Астанада өтіп жатқан Өзбекстанның мәдениет күндерінде Ұлттық музейде өзбек халқының бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылды.
Ұлттық музейде – өзбек өнері
828
оқылды

Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары көрші елдің бай мәдени мұрасымен, дәстүрлерімен жақынырақ танысты. Көрмеде өзбек суретшілерінің соңғы онжылдықтағы үздік туындылары, заманауи кескіндеме кілемдері мен қолөнер бұйымдары қойылған.

Көрменің бейнелеу өнері бөлімі Өзбекстанның халық суретшісі Акмаль Нурдың және бірқатар талантты қылқалам шеберінің туындыларымен толықтырылған. Мұндай экс­позияциялар қазақ пен өзбек өнерінің ұқсас және жаңа биікке бірдей кө­­­терілге­нін айқын дәлелдейді. Өзбекстанның көр­кемдік көрме дирекциясының директоры Орзиқул Рузиевтің айтуынша, көрмеге соңғы он жылдағы туындылар қойылса да, өз­­бек халқының көркемсурет өнері осыдан бірнеше жүз жыл бұрын қалыптасқан.

– Қазақ пен өзбек халқының тұрмыс-тіршілігі бір-бірімен өте ұқсас. Осындай көрмені Қазақстанға әкелудегі мақсатымыз – өзіміздің мәдениетімізді жақыннан таныстыру. Бірақ көрме үшін үш күн деген өте аз уақыт. Дегенмен бәріміз бір түркі халқы бол­ғандықтан, екі ел арасындағы мәдениетті кеңінен таныстыру үшін жет­кілікті деп ойлаймын. Өйткені мәдениет жолындағы даму мақсаттарымыз мен бағыттарымыз бірдей. Көрмеге күнделікті тұрмыста қолданатын және музейде экспонат ретінде сақталған заттарымызды әкелдік. Ілулі тұрған картиналарда, текемет пен алашаларда өзбек халқының бүгінгі күйін көруге болады, – деді ол.

Көрме директорының айтуынша, елімізге Өзбекстанның дәстүрлі өнерін ашып көрсететін туындылар іріктеліп әке­лінген. Нақтырақ айтқанда, ташкенттік заманауи шеберлердің ағаш­тан ойып немесе ағашқа өрнек­теп салған бұйымдары, Ташкент, Бұхара мен Самарқанд шеберлерінің сюзане кестелері, марғұландық шеберлердің қол­дан тоқыған атластары мен жібектері, Риштан мен Гиждуван шеберлерінің нақыштары мен миниатюралары, керамика бұйым­дары. Оларды әртүрлі буын шеберлері, әсіресе өзінен үлкен шеберден, мықты маманнан үйренгенін ары қарай дамытып келе жатқан жастар жасаған.

Аталған көрме бүгінгі өзбек мәдениетін таныстыру және тәуелсіздік жылдары екі ел арасында қалыптас­қан мәдени-ақпараттық диалогты жалғастыру мақсатында жасалған. Осы тұста көрме жетекшісі Лобар Мирзабаева мұндай іс-шараның қазақ үшін де, өзбек халқы үшін де маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Өзбек суретшілік өнері ертеректе пайда болды. Барлығы бір сурет мектебінен шықты десем артық болмас. Суретшілер арасында буын алмасу кезеңі үнемі жүріп отырады. Біз бұл жерге көптеген талантты суретшінің туындыларын алып келдік. Ішінде этникалық қазақ суретшілердің де қылқаламынан тамған суреттер бар. Мәселен, қарақалпақстандық Саидбек Сабирбаев қарақалпақ келіншектің картинасын әкелген. Бұл картина «Беташар» деп аталады. Тағы Ерік Құлманов есімді этникалық қазақ суретшісінің туындысы қойылды. Қазақ-өзбек ұлттарына ортақ аспапта ойнап отырған бақсының картинасы да ілулі. Білесіздер, Өзбекстанда қазақ диаспорасы өте көп. Сондықтан біз­дің суретшілік өнеріміздің дамуына қазақтардың да ықпалы зор десем болады. Алишер Хамдамов пен Сардор Аллабергенов – ежелгі Бұхара қаласының көрінісін бояумен көз алдымызға келтірген суретшілер. Айт­пағым, бүгінде қазақ пен өзбек хал­қының мәдениетін қарастырғанда біршама ұқсастық бар екенін байқауға болады. Өйткені көшпелілердің ұрпақтарымыз. Ал мұндай көрмелер екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түспек әрі екі елдің өнерпаздары бірігіп, тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі әлеміне ортақ мәдениетті дамыту керек, – деді көр­ме жетекшісі Л. Мирзабаева.

Көрменің қолданбалы өнер бөлі­мінде өзбек шеберлері жасаған заманауи бұйымдар ұсыныл­­ған. Өзбекстанның ұрпақтан ұрпаққа беріліп жатқан мұндай өнері көпғасырлық дәс­­­түр­­ді қамтиды. Ұлттық музейге қо­йылған өзбек халқының мәдениетіне, дәстүріне қатысты көрме бұған дейін Пекиннің, Оң­түстік Кореяның, Латвияның музейінде ұйымдастырылыпты. Көрме жетекшісі халық өмірі мен тұрмыс-тіршілігінің барлық жағын қам­титын дүниелер көпшіліктің қызығушылығын арттыратынын негізге алды. 

– Көрменің екінші бө­лімі – қолданбалы өнер. Бұ­ларсыз ешқандай көрме өткізе ал­маймыз. Халық шығармашы­лығының бұқаралық сипаты, эстетикалық армандары мен жасампаздығы Өзбекстан мәдениетіне деген әлемдік қауымдас­тық­тың жоғары қызығу­шылығын айқындап берді. Заманауи кескіндеме туындылары шығыстың ежелгі аңыздарынан, поэзиясы мен тарихынан рух­­танған романтикалық бейнелерден бастап, Өзбекстанның сұлу табиғаты мен ұлттық тұрмысына тән сипаттарын ашып көрсететін нақты сюжеттерге дейінгі суретші­лердің стилистикалық ерекшелікте­рінің әртүрлілігін, қызығушылықтары мен шығарма­шылық көзқарастарының кең ауқымын көрсетеді. Мұндай көрмелер екі бауырлас елдің арасындағы мәдени байланыстың одан әрі дамуына оң ықпалын тигізіп, қос халық­тың тамыры тереңде екенін айғақ­тай түседі, – деді ол.

Өзбекстанның халық суретшісі Акмаль Нурдың көрмеге үш бірдей суреті қойылған: «Той», «Сұхбат» және «Колибри және таң». «Той» деп аталатын суретінде қалыңдық бейнеленген. Бұл еңбегінің бағасы 15 мың АҚШ долларын құрайды. Ал «Сұхбат» атты суретінде гүл шоғы салынған. Ал «Колибри және таң» суретін таңертең салған. Екі суреті де 6 мың АҚШ долларын құрайды.

Экспозицияға ағаштан жасалған бұйымдар, сюзане кестелері, адрас, қолдан тоқылған жібек, шекіме және миниатюралық шеберлердің жұмыс­тары, сондай-ақ әртүрлі аймақтардан келген керамика сияқты барлығы 180-нен аса аса сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған.

С. БЕГІМБАЙ