Соңғы кездері тек қана ұялы байланыс қызметтерін ұсынудан түсетін кірістердің төмендеуі телеком индустриясындағы жаһандық трендке айналды. Сол себепті көптеген нарық ойыншысы «жан бағу» үшін өз қызметінен тыс жаңа өнімдерді ұсына бастады.
Байланыс қызметі «банкке» айналып бара ма?
1,384
оқылды

Қазір сарапшылар арасында осындай цифрлық және телекоммуникациялық шешімдер арасындағы сервис – «телекомнан тыс қызметтер» деген атауға ие болды. Бұл процестер қазақстандық нарыққа да әсер етуде. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы мобильді операторлар да «экожүйе» болуға ұмтылатынын көрсете бастады.

Сала сарапшыларының пікірінше, соңғы кезде телеком компаниялары ау­қымды трансформацияны бастан өткеруі мүмкін. Себебі байланыс қызметін ұсы­нушы мекемелердің кірісі кеміп, шығы­ны арта түскен. Ал тозығы жеткен жабдық­тар қол байлайды. Кавказдағы және Орта­лық Азиядағы KPMG технологиялық кеңес бе­ру бөлімінің менеджері Әсел Хамитова PROFIT Telecom Day 2024 ша­расында те­леком компанияларын технологиялық компанияларға айналдыру мәселесін кө­терді. Оның пікірінше, дәстүрлі теле­ком­муникациялық компаниялардың негізгі проблемаларының қатарына күрделі шы­ғындар, білікті кадрлардың жетіспеу­шілігі интеграция мәселесі, ескі құрылғылар ар­қылы клиенттердің жоғары сұранысын қа­нағаттандыру мәселелері жатады. Олар­дың қатарына инфрақұрылым мен техно­логияға инвестициялар, жаңа цифрлық технологиялар саласындағы білім мен тәжірибенің жетіспеушілігін жатқызуға болады. Дегенмен технологиялық телеком ­компаниялар (techco) деректерге негіз­делген шешімдер қабыл­дауды көздейді, клиент қажеттіліктерін басты назарда ұстайды, ауқымын кеңейтіп, икемді бола түсу үшін бұлттық техноло­гияларды пай­даланады. Сондай-ақ әртүрлі цифрлық қызметтер портфелін ұсынады. Сарап­шының пікірінше, телеком­муни­кация са­ласы дәл осындай трансформацияға ұм­тылуы керек. 

Тұтынушы сұрауына сай болса игі

Ұмтылып та келеді. Мысалы, 2021 жы­лы Beeline ұялы байланыс операторы на­рыққа өзінің мобильді қаржы сервисін шы­ғарған болатын. Beeline Қазақстанның Жаңа биз­несті дамыту жөніндегі коммер­циялық директоры Максим Цвыков әр абонент банк клиенті секілді мүмкіндіктерге ие екенін алға тартады. 

«Мобильді қаржылық қызмет» анық­тамасының мағынасына үңілгенде, оның тек қана қаржылық қызмет көрсететін банк ұйымдарынан айырмасын түсінуге болады. Мысалы, кез келген коммерциялық банк туралы ойлағанда не елестетеміз? Бөлім­шеге барып, сол жерде шот ашып, карта алуыңыз керек. Бұл тұрғыда Simply мобиль­ді қаржы сервисінің бәсекелестік артықшы­лығы Beeline Қазақстанның іргелі активіне негізделген. Өйткені әрбір абоненттің транзакциялар жасауға болатын банктік шот немесе әмияны секілді өзінің ұялы нөмірі мен ондағы теңгерімі бар. Егер банк­тер миллиондаған шоттармен мақтана алса, бізде он миллионнан астам «банктік» пайдаланушылар бар. Олардың әрқайсы­сында төлем жасауға болатын шоты бар екен. Біз осы жағдайды пайда­лануға тырыс­тық. Сондықтан бастапқыда тұтыну­шы­ларымызға мобильді баланстан тікелей бір­неше төлем жасауға мүмкіндік бердік», – дейді ол.

