Марқұм төрт адамға жүрек, бауыр және екі бүйрегін берген.
Ағзасын беріп, 4 адамға өмір сыйлады: Денсаулық сақтау министрі донордың әкесін марапаттады
2,248
оқылды

Қайтыс болғаннан кейін 4 адамға ағзасын берген донор 18 жастағы студент еді. Ол жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттарынан көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың ұзақ уақыт бойы орган трансплантациясын күткен төрт пациенттің өмірін сақтап қалған қайтыс болғаннан кейінгі донордың әкесіне "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісін табыстады.

– Сіздің батыл және адамгершілікке толы әрекетіңіз бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, ауыр аурудан зардап шеккендерге жаңа мүмкіндік пен үміт сыйлады. Сіздің мысалыңыз отандастарымызды, медициналық қоғамдастықты, пациенттерімізді игі істер жасауға шабыттандыруы мүмкін, – деді Әлназарова.

Шымкент қаласының жүрек орталығында донордың жүрегі 58 жастағы науқасқа ауыстырылды. Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 58 жастағы әйелдің бауыры трансплантацияланды. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Ал екінші бүйрек Астанада University Medical Center клиникасында 16 жастағы балаға салынды.