Есірткінің осынау түріне тәуелділіктен емделушілердің қатары соңғы 4 жылдың өзінде 60 пайызға дейін көбейген. Психологиялық және физикалық тәуелділікті тудыратын жасанды жолмен алынған психоактивті заттар болып табылатын синтетикалық препараттың экстази-планетада дейтін түрі ең көп таралған үш есірткінің тізімінде тұр.
Сондай-ақ қандай жолмен болсын пайда табуды көздеген кейбір азаматтар синтетикалық есірткі заттарын дайындайтын зертхана да ұйымдастырған. Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен Түркістан облысында синтетикалық есірткі өндірісі бойынша жасырын зертхананың қызметін ұйымдастырғандарды ұстады. Жергілікті 2 тұрғын есірткі құралдарының кезекті партиясын дайындау барысында қолға түсті. Олардан 60 келіден аса психотроптық зат және 2,5 тонна прекурсор, сондай-ақ «синтетика» дайындауға арналған жабдықтар алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында аталған қылмыс бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, делінген. Сонымен бірге, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байудуәлиев өңірде есірткілік заттарға тәуелді 292 науқас бақылауда тұрғанын атап өтті. Жыл басынан бері наркологиялық стационарлық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан бірқатар науқас емделіп шыққан.
Жуырда облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Амангелді Бурханов журналистерге берген сұхбатында Түркістан облысының өзінде жыл басынан бергі 6 айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелгенін атап өтті. Оның 201-і қылмыс болса, 222-сі теріс қылық болып саналады. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, оның 191 келісі – марихуана, 275 грамнан астамы – гашиш, 1 грамы героин және 2 келіге жуығы синтетика екендігі анықталған.
Басқарма бастығының айтуынша, жыл басынан бері синтетикалық есірткіге байланысты анықталған 24 деректе құрыққа ілінген 28 тұлғаға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалып, 6 теріс қылық тіркелген. Мәселен, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан қаласында оқитын студенттен 109 грамм «мефедрон» синтетикалық есірткісі тәркіленіп, ол қамауға алынған. Өкінішке қарай, өңірде заңсыз кәсіппен айналысатын жастар аз емес көрінеді. Сондықтан жастардың көзін ашып, көлеңкелі бизнестен арылту мақсатында, әсіресе ғаламтор кеңістігінде күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді ол. Соның арқасында синтетикалық есірткі таратуы ықтимал 100-ге тарта ақпараттық сайт бұғатталған. Оған қоса, консультативтік қызметті жүйелі түрде жүргізу мақсатында ПД-ның сенім телефоны іске қосылған.
Есірткіні қоғамдық орында қолдану бойынша 2 және автокөлік құралын есірткілік мас халде басқаруға қатысты 24 дерек анықталған. «Қазір облыс бойынша 295 тұлға нашақор есебінде тұр. Оның 125-і диспансерлік, ал 172-сі профилактикалық есепке алынған. Профилактикалық іс-шаралардың маңызын арттыру және әкімшілік заңнаманы күшейту мақсатында ІІМ-нің тоқсан сайынғы операциялық жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, биылғы 6 айда есірткіге тәуелді азаматтардың саны 298-ден 288-ге төмендеген. Сонымен қатар ел Үкіметінің «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» талаптарын орындау аясында облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы штаб есірткіге және нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері мектеп оқушылары, студенттер және жалпы бұқара арасында есірткі мен нашақорлыққа қарсы 262 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 44 мыңнан астам жас қатысты. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері орын алмаған. Сондай-ақ облыс әкімдігі, басқармалар мен Полиция департаменті бірлесіп, 26 мамыр-26 маусым аралығында бір ай бойы жоспарлы жұмыс атқарды. Іс-шараларға танымал спортшылар, әншілер, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары қатысып, жастарға есірткі мен нашақорлықтан аулақ болу және саламатты өмір салтын ұстану туралы үндеулер жолдады,» – деді Амангелды Бурханов.
Сондай-ақ өңірге қарасты аудан, қалалардың орталық саябақтары мен барлық білім беру ұйымдарында нашақорлыққа қарсы бағытталған «Есірткісіз болашақ» акциясы, жүзден аса кездесу мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылған. Оларға 20 мыңнан аса оқушы қатысыпты.
Одан бөлек, «психотроптық заттардың» қатарына енгізілген трамадол дәрілік препараты да Түркістан өңірінде үлкен мәселеге айналған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды соңғы айларда бірқатар ауыл-аймақта тұрғындармен жүздесу сәтінде ауыл ақсақалдары шалғай елді мекен жастарының осынау зиянды затқа үйір болып жүргенін жиі айтып қалады. Жастарды улайтын осынау тажалдан құтқаруын сұрайды. Осыдан соң-ақ қаланың ғана емес, шалғай ауыл жастарының да санасын улап жатқан есірткімен күресті күшейту кезек күттірмейтін мәселе екенін байқаймыз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы