Жетісу облысының орталығы осыдан бірер жыл бұрын тазалығы мен жасыл желегінің, тұрмысқа қолайлылығының арқасында жұрт арасында «ТалдыПариж» деп әспеттелетін.
Талдықорғанның тазалығы сын көтермейді
927
оқылды

Талдықорғанның қазіргі келбеті мен тазалығы тым аянышты. Со­ң­ғы екі жылда жасыл қала бұрынғы сыры мен сымбатын жоғалта бастады. Тұрғындар арасында: «қазір қалада іскер қожайын жоқ» деген пікір қалыптасқан. 

Саябақтардың сұрқы қашып, су­бұрқақтар суалып, арықтар қаңсып, жаяу соқпақтардың жиектері қопарылып, декоративтік бұталар дер кезінде оталмағандықтан жүргіншілерге кедергі келтіретін жағдайға жеткен-ді. Арықтардан су сылдырамағанына да бірнеше жыл болды. Шырайлы шаһардың көркі болған саябақтар мен гүлзарларды тамшылата суару жүйесіне қоса алмағанды да осынан көрдік. Жыл сайын қопарып, пластик құбырлар төселіп жатқанда, қуанып қал­ғанымызбен, уақыт өте келе барлығының сол бұрынғы таз қалпына келгенін көріп қынжыласың. Заманында орталық саябақ меншікке өтіп кетіп, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын сол кездегі облыс әкімінің ықпалымен жартысы коммуналдық меншікке қайтарылған болатын. Қазір толықтай қалаға қарайды. Бірақ бүгінде саябақтың күйі әбден кеткен, балаларға арналған ойын алаңдарының тозығы жеткен. Аты дардай «Ардагерлер» саябағы­ның жағдайы да жаншошырлық. Оның біраз бөлігі де сатылып кеткен еді. Жақын­да заңсыздықтар анықталып, кері қайтарылатын болды. Ұзақ жылдар қарау­сыз қалып, ит тұмсығы батпайтын жынысқа, жынойнаққа айналған «Жастар» саябағын қалпына келтіруге қатысты жұмыстар облыс тізгінін Баталов ұстаған 2014 жылы қарқын алып, сол кездегі алып Алматы облысының жұмыла күш жұмса­уы нәтижесінде азғана уақытта көз той­­­­ғысыз келбетке ие болған еді. Қалаға кіреберістегі саябақтың облыс орталы­ғындағы көпшіліктің көзайымына айналуы жолындағы игілікті іске облыстағы барлық сала, басқарма-департамент, аудан мен қала өз үлестерін қосқан. Жур­налистер атынан біздер де көшеттерімізді отырғызғанымыз есте. Далалық сахна, сазды-түрлі түсті субұрқақ, түрлі сәулеттік үлгідегі күркеше, шатыр мен дамылдай­тын орын, гүлзар мен саяжол бәрі рет-ретімен, өзіндік кескін-келбетімен ор­на­ласқан еді. Амал қанша қазіргі жағ­дайына қарап, жылағың келеді. Кейінгі екі жылда саябақта бір шеге қағылған жоқ десек, ешкім артық кеттің дей қоймас. Үйдің қасында болғандықтан, таңғы серуенге шыққан сайын кері кетудің куәсі боламын.

Мұндағы субұрқақ Ұлыстың ұлы күні шалажансар қосылып, облыс әкімі мен қала басшысы көпшілікті құттықтағанша көз алдап тұрды. Бүгін жаяу соқпақтардың төсеніш тастары үгітіліп жатыр. Кейбір жерлері ойылып кеткен. Ой-шұңқырлардан аяқ алып жүре алмайсың. Адам­дардың демалуына, әңгімелесіп отырулары­на арналған түрлі көлемдегі, сан қилы сәу­лет үлгісіндегі үлкенді-кішілі күркелердің де ажары қашқан. Едендері қопарылып, қоршауларының тақтайлары оп­ы­р­ылып, шатырлары жалбырап тұр. Гүлзарлардың дені бірнеше жыл жаңартылмағандықтан арамшөптің ордасына айналған. Қайта биыл жаңбырдың арқасында ағаштар мүлде солып қалудан аман. 

Осыдан бірер жыл бұрын журналист Сандуғаш Дүйсенова дабыл қағып, қала көшелерінің бойларындағы газондардың жағдайын айтып, саябақтардағы, гүлзарлар мен клумбалардағы гүлдерді санап, қаланы көгалдандыру бойынша конкурс­тарды ұтып алған мердігерлердің жауап­сыздығын әшкерелеген еді. Содан бері жағ­дай кері кетпесе, оңалған жоқ. Қазір жолдардың, жаяу соқпақтардың жиектеріндегі гүлдерге оранып тұруға тиісті жолақшалардың шаңы шығып жатыр. Бұталы өсімдіктер реттеліп, қырқылмағандықтан қорқынышты кейіпке енген. Арықтар қоқысқа толы. Сенесіздер ме төселгеніне оншақты жыл өтсе де, ылғал көрмеген арық желілері бар, қа­рау­сыздықтан тозып, жақтаулары үгітіліп жатыр. Кейбіреулерінің үстінен жол түсіп кеткен. Шағын аудандардағы көпқабатты үйлердің арасындағы аулалар­ды, оларда орналасқан балалардың ой­ын алаңдарының көбінде былтыр күз­де қолға алынған жөндеу жұмыстары орта жолда қалды. Шындығын айтқанда, басталды да, тасталды. Балалар ойнауды қойып, үл­кендер айналып өтетін қоқыс алаңдарына айналды. 

Осылардың барлығын тізіп, көрсетіп «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ-ға сауалдар жолдаған едік, ондағылар кезекті рет ұзын арқан, кең тұсауға салып жауап қайтарыпты. Оны төменде келтіреміз. 

Мемлекеттік мекемедегілердің айту­ынша, қала аумағында 17 субұрқақ бар, он­ың жетеуі жұмыс істейді, «Жастар» са­я­бағындағыны қоса есептегенде, ол жөн­деуді қажет етеді. Биылғы шілде де үш субұрқақты сенімгерлік басқаруға бе­ру бойынша конкурстық рәсімдер аяқ­талып, «Айбын» ЖШС мердігерлік ұй­ымы жеңімпаз болып танылыпты. Қа­зір «Жастар» саябағының аумағындағы субұрқақта тазалау жұмыстары жүгізілуде. 

Сонымен қатар биылғы мамыр айында «Жастар» саябағын тиісінше күтіп ұстау үшін KC Construction ЖШС мердігерлік ұйымымен 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқару шарты жасалған екен. Қазір ан­ық­талған кемшіліктерді жою үшін мердігерлік ұйымға тапсырма беріліпті. Ал қала бойынша жасыл желектерді күтіп ұстау үшін «Қазақ саңырау-мылқаулар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен мердігер ұйым ретінде шарт жасалған. Бүгінде ағаштарды кесу-реттеу ісіне 19 адамнан тұратын 3 жұмыс тобы жұмылдырылыпты. Соған сай таяу күндері барлығы рет­ке келтіріледі. 

Арық желісін тазарту бойынша «Жақсымбет» ЖШС мердігерлік ұйымымен шарт жасалған. Мұнда да 25 адамнан тұратын 3 жұмыс тобы арықтарды аршуға кіріскен көрінеді. Ал бірқатар көпқабатты үйдің ауласын жөндеу, балалардың ойын алаңын реттеу жұмыстары бойынша былтыр «КазИнвест Story» ЖШС мердігерлік ұйымымен шарт жасалған. Алайда нысанды пайдалануға беру мерзімі сақталмауына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау міндеттемесі ту­ралы талаппен Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономи­калық сотына талап арыз жолданыпты. Сот­тың 28.02.2024 жылғы №3313-23-00-2/2239 оң шешімі шыққан. Қазір «КазИнвест Story» ЖШС-ға сот шешімін орындау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау қажеттілігі туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда мердігер ұйым тарапынан сот шешімі орындалмағандықтан, бүгінде жұмыстарды аяқтауға конкурс жариялау үшін сметалық есептеулер бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы