Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Лондон Олимпиадасының жетінші орын иегері, Алмас Өтешов қазір күзетші болып қызмет етеді.
Бәріміз допинг қабылдадық: күзетші  болып кеткен чемпион ауыр атлетика спортындағы былықты ашты
Видеодан алынған кадр
1,139
оқылды

Бұл туралы ол “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

“Допинг деген дәрі жоқ. Аспирин ішсең де ол допинг болып саналады. Бірақ оның ішінде тестостерон бәрін салады. Допингті тексеретіндермен біздің министрлік келіседі. Бәрі ақша. Бізді тексеруге келгенде «двойник» деген болады. Менің «двойнигім» Айдос деген інім болды. Ол Алмас Өтешов болып қан тапсырады. Илья Ильиннің Алексей деген ағасы тапсырады. Олар таза болып шығады. Бәрі жемқорлық. Допинг қабылдау кезең-кезеңмен жүреді. Мысалы, қаңтар айында әлем чемпионаты болса, қаңтарға дейін дәрі ішеміз. Оны мойындаймыз. Тестостерон, пропианат, тернобол, гармональдымтаблеткалар қабылдадық. Онсыз көтере алмайсың. Мысалы, таза өз ағзаммен ең көбі 200 келі көтеремін. Анау препараттардың бәрін ішіп, 230 келі көтеремін. Не ішіп, не салып жатқанын бәрін білесің ғой”, — дейді ол.

Спортшы Илья Ильиннің де допинг қабылдағанын растады.

“Илья Ильиннің де допинг қабылдағаны өтірік емес. Бәріміз допинг қабылдадық. Дәріні өзіміз болып ішпейміз. Медициналық жауапты маман, аға бапкер, бас бапкер бар. Солар бізге береді", – дейді Алмас Өтешов.

Ол допинг дауынан кейін ауыр атлеттердің жағдайы күрт нашарлағанын, психологиялық қысымға ұшырағанын да айтты.

“Қазақта «ердің басына күн туса етігімен су ішер» дейді ғой. Сондай болып жатыр қазір. Не айтамын, бауырым… Бір көтерілсек, бәрі қолпаштайды, бір сүрінсек, бәрі жек көріп кетеді. Мен осыны түсінбедім. Қолымнан келгенінің бәрін істедім, бауырым. 230 келіні көтеру деген оңай емес ол. Соны көтердік қой. Қазір белімнен төрт жерден грыжамын. Не айтам енді. Қазақ халқыма. Қазағымды жақсы көрем өзім. Бірақ билікке көтерілсең, сені бәрі қолпаштайды да, төмен құласаң, қасыңда ешкім болмайды екен”, — дейді ол.

Алмас Өтешов өзіне қол жұмсағысы келгенін де жасырмады.

”Үйде ешкім жоқ, ажырасқанмын. Бала-шағам, әйелім жоқ. Базарға барып арқан сатып алдым. Оны ваннаның төбесіне іліп, бәрін дайындап, ғұсыл дәрет алдым. Құдайдан кешірім сұрап, мойныма салып, отырып қалдым. Арқан мойнымды қысқан кезде кіші дәретімді жіберіп қойдым. Оңай емес екен. Мойнымдағын шешіп, Алладан кешірім сұрадым”, — дейді ол.