Осыдан тура екі ай бұрын 3 бас жабайы жылқы тұқымының Қостанай облысы аумағындағы «Алтын дала» табиғи резерватына жіберілгенінің куәсі болғанбыз. Керқұлан-кертағы деп ресми атау берілген тағы жылқылардың жағдайын біз содан бері ұдайы зерделеп, бақылап отыруды жөн көрдік. Әрі жабайы жылқылардың жай-күйінен хабардар етіп отырмақ ниетіміз бар екенін жазғанбыз.
Торғай даласындағы «жетеу»: Кертағылар қалай жерсініп жатыр?
2,860
оқылды

Ғалымдар «Керқұлан-кер­та­­ғы» деп ресми түрде ат бер­­ген Пржевальский жыл­қы­сы­ның байырғы мекені – Орталық Азия, оның ішінде Қазақтың кең са­харасы болғаны рас. Жылқы тү­лігінің тұяғы қазақ даласына ти­геннен бері қарайғы екі ай ішін­де ғалымдар мен жануарлардың ден­саулығын бақылаушылар үне­мі зерделеп, олардың әр басқан қа­­­­дамын бағып отыр. Өйткені бұл өте маңызды әрі жауапты шаруа еке­ні анық. Тіпті, әлеуметтік же­лі­­де қыл құйрықтының бұл түрі ел­ге келген сәттен бастап «оның қа­зақ даласын жерсініп кетуі мүм­кін емес» деген пікірлер де көп бол­ды. Қуантатыны сол, жануар­лар Торғай жерін жатсына қой­мап­ты. Бір сөзбен айтқанда, жер­сін­діру жобасы сәтті жүзеге асып жатыр.

Қазақ даласында 19-ғасырға дейін тіршілік еткен Прже­ва­льс­кий жылқысын тарихи мекеніне қайтару мәселесі Қазақстан Үкі­ме­ті деңгейінде шешіліп, Гер­ма­ния мен Чехия Республикасы ара­сындағы тарихи-мәдени келіс­сөз­дер нәтижесінде олар байырғы мекеніне оралған-ды. 

19-ғасырдың соңына қарай әлем­де жойылып кетуі мүмкін де­лінген жабайы жануарлардың түр­лерін Германия, содан соң Че­хия Республикасы өздерінің та­биғи қорықтарына жеткізіп, тұқы­мын сақтап қалған. Ол үшін әрине осы елдердің ғылым мен табиғатқа деген жанашырлығына бас имек керек. 

Қазір Торғай даласына жет­кізіл­ген керқұлан-кертағылардың саны жетеуге жеткен. Бүгінде әлі де болса арнайы қоршау ішінде жүр. Бұл жайлы бізге Қазақ­станның биоалуантүрлілікті сақ­тау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова айтты. 

«Шаруаның басы қасында жүр­міз. Алғашқы сәттерден бастап істі қолға алғандықтан жылқы­лар­дың күнделікті ахуалы біздің ба­қы­лауымызда. Бүгінде жануарлар 2 топ болып жайылып жүр. Олай болатыны бізге жеткізілген 7 жыл­қының ішінде 2 айғыр бар. Осы екі топты екі бөлек қоршауға ен­гіз­дік. Дәл қазіргі кезде алаң­дай­тын ештеңе байқамадық. Себебі олар жергілікті орынға әбден тө­се­ліп алды. Қорек жеткілікті. Тіп­ті, өздігінен табиғат аясындағы суат­қа да еркін түсіп жүр. Бұған қа­рап біз жануарлардың өте бейім­делгіш екенін байқадық. Се­бебі Германия мен Чехияда жыл­қы­лар түгелдей қолдан жем жеп, суат орнынан астаудан су ішіп жүр­ген екен. Ал бізде ондай жоқ, бар­­лығы табиғи. Сондықтан жануарларды жерсіндіру әзірге сәт­­ті жүріп жатыр», – дейді. 

Қылқұйрықтылардың санын ал­дағы жылдары 40 не 50-ге жет­кізу көзделіп отыр. Бірақ биылша осы жетеуінің әбден жерсініп кетуі маңызды. Бұлар толық жер­сінген жағдайда Еуропадан қо­сым­ша жылқылар алдыру мүм­кін­дігі артады. Яғни, Торғай да­ла­сындағы жеті кертағы алдағы уақыттарда келетін жануарлардың мәселесін шешетінге ұқсайды. 

«Осы уақытқа дейін бізге 7 бас кер­құлан-кертағы (Пржевальский жылқысы) жеткізілген болатын. Жерсіндіру жұмыстары «Алтын дала» резерватының Ұлы Жылан­шық жер телімі мен Әліби жерсін­діру орталығында жүргізіліп жа­тыр. Чехиядан әкелінген 3 бас кер­құлан-кертағының 1 бас ана­лығынан жылқылар риноп­нев­мо­ния­сы анықталуына орай каран­тин мерзімі тамыз айының ор­та­сына дейін ұзартылды. Қазір жыл­қылардың жағдайы қалыпты. Жануарларды жерсіндіру орта­лы­ғының жалпы алаңы 180 гектар ау­мақты құрап отыр. Бұл аумақ тү­гелдей жерсіндіру үшін қор­ша­лып дайындалған. Мұндағы су көзі табиғи. Алдағы 5 жылдың ішін­де 50 басқа тарта жылқы әке­ліп жерсіндіру жоспарда тұр. 2024 жылы жеткізