтің меншігіне беріліп, одан кейін Көкшетау қаласында Қылшақты өзені мен Қопа көлінің арнасын тазартуға қолданы­лмақ. 

Жергілікті билік Атбасар қаласы шек­арасында заманауи шлюздер орнату жо­басын жүргізуді қолға алмақ. Өйткені тасқын кезінде еріген қар суы мұнда негізінен Жақсы ауданы жағынан жазық даладан келіп, Жабай өзеніне өтіп, одан әрі Есілге құяды. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жергілікті резервтен шлюздерді сатып алуға 80 миллион теңге қаржы бөлінбек. Бұл су тасқыны кезінде ағын судың өту қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, өзен жағасын­дағы үйлердің суға кету қаупін төмендету­ге әрі су тасқынының ауыр салдарын бол­дырмауға ықпал етуі тиіс. Шлюздер биыл қызыл судың құрсауында қалған бірінші мектеп, Макарин көшесінің бойы және Май тоғаны тұсына орнатыл­мақ. Шлюздер ағын суды өткізу қабілетін екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. 

Су тасқынына қарсы шаралар Целиноград ауданына қарасты Қоянды және Талапкер ауылдарында да жүргізіле бас­таған. Мұнда ерігер қар суын елді ме­кен­нен бұрып әкететін канал салу жоспар­лан­ған. Талапкер ауылында жұмыстар басталып, жақын арада Қоянды ауылында да іске кірісу көзделіпті. Жергілікті биліктің мәліметінше, аталған жұмыстар демеушілік есебінен бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта «КГС Сауда» құрылыс компаниясы 300 миллион теңге қаражат бөлген. Жалпы, аймақта су тасқынына қарсы 400-ге жуық іс-шара жоспарланғаны хабарланды. 

Тасқынның жолындағысын жайпап кететінін көзімізбен көрдік. Жергілікті билік те, халық та ендігі кезекте бейқам тір­ліктің әрі әрекетсіздіктің салдары ау­ыр екенін ұғуға және өткен қателіктерден сабақ алуға тиіс. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы