5 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына, вандализмге және мүліктік залалға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған маңызды заңнамалық актілерге қол қойды. Оның ішінде  мемлекет қорғауына алынған тарихи, мәдени және басқа да объектілерді қасақана жою немесе зақымдағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілік біршама қатаятыны көрсетілген.
Жартастағы жазулар: вандализмге жаза күшейді
639
оқылды

Қол қойылған құжатта ауыр вандализм үшін қыл­мыстық жауапкершілік ар­қалайтындардың жасы 16 жастан 14 жас­­қа дейін қысқартылды. Бұл – еліміздің тарихи мәдени және қоғамдық орын­дардағы тәртіп­­сіздікті жою мен адам­дардың өзіне және айналасына деген мәдениетін жоғарлату мақсатында қолға алын­ған заң жобасы болып отыр.

Еліміз табиғаты бай, ерекше мекен­дерден кенде емес. Тарихқа көз тастар болсақ, бүгінгі бізге жеткен қазақ саха­расының қай түкпіріне барсаң да көнеден сыр шертер көп дүниеге қанық боларың анық. Әсіресе, табиғат аясын­дағы мұндай сакральді мекендердің ел мәдениеті мен туризмнің дамуына әсері ерен. Ең өкі­ніштісі – сол жауһар­лардың кейбір жағдайда адам колымен бүлінуі, беткі бөліктерінің боялып, әртүрлі есімдер мен ру аттары жазылып, айғыздалып жата­тыны. Шынын айтқанда, табиғаттың талай ғасыр бойы өз қойнауында сақтап келген дүниесін бүгінгі ұрпақ өз қолымен бүлдіруі өкінішті. Бұлай бола берсе, бассыздық жаппай белең алып кетуі де мүмкін. Сондықтан ел Үкіметі іске ара­ласып, Президент тап­сыр­­­масымен оспа­дар әрекеттің алдын алуға байла­­­нысты жұмыстар нақты қолға алынды. Шаруаға бел шеше кірісіп, бірден іліп әкеткен «AMANAT» пар­­­­тиясы жанындағы «Жас­тар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды. 

Жартасқа неге жаза береді?

2023 жылдың 21 қазанында «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтау мақсатында ауқымды акция бастаған болатын. Шараның кең көлемде өткі­зілгендігі көптің көңіліне қуаныш ұяла­­­­тып отыр. Шындығында, кез келген тарихи мәдени орынға барған сәтте жар­тастар мен түрлі тарихи нысанның жағдайы еріксіз ішіңді ашытарлық күйде тұратын. Акция басталғалы осындай біршама орын қалпына келтірілген. Маусым айының ортасында жылдық еңбек демалысын алып, Бурабай мен Баян­­­ауыл курорттық аймағына бардым. Барған сәттен-ақ көл ортасындағы Жұм­бақтасқа көзім түсті. Бірақ «Жастар Рухының» белсенділері қанша уақыты мен еңбегін сарп еткен тарихи тастың бетіне жаңасын жазып кеткенін көріп тағы налыдым. Ақ бояумен аттарын бадырайта жазған жандарды ұстап, қатаң жаза арқалатса, келесіде мұндай жағдай болмас па еді? 

Тіпті, Бурабайдың басындағы осы Жұмбақтасқа адамдардың баруына тыйым салуы керек те шығар. Бұл туралы өз ұсынысын Экология және табиғи ре­сурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ашық айтты. 

«Бұл – ақылға қонымды ұсыныс. Бүгінде жартасқа баруға және онда жүзуге тыйым салынбайды. Бірақ тас мүсіндерді бояуға тыйым салынады. Дегенмен мен бұл фак­тілердің (вандализм актілері) көбеюіне байланысты дұрыс ұсыныс деп санаймын. Әсіресе, жартасқа баруға тыйым салу ту­ралы шешім қабылдау қажет», – деді Ерлан Нысанбаев. 

Мәселе бір ғана тасқа  байланысты көтеріліп отыр. Ал еліміздегі осы Жұм­бақтас тәрізді көп орынның бәріне баруға тыйым сала берсек, жағдайды оңалтудың орынына ушықтырып алуымыз әбден мүмкін. Ал бұл пікірді Ерлан Нұралыұлы шарасыз­­дықтан айтқанға ұқсайды. 

Жартастарға есімін жазып, ессіздік қылық таны­тып жүрген жандарды тек үгіт насихат пен түсіндіру жұмыстары арқылы түзетеміз. Ал оған көнбесе жазаға тарт­қаннан басқа амал болмас дегенге саятын пікірді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төраға­сы Ақерке  Искан­деро­ва айтып отыр.

«Акция барысында Жастар қана­тының белсенділері автобус бекеттерін, балалар ойын алаңдарын, жаяу жүр­гіншілерге ар­налған жерасты өткелдерін, ғимарат­­­тарды жазулар мен бояулардан тазартты. Осы­лайша, белсенділер ванда­лизмнің шеті көрінген нысандарды әлеуметтік желіге де жүктеп, тұрып жат­қан қала мен аудандарды таза ұстауға шақырады. 