Оның айтуынша, мобильді теңгерімді банк, терминал, аударымдар секілді кез келген жолмен толтыруға болады, сонымен қатар мобильді шоттың жарамдылық мер­зімі мен қызмет ақысы жоқ. Компания өкілі мобильді қаржы жүйесінің ауқымын кеңейту барысында белгілі бір кедергілер болғанын айтты. 

«Екінші кезеңде абоненттерімізге тұ­рақты және міндетті төлемдердің толық спектрін ұсындық: әртүрлі интернет-қыз­меттердің шоттарын толтыру, комму­налдық қызметтерді төлеу, жол жүру және т.б. Мұ­ның бәрін мобильді теңгерім есебінен төлеуге болады. Бірақ сауда орталығында киім-кешек үшін төлеуге немесе онлайн-дүкенде сатып алуға болмайды. Бұл – төлемдер тізімін кеңейту барысында тап болған басты мәселе. Содан кейін жаһан­дық ойыншы Visa компания­сымен ын­тымақтастық идеясы пайда болды. Біз­дің экожүйенің басты мақсаты – өнім­де­ріміз арасында тығыз байланыс ор­нату», – дейді М.Цвыков.

Қазір ұялы байланыс операторы клиент­терге мынадай қаржылық қызмет­терді ұсынады: мобильді теңгерім ауда­рымы, банк картасына аударымдар, жо­л­ақы, коммуналды қызметтерге, ақылы жолдар мен көлік тұрағы үшін ақы төлеу, несиелерді өтеу, балансты қолма-қол ақ­шаға айналдыру; ойын шоттары мен Satti Zhuldyz лотореясын толтыру және т.б. Компания өкілі «Ұялы байланыс операторы қалайша қаржылық қызметтерді ұсына ала­ды?» деген сауалымызға Beeline төлем ұйымының агенті ретінде қызмет ұсына­тынын жеткізді.

«Ол абоненттерге ЕДБ (екінші дең­гей­дегі банк) шығарған электронды ақ­шаны сатады. Әрі қарай абоненттер қызметтер мен тауарларды жеткізушілермен осы ақша арқылы есептеседі. Яғни, біз мобильді қосымшалар, USSD командалары немесе SMS арқылы ұялы байланыс теңгерімдерін қолдана отырып қаржылық қызметтерді ұсынамыз. Бұл пайдаланушыларға ыңғайлы және қолжетімді», – делінген жауапта.

Ойын бизнесіне пайдаланып отыр

Ал «Кселл» АҚ «Айқын» газетіне қазір еш­­қандай қаржылық қызмет көрсетпей­тінін жеткізді. 

«Себебі мұндай операцияларды жасау үшін арнайы лицензиясы болуы керек. Бізде ешбір қаржылық ұйымдармен келі­сімшарт болған емес және болмайды. Бар­лық төлемдерді, келісімшарттар мен түр­лі есеп айырысуларды Ұлттық банкте тіркел­ген төлем ұйымдары ғана жүргізеді және олар AML үшін жауап береді. 

Ал букмекер және онлайн казино қызметі үшін төлем жасау мәселесіне келер болсақ, баланстағы қаржымен төлеу қыз­метін біздің абоненттер үшін Ұлттық банк­те тіркелген қаржылық институттар, банк­тер мен қаржы ұйымдары ғана жүзеге асы­рады. Оларды тексеру біздің құзыре­тімізде емес», – деп жауап берді «Кселл» компаниясының өкілі.

Әрине, байланыс саласы – жаңа техно­логияларға арқа сүйейтін негізгі иннова­циялық секторлардың бірі. Дегенмен бар­шаға жасалған қолайлы мүмкіндіктер ойын бизнесінің де айын оңынан тудырып отыр­ғанын көреміз. Жоғарыда айтып өткені­міздей, азаматтар қазір ұялы байланыс теңгерімі арқылы онлайн-казино­ларда мен букмекерлік кеңсе сайттарында ойынға бәс тіге алады. «Күріштің арқасында күрмек су ішер» демекші, бұл мүмкіндіктер заңсыз ойын бизнесінің пайда табуына да септігін тигізуде.

