Алтын адам Наурыз мерекесінде Қазақстанға оралады
Алтын адам Наурыз мерекесінде Қазақстанға оралады
787
оқылды
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2020 жылғы 18 наурыз күні сағат 17.00-де Үндістан Республикасы Нью-Дели қаласында Үндістан Ұлттық музейінде «Ұлы дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесін ашады. Көрме Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы аясында 2020 жылғы 18 наурыз – 19 сәуір аралығында өтеді. Көрменің басты жәдігері «Алтын адам» – ел рәміздерінің ажырамас бөлігіне айналған Қазақстан тарихындағы ең танымал археологиялық сенсация. Алтын адам 1969 жылы Алматының маңайындағы Есік қорғанында археолог Кемал Ақышевтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде табылды. Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды. Үндістан Ұлттық музейіне ұсынылған көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. Есік Алтын адамы – халықаралық көрме жобасының аясында әлемнің 12 музейінде ұсынылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің басты жәдігері. Көрме Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грецияда үлкен жетістікпен өтті. Бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше. Сонымен қатар, көрмеге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық отряды 2012 жылдың сәуірінде қазба жұмыстары кезінде табылған «Тақсай ханшайымы» ұсынылады. Тақсай қорымында ғалымдар 35-40 жастағы әйелінің қоғанын зерттеді. Оның қасында ыдыстар, сәнді бас киімнің әшекейлері және көптеген алтын бұйымдар табылды. Ғалымдар шайқастардың көріністерін бейнелейтін ағаш тарағы ерекше артефакт деп санайды. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 292 зат ұсынылады. Көрменің ресми ашылуының алдында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Үндістан Ұлттық музейі өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.