Айта кетейік, Қазақстанның тарихи-мәдени орын­дары мен ескерткіштерін вандализмнен қорғау мақсатындағы ак­ция барысында «Таңбалы тас» петро­г­лифтерін, Ақбауыр» шатқалын, Ш.Құ­дай­­­берді­ұлының, С.Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерт­кіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбық­ты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қор­ғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қара­ман ата» жер­асты мешіттерін қоқыс­тар мен жазулардан тазартты. Одан бөлек, Ақмола төңіре­гіндегі туристік өңірлерде болдық. Әрине, белсенділердің жұмысын бағалап, ак­цияға өз еркімен келіп қосылған жастарға алғысымыз шексіз. Көп азамат ойламай жасаған істеріне өкініп те жатты. Мұндай жандардың көп болғаны қуантады», – дейді ол.

Айтуынша, қазір белсенді жастардың қатары толығып, біршама адамға жеткен көрінеді. Дегенмен қанша көп болса да қайталана беретін кері қылықтарды жоюға олардың түгел күші жетпейді. Ең алдымен азаматтардың санасын, ойын өзгертіп, табиғатты аялау керегін ұғы­н­дыру болып тұр. 

«Қазір 1500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен еріктісі 500-ден астам табиғи, тарихи және мәдени ескерткішті тазартты. Акцияға қоғам белсенділері де қосылды. Мәселен, Kaz Alpine Club бірлестігінің басшысы Денис Лукьянчук өткен жылдың 13 қара­­­шасында Ұлттық мұраны қорғау жөнінде петиция бастады.

Алты айдан аз уақыттың ішінде бұл бас­таманы 16 мыңнан астам адам қол­дады. «Жастар Рухы» жастар қана­тының мүше­лері барлық қазақ­стандықтарды өзекті мәсе­­леден тыс қалмауға және петицияға қол қоюға шақырып отыр. Әрине, жұмыс жалғаса береді. Біздің жастар жүрген жерлерінде өз қатарларын вандализм әрекетіне бармауға шақырады. Талай рет кездесулер де өткіздік. Нәтиже болады деп ойлаймын. Біз барып жазуды өшіріп, тыныш қана кете берсек, шаруа мұнымен тынбайтыны белгілі. Бұл туралы депутаттар да арнайы сауал жол­дап, күрделі іске көмектесуде. Мысалы, тастағы бір ғана есімді өшіру үшін кем дегенде бір күн уақыт кетеді екен. Та­биғатты қорғау туралы заңда ескерт­кішке қандай да бір өткір не хи­миялық жолмен зақым келтіруге бол­майтыны айтылған. Тас болса да аялауымыз керек. Ережені ескерген біздің белсенділер ең қарапайым тәсілдерге көшеді. Тіпті, тасты таза сумен жуып шығамыз. Бұл – өте ауыр шаруа. Мұны істеген адам біледі. Сондықтан біз жуып-тазартып кеткен жерге қайта келіп, атын не өзге де сөзді қызылды-жасылды бояумен жазып кетсе жүрегіміз ауыра­ды», – дейді А.Ескендірова. 

Жаза қатаңдады

Президент қол қойған заң жобасында көрсетілген жаза бұрынғыдан бірнеше есеге ұлғайтылған. Бұл әлемдік тәжі­рибеге сүйене отырып жасалған қадам болып отыр. Себебі қоршаған ортаға залал келтіру ісіне өр­кениетті қоғам төзбейді. Сонымен Қыл­мыстық кодекс­тегі вандализм үшін жазада айыппұлдың көлемі де өсті. Мысалы, вандализм әре­кеті анықталса тұлғаға 200 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады. Бұл деге­­німіз – шамамен 740 мың теңге кө­леміндегі қаражат. Сонымен қатар 160 са­ғатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көз­делген. Бұл ретте, ірі құқық­бұзушы­лық­тардан басқа, заң жобасында ұсақ бұзақы­лыққа да қатысты жазаны күшейту көзделіп отыр. 

Әрине, жазаны қанша жерден кү­шейткенімізбен, ең бастысы, санаға вандализімнің кері әсері туралы ой қалыптастыру маңыздырақ. Бұл тура­сында «Жастар Рухы» жастар қана­тының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев айтып отыр.

«Біз қазір ең алдымен түсіндіру жұ­мысына көп зер салып жатырмыз. Өкі­ніштісі сол, жастар ғана емес, толысқан үлкен жастағы азаматтардың да осындай кері әрекетке баратынын байқаймыз. Қазір Зеренді, Бурабай аудандарында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Әрине, нәтиже де жоқ емес. Бұрынғыдай емес, адам­дар тәртіпке ере бастады. Сондықтан жұмысты ешқа­­­­шан тоқтатпауымыз керек. Қазір келушілер мен қо­­нақ­­тардың көп болатын кезі. Біз жартастағы жазуларды өшірумен қатар, түрлі жердегі қарағай мен талдарда, тіпті жартастың ұшар басындағы шыңдарға байланған шүбе­ректерді шешіп, көзін жоюмен айна­лысып жатырмыз. Бұл да қиын шаруа болып тұр. Ұлттық ұғымда «Ақтық» деп атайды. Бірақ бұл да экология мен та­биғатқа белгілі мөлшерде зиян келтіретіні түсінікті. Алдағы уақытта жартастарды қайта аралай­­­мыз. Әрине, шаруа көп. Ең қиыны – тастағы жазуды өшіру. Дамыған елдерде мұндай жазуларды табиғатқа зиян келтірмейтін лазердің көмегімен өшіруге бола­­­­тынын білдік. Ал­дағы уақытта осындай лазерлік құ­­­рыл­­­­ғыны алсақ біздің белсенділердің жұмысы өнер еді», – дейді Сұлтанбек Бекешев.

Әрине, арнайы құрылғы болса үлкен көмек болары сөзсіз. Жазуды өшірумен бірге оны жазушыларды бақылау да маңыз­ды. Жартасқа жазу жазып жатқан жанды оның кім екеніне қарамай құқық қорғау ұйымына баяндау – біздің қо­ғамның санасына кірмеген үрдіс. Сон­дықтан теріс әрекетті дер кезінде анықтау үшін техника қажет. 

«Мен осы Баянауыл өңірінің тума­сымын. Табиға­­­­тымнан қоршаған ортаға деген жанашырлығым өзге­­­­ше. Тұмса табиғаттың бір тасын кері төңкеріп тас­тасаң да зиян келтіргенің. Осыны қа­зіргілер білмейді де. Жасыбай көлінің жағасында туып, сонда өсіп кейін табиғат қорғаушысы болдым. Қазір Торайғыр ауылындағы Өлкетану музейінің қызмет­­керімін. Жердің шырайын келтіретін осы табиғат. Жанашыр ретінде талай турист­пен сөйлестім. Тіпті, тасқа жазу жазып ағашты кесіп жатқан жандардың әре­кетіне тосқауыл болдым. Оларға «Жер анаға қас қылма, табиғат сенің қорғау­шың» деген мәтелді түсіндіріп беремін. Талай жас райынан қайтып өзіме алғыс айтып кетіп жүреді. Кейбіреулерге бәрібір. Қазір мемлекет вандализмге қар­сы күресті күшейтіп жатыр ғой. Өте дұрыс шешім. Тек табиғат жана­шыр­ларының, табиғат қорғаушыларының санын көбей­ту керек. Менің бі­луімше, осы Торайғыр көлі маңында 2-3 қана табиғат сақшысы бар. Олардың санын арттыру керек. Қатарға жастарды тартса деймін. Одан кейін түрлі техникамен, дрондармен жабдықтаса бәрі ойдағыдай болады. Ал табиғат қорғаушылар қата­рына жастарды тартудың түрлі меха­низмінің бірі – олар­ды техникамен қам­тамасыз ету. Жастар жаңа техноло­гияның мең­геріп алған ғой. Әйтпегенде көп қор­­ғаушының жасы зейнет қата­рында», – деп сөзін аяқтады табиғат жанашыры Жасыбай Ізтілеуов.

Демала барып Бурабай мен Бая­науыл­дағы көрі­­ністерді өз көзімізбен көргенде адамдардың кейбір әрекетіне налисың. Жуықта ғана өшірілген жазуы бар жерге қайта өрмелеп барып өз ат­тарын таңбала­­ған­дардың ісіне не айтарымызды да біл­медік. Тіпті, кейбір жердегі биік жартасқа арнайы техни­каның көмегімен шықпасаң онда өр­мелеу мүмкін емес құсайды. Бірақ ван­далдар сондай қиын әрі экстремалды орындарға шың бағындырғандай кейіпте шығып, өз есімдерін таңбалап кетеді. Мұнда қандай мақсат, қандай ләззат барын біз түсіне алмадық.

Былай қарасаң, вандалдар тіпті жер мен орынды таңдамайтын да секілді. Үлкен қалалардағы мәдени орындар мен дема­латын саябақтарға да түрлі жағдайда зиян келтіріп жатады. Мысалы, былтыр жас белсен­­ділер мен құқық қорғаушы­лардың араласуымен Ас­танада алты ай ішінде ӘҚБтК-ның 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша 555 хаттама толты­рылған екен. Мұнда да сол әр жерге өз есімдерін не руын жазып қалдырғандар. Астана дейміз-ау жуырда әлеуметтік желіде Чикагоның қақ ортасындағы ескерткішке «Шымкент», «Атырау» деп өш­­пестей етіп жазып кет­­­кендер де анықталды. 

Сондықтан вандализммен күресудің кешенді шаралары тек табиғи қорықтар мен киелі орындарда ғана емес, жаппай ел аумағында жүргізілуі керек. Тіпті, кез келген азаматтың бойына табиғатты аялау қасиетін дарытудан бастаса істің оңалары сөзсіз.

Бердібек ҚАБАЙ