Өткен айда Мемлекет басшысы қол қойған «Ойын бизнесі туралы» заңда осы аспектілер назардан тыс қалмағанын көр­­­дік. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ни­ки­та Шаталов заңсыз онлайн-казинолар төлем қабылдағанда тауар немесе қызмет түрін жасыру арқылы пайда тауып келгенін айтты. Оның пікірінше, жаңа заң норма­лары олардың осындай қитұрқы қызметін шектеуге мүмкіндік беріп отыр.

«Бұрын заңсыз онлайн-казинолар жай ғана бұғатталған, бірақ қазіргі уақытта біз бұғаттау жұмыс істемейтінін түсіндік. Өйт­кені бұл онлайн-казинолар айлаларды өте тез жасайды, яғни сайт басқа мекен­жайдың көмегімен қайта жасалады, және оны ойнай­тындар оңай таба алады. Туризм және спорт министрлігі қандай компанияға сатып алу жүргізіліп жатқанын көруге мүмкіндік алады. Осының арқасында төлем­дерді бұғаттауға болады, өйткені он­лайн-казино оларды басқа тауарлар немесе қызмет түрлері ретінде жасырады. Яғни, Дубайда киім-кешек, қызмет сатып алып жатқандай көрінгенімен, іс жүзінде бәс ті­гесіз. Осы­лайша, олар Қазақстандағы ха­лық­аралық төлем жүйелерін, банктер мен тө­­лем ұйымдарын алдайды. Енді бұл тө­лем­дерді бұғаттау мүмкіндігі бар және бұл қыл­мыстық қудалауда жүрг­ен заңсыз он­лайн-казино ұйым­дасты­рушылары үшін қо­­сым­­ша қиындықтар туғызады», – дейді ол.

Қанша адам қамтылған?

Қазіргі уақытта отандық байланыс на­рығында 20-ға жуық байланыс операторы (қалааралық және халықаралық телефония қызметтері, интернет желісіне қол жеткізу, спутниктік жылжымалы байланыс), сон­дай-ақ үш ұялы байланыс операторы жұ­мыс істейді. 3G, 4G және 5G тех­ноло­гия­ларын енгізе отырып, ұялы бай­ланыс або­ненттері ұялы байланыс желілері арқы­лы кең жолақты интернет желісіне қол жет­кізді. Бүгінде Қазақстанда 18 мил­лионнан астам мобильді кеңжолақты ин­тернет абоненті бар. Ұялы байланыс абоненттері арасында интернеттің ену дең­гейі 70%-ға жеткен. Халықаралық электр­байланыс одағының деректеріне сәйкес, Қазақстанда халық үшін мобильді интер­нет­тің қолжетімділік деңгейі 99%-ға, тір­келгені 96%-ға бағаланады. Ал Datareportal цифрлық технологиялар туралы зерттеуіне сүйенсек, 2024 жылдың басында Қазақстан халқының 92,3%-ы интернетті пайдаланған. Оның ішінде, 14 млн азамат әлеуметтік же­лі­лерді белсенді қолданады. Бұл 2023 жыл­­дың басындағыдан 3,7 млн адамға артық. 

Bytedance-тің жарнаманы жоспарлау құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, 2023 жылдың басынан 2024 жыл­дың басына дейін Қазақстанда TikTok жарнамасы қамтылған аудитория саны 3,7 миллионға (+35,4 пайыз) өскенін көр­сетеді. Бұл – әлеуметтік желілер арасындағы ең үлкен көрсеткіш.

Сондай-ақ GSMA Intelligence деректері ұсынылған, олар 2024 жылдың басында Қазақстанда 26,24 ми­л­лион ұялы байланыс абоненті бол­ғанын көрсетеді. Зерттеу авторлары бір адам бірнеше ұялы байланыс нөмірін қол­данатынын назардан шығармау керек­тігін еске салады. Қалай десек те, те­ле­комму­никация мен ақпараттық техно­ло­гиялар то­ғысы тұтынушыларға жаңа қыз­­меттердің қолжетімді болуына итер­мелеп отыр.

Кәмила ЕРКІН