Қызметтік көлік – қызмет үшін. Бүгінде мұны басшылар ұғынатын кез жеткен. Олай дейтініміз, бұрын қызметтік көлікті той-томалаққа мініп, одан қалса бала-шағасын бөбекжайға тасығандарға бақылау күшейіп, жаза басқандар қатаң жазаланған болатын. Осы «таяқ» өзгелерге сабақ болады деп күткенбіз. Алайда Жамбылда қызметтік көлікті қалауынша мініп, «жүгенсіз» жүргендердің саны әлі де азаймай тұр.
Қызметтік көліктің қызығын кім көріп жүр?
коллаж: Елдар ҚАБА
1,833
оқылды

Мемлекеттік қызмет саласындағы ба­қы­лау басқармасы берген ақпаратқа сүй­енсек, Жамбылда жыл басынан бері қыз-меттік көлікті қызметтен тыс уақытта пайдаланудың 22 дерегі тіркеліпті. 

– Жамбыл облысы әкімдігінің Цифр­лық технологиялар басқармасының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 594AS08) биылғы 4 сәуірде түнгі сағат 00:44-те, яғни жұмыстан тыс уақытта «Тараз–Қайнар» тасжолының 476,55 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Салынған әкімшілік айыппұлдың мөлшері 36 920 теңгені құрайды. Сондай-ақ Байзақ ауданы Дихан ауылдық округі әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 956АН08) биылғы 30 наурызда сағат 15:56-да (демалыс күні) «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автодәлізінің 351 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Мұндағы салынған әк­ім­шілік айыппұлдың мөлшері – 18 460 теңге. Одан бөлек, Меркі ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 087JO08) биылғы 21 сәуір демалыс күні түнгі сағат 03:19-да «Алматы–Бішкек» тасжолының Қаскелең қала­сына қарай бағытта жылдамдықты асырғаны үшін, Жамбыл ауданы әкімі ап­­пар­атының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 074JO08) биылғы 4 мамырда кешкі сағат 19:00-де (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін, Қордай ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 053JO08) биылғы 16 маусымда түнгі сағат 02:11-де (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 455AF08) биылғы 5 мамыр­да кешкі сағат 18:40-та (демалыс күні) Та­раз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін және Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмері 696AN08) биылғы 23 мамырда түнгі сағат 00:13-де (жұмыстан тыс уақытта) «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» тасжолының Кенен ауылында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әр көлік жүр­гізушісіне 18 460 теңге көлемінде әкім­шілік айыппұл салынған, – дейді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бас­қар­масының бас маманы Еламан Інжат.

Ал Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігіне (мемлекеттік нөмері 118JO08) биылғы 25 наурыз күні таңғы сағат 06:19-да «Меркі–Шу–Бурылбайтал» тасжолының 191 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін 36 920 тең­ге көлемінде айыппұл жазылған. Дәл сондай Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметтік автокөлігіне (мемлекеттік нөмері 113AP08) 11 наурыз күні таңғы сағат 05:05-те «Шымкент–Тараз» тасжолының 534,62 шақырымында жол ережесін бұзғаны үшін 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жалпы, қызметтік автокөліктерді қыз­меттік емес мақсаттарда пайдалану бо­йын­­ша Жамбыл ауданында – 4 дерек, Меркі ауданында – 3, облыс әкімдігінің Білім басқармасына қарасты бөлімдерінде – 3, Байзақ ауданында – 2 және Мойын­құм ауданында – 1 дерек тіркеліп, айыппұл жазылып отыр. 

Айта кетейік, бұл жайттар жол бойындағы бейнекамералар арқылы анықталған. Сондықтан сол күні көлікте мекеме басшы­сы болды ма, жоқ па оны тап басып айту қиын. Себебі бейнекамера арқылы көлікте қанша адам болғанын анықтау мүмкін емес. Алайда басшысыз шопыр қызметтік көлікті демалыс немесе қызмет­тен тыс уақытта пайдаланды дегенге сене алмайсың. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шарипов бұл деректер бойынша жіті тексеріс болатындығын айтады.

– Бұл – мемлекеттік қызметтің норма­сына сай келмейтін жағдай. Қызметтік кө­лік тек қызмет барысында пайдалануы керек. Сол себепті біз қызметтік көліктерді демалыс немесе жұмыстан тыс уақытта пайдаланған адамдарды анықтап, шара қа­былдайтын боламыз. Ол үшін нақты тексерістер жүргізіледі, – дейді Әдеп жөн­індегі кеңестің төрағасы. 

Бір қырынан қарасаң түн мезгілінде басшысының рұқсатынсыз шопырдың қызметтік көлікпен қыдырып жүр деу  еріксіз езу тартқызады. Сондықтан мұнда ақиқат су бетінде қалқып тұрғандай.

 Айтпақшы күні кеше Талас ауданы Қаратау қаласында тазалыққа жауапты мекеме басшылары мемлекетке тиесілі төрт көлікті сатып жіберген жағдай тіркелген болатын. «Таза–Талас» кәсіпорнының директоры мен орынбасары алдымен автокөліктерді жарамсыз мүлік ретінде есептен шығарып, кейіннен қолма-қол ақшаға сатып жіберген. Нәтижесінде, мемлекетке 22 миллион теңге залал келген. Ал мемлекет мүлкін талан-таражға салған жауаптылар 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ әрқайсына мемлекеттік қызметте лауазымдық қыз­мет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Міне, осылайша мемлекет мүлкін «майшелпекке» айналдырғысы келгендер абақтыдан бір-ақ шығып отыр. Сондықтан қызметтік көлік мәселесі атүсті қарайтын нәрсе емес. Жоғарыда айтылған деректер бойынша да жауаптылар тиісті жазасын алады деп сенеміз. Әйтеуір «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» жүрмесе болғаны.

Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі, қызметтік көлікпен жол ережесін бұзғандарға барлығы 221 520 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал белгіленген заңдылық бойынша айыппұл қағазы қызметтік көлік тіркелген мекемеге жолданып, соның ес­еп­шотынан төленеді. Сонда бұл да мем­лекет қаржысын талан-таражға салу емес пе? 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы