Бүгінде елімізде синтетикалық есірткіге тәуелділер саны жылдан-жылға артып барады. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар.
Есірткімен күрес күшейсе игі
коллаж: Елдар ҚАБА
607
оқылды

Есірткінің осынау түріне тәуелділіктен емделушілердің қатары соңғы 4 жылдың өзінде 60 пайызға дейін көбейген. Психологиялық және физикалық тәуелділікті тудыратын жасанды жолмен алынған психоактивті заттар болып табылатын синтетикалық препараттың экстази-планетада дейтін түрі ең көп таралған үш есірткінің тізімінде тұр.

Сондай-ақ қандай жолмен болсын пайда табуды көздеген кейбір азаматтар синтетикалық есірткі заттарын дайындай­тын зертхана да ұйымдастырған. Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокура­тураның үйлестіруімен Түркістан облыс­ын­да синтетикалық есірткі өндірісі бо­йын­ша жасырын зертхананың қызме­тін ұйымдастырғандарды ұстады. Жергілік­ті 2 тұрғын есірткі құралдарының кезекті партиясын дайындау барысында қолға түсті. Олардан 60 келіден аса психотроп­тық зат және 2,5 тонна прекурсор, сон­дай-ақ «синтетика» дайындауға арналған жабдықтар алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында аталған қылмыс бойынша Қыл­мыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, делінген. Сонымен бірге, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб мәжілісін­де облыстық денсаулық сақтау бас­қарма­сының басшысы А.Байудуәлиев өңірде есірткілік заттарға тәуелді 292 науқас бақылауда тұрғанын атап өтті. Жыл басынан бері наркологиялық стационар­лық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан бірқатар науқас емделіп шыққан.

Жуырда облыстық Полиция департа­менті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма­сының бастығы Амангелді Бурханов журналистерге берген сұхба­тын­да Түркістан облысының өзінде жыл ба­сы­нан бергі 6 айда есірткінің заңсыз айналымына қа­тысты 423 дерек тіркелген­ін атап өтті. Оның 201-і қылмыс болса, 222-сі теріс қылық болып саналады. Заң­сыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, оның 191 келісі – марихуана, 275 грамнан астамы – гашиш, 1 грамы героин және 2 келіге жуығы син­тетика екендігі анықталған. 

Басқарма бастығының айтуынша, жыл басынан бері синтетикалық есірткіге байланысты анықтал­ған 24 деректе құ­рыққа ілінген 28 тұлғаға қатысты 18 қыл­мыстық іс қозғалып, 6 теріс қылық тіркел­ген. Мәселен, жедел іздестіру іс-шараларының нәти­жесінде Түркістан қаласында оқитын студенттен 109 грамм «мефедрон» синтетикалық есірткісі тәр­кі­леніп, ол қамауға алынған. Өкінішке қарай, өңірде заңсыз кәсіппен айналыса­тын жастар аз емес көрінеді. Сондықтан жастардың көзін ашып, көлеңкелі биз­нестен арылту мақсатында, әсіресе ғалам­тор кеңістігінде күндел­ікті мониторинг жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр, дейді ол. Соның арқа­сында синтетикалық есірткі таратуы ықтимал 100-ге тарта ақпараттық сайт бұғатталған. Оған қоса, кон­сульта­тив­тік қызметті жүйелі түрде жүргізу мақса­тында ПД-ның сенім телефоны іске қосылған.

Есірткіні қоғамдық орында қолдану бойынша 2 және автокөлік құралын есірткілік мас халде басқаруға қатысты 24 дерек анықталған. «Қазір облыс бойынша 295 тұлға нашақор есебінде тұр. Оның 125-і диспансерлік, ал 172-сі профилак­тикалық есепке алынған. Профилак­тикалық іс-шаралардың маңызын арт­тыру және әкімшілік заңнаманы күшейту мақсатында ІІМ-нің тоқсан сайынғы операциялық жоспарына сәйкес жұмыс­тар жүргізілуде. Нәтижесінде, биылғы 6 айда есірткіге тәуелді азаматтардың саны 298-ден 288-ге төмен­деген. Сонымен қатар ел Үкіметінің «Қазақстан Респуб­лика­сында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» талаптарын орындау аясында облыс әкім­дігі жанынан құрылған арнайы штаб есірткіге және нашақор­лыққа қарсы им­му­нитетті қалыптастыру жұмыс­тарын жүргізуде. Жыл басынан бері мектеп оқушылары, студенттер және жалпы бұқара арасында есірткі мен нашақор­лыққа қарсы 262 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 44 мыңнан астам жас қатысты. Атқа­рылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер мен кәмелет­ке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері орын алмаған. Сондай-ақ облыс әкімдігі, басқармалар мен Поли­ция департаменті бірлесіп, 26 мамыр-26 маусым аралығында бір ай бойы жоспарлы жұмыс атқарды. Іс-шараларға танымал спортшылар, ән­шілер, қоғам қайраткерлері, халық қалау­лылары қатысып, жас­тарға есірткі мен нашақорлықтан аулақ болу және саламат­ты өмір салтын ұстану туралы үндеулер жолдады,» – деді Амангелды Бурханов.

Сондай-ақ өңірге қарасты аудан, қалалардың ор­талық саябақтары мен барлық білім беру ұйым­дарында нашақор­лыққа қарсы бағытталған «Есірткісіз бо­лашақ» акциясы, жүзден аса кездесу мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылған. Оларға 20 мыңнан аса оқушы қатысыпты.

Одан бөлек, «психотроптық заттар­дың» қатарына енгізілген трамадол дәрі­лік препараты да Түркістан өңірінде үлкен мәселеге айналған. Түркістан об­лы­сы­ның әкімі Дархан Сатыбалды соңғы айларда бірқатар ауыл-аймақта тұрғын­дар­мен жүздесу сәтінде ауыл ақсақалдары шалғай елді мекен жастарының осынау зиянды затқа үйір бо­лып жүргенін жиі айтып қалады. Жастарды улай­тын осынау тажалдан құтқаруын сұрайды. Осыдан соң-ақ қаланың ғана емес, шалғай ауыл жастарының да санасын улап жатқан есірткімен күресті күшейту кезек күттір­мейтін мәселе екенін байқаймыз. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы