Әжеміз аяғын ілбіп басса да, қара жұмыс істеп жүр.
"Күнкөрісіміз қиындап кетті": Алматы облысында зейнеткер әже аула сыпырып жүр
фото Алихан Сариев
4,495
оқылды

Жақында ғана әлеуметтік желіде аула сыпырып жүрген әженің бейнежазбасы кеңінен таралды. "Әжеміз әрең жүрсе де, жұмыс істеп жүр. Жасы 80-ге таяп қалған болар" деген автордың жазбасынан кейін бейнежазба ел ішінде қызу талқыға түсті. Кейіпкерді тауып, әжейдің қартайған шағында жұмыс істеуінің себебін білген tengrinewskz сайтының материалын жарияладық.  

Әжеміздің есімі  Айсәуле Байқуатова, жасы – 65-те. Әлеуметтік желіде әже өзінің жұлдызға айналғанын білмек түгілі, өзгелердің оны түсіріп алғаны жайында хабарсыз.

"Бүкіл өмірім осылай қара жұмыста өтті"

Айсәуле апа Алматы облысына қарасты Шамалған стансасында ұлымен бірге тұрады. Ұлы үйленген, ерлі-зайыптының 5 баласы бар. Ең үлкені – 14 жаста, ал кішісі екі жаста.

Зейнеткердің айтуынша, ол Қарақалпақстаннан көшіп келген. Сол жақта туып-өскен ол өмірінің көбін өз елінде өткізіпті. Қазақстанға ұлының қолына көшіп келген. Оның есімі – Қоралбек Алданазаров. 

"Ұлым ғана емес, қызым да осы Қазақстанда, бірақ ол Астанада тұрады. Тағы бір қызым елде қалып қалды", – дейді әже. 

Айсәуле апа қажеттіліктен қартайған шағында жұмысқа шыққан екен. Өйткені ұлы Қоралбек үй тұрғызу үшін несие алған. Ал оның бір айлығы әулеттің күнкөрісіне де жетпейді. Ол да анасының жұмыс істемей үйде отырғанын қалайды. Бірақ зейнеткер жұмысқа шықпаса күнелту мүлдем қиындап кететінін мойындады.

– Көз ашқалы тыным таппай, еңбек етіп келемін. Күйеуім дүниеден ерте кетті, балаларымды асырау керек болды. Жастайымнан егістікте жұмыс істеп, кейін теміржол зауытында, құрылыста да жүрдім. Бүкіл өмірім осылай қара жұмыста өтті. 2017 жылы ұлым нәпақасын табу үшін Қазақстанға кетті. Екі жылдан кейін біз көшіп барып, осында қоныстандық, – деді Айсәуле апа.

Қоралбектің өзі станцияда жұмыс істейді, оның жалақысы  – 250 мың теңге.  Ал, ай сайынғы несие төлемі – 126 мың теңге. Оның үстіне келіншегі жұмыс істемейді, үйде балаларды қарайды. Айсәуле апаның алатын зейнетақысы – 66 мың теңге. Ұлының бір жағына шығысып, көмектеспек болған қарт ана жұмысқа шыққан.

"Құл базарына" Айсәуле апа таңғы 5-тен жиналады 

 – Стансадағы дүкеннің жанында жалдамалы жұмысшылар тұратын жер, яғни "пятак"-қа бардым. Сол жерде Бота және Тұрсынай деген бригада басшылары менің жұмысқа тұруыма көмектесті. Мені ешкім қинап, мәжбүрлеген емес, "құл базарына" жұмыс істеуге өзім келдім. Арасында демалғаным болмаса, жұмысқа күнде шығамын. Мені көбіне жеңілдеу орынға қойғандықтан, жұмыс аса ауыр емес, – дейді ол.

Осы жұмысқа жету үшін зейнеткер таңмен таласа тұрады екен.

"Үйден таңғы 5:30-да шығамын, 6:20-да көлікке отырамын. Негізі бригада басшыларының жеке көлігі бар, "пятак"-қа барғанымда күнде мені сол жерден әкетіп, жұмысқа жеткізіп салады. Содан 16:30-да жиналып, 17:00-де үйге қайтамыз", – деді Айсәуле апа. 

Оның айтуынша, бұл жерде ай сайын алып отыратын тұрақты жалақы жоқ. Штаттық қызметкер болмаған соң еңбекақысы күнбе күн, істеген жұмысына қарай төленеді. 

"Бергенін аламын. Ол жердегі қыз-келіншектер де қолындағы барымен бөлісіп, көмектеседі. Шыны керек, кейде үйде нан да болмай қалады. Сондай кезде қаладан 5-6 бөлке нан әкелемін", – дейді зейнеткер. 

Зейнеткер тұрмыстық жағдайы түзелмейінше "құл базарында" жүре бермек

Айсәуле апаның екі немересі оқушы, биыл тағы біреуі мектепке барады.

"Жақын жерде мектеп жоқ. Бізден 15-20 шақырым жерде, Екпіндіде мектеп бар. Бірақ оған балаларды жеткізу қиын. Әрине, екі арада автобус жүреді. Алайда бір бала үшін жол ақысы – 6 мың теңге. Әу баста үйді мектепке жақын жерден алмақ едік, бағасы ұшып тұрды. Жердің өзі 2-3 миллион ғой", – дейді Қоралбек.

Олардың қазір тұрып жатқан үйінде тұрмысқа қолайлы ешқандай жағдай жасалмаған. Әжетханасы далада, газ тартылмаған, еденнің өзі қара жер, ешқандай тақтай төселмеген. Жер сілкінісінен кейін үйдің қабырғасы жарылып кеткен. 

Зейнеткердің ұлы әсіресе қыс кезінде қатты қиналатынын айтты.

"Қыста өте қиын. От жағып, пешті көмірмен қыздырамыз. Түнгі сағат 3:30-да тұрып, пешті жағып, таңғы 5-те жұмысқа шығып кетемін",  – деді Қоралбек.

Оның айтуынша, әпкелерінің де оған көмектесуіне мүмкіндік жоқ. Әрқайсысының өз отбасы, несиесі бар. Олардың тапқан-таянғаны өздерінен аспайтынын жеткізді. Мысалы, жақында үйіне су құбырын тартқызған, сол үшін тағы да несие алған. Басқа амалы да болмаған. 

Айсәуле апа соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүргенін мойындаса да, өмірдің қиындығына шағымданбайды.

"Құдайға шүкір, менде бәрі жақсы. Тек бір аяғым істемей қалды. Өткенде құлап түстім. Қолыммен бетімді жауып үлгердім, бірақ аяғымды шығарып алдым ", – дейді ол.

Соған қарамастан зейнеткер жұмысын тоқтатпады. Тіпті, әлі демалысқа шықпайтынын айтты. "Жағдай түзелмейінше әлі істей беремін. Алла қуат берсін!", – деді Айсәуле апа. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.