Биыл 38 есірткі зертханасы жойылды, оның ішінде 24-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша.
Қазақстанда есірткі зертханасын ұйымдастырған шетелдіктер ұзақ мерзімге сотталды
977
оқылды

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Астана және Ақмола облысындағы әріптестерімен бірге 2023 жылдың тамыз айында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған бірнеше шетелдіктің қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшыларының кәсібилігінің арқасында есірткі зертханасы әшкереленіп, заңсыз айналымға 40 келіден астам “синтетика” жіберілмеді.

Күдіктілер Қазақстанға есірткі өндірісін ұйымдастыру үшін келген. Сонымен қатар Астанада есірткі өткізу арнасын жолға қоймақ болған.

Алдымен елге қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы келді. Ол елордада пәтерді жалға алып, есірткі зертханасын іске қосуға дайындалған.

Арнайы мақсатта Ақмола облысы Ерейментау қаласының шетінде үй алынған. Қазақстанға шетелден келетін сыбайластары үшін автокөлік те сатып алған. Ұйымдастырушы барлық қажетті жабдықтар мен прекурсорларға есірткі өндірісіне машықтанған сайттар арқылы тапсырыс берген. Олар контрабандалық жолмен жеткізілген. Дәл осы кезеңде қаскөйлер полицияның назарына ілікті.

– Сот ұсталғандарды ҚР ҚК-нің 264-бабының 1-бөлігі (Трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету), 28-бабының 3-бөлігі, 297-бабының 4-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындауға, қайта өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға қатысу) бойынша кінәлі деп таныды.

Ұйымдастырушыға 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның сыбайластары 21 және 22 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді ІІМ өкілдері. 

Биыл 38 есірткі зертханасы жойылды, оның ішінде 24-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша. 183 келіден астам “синтетикалық” есірткі, жарты тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету фактілері бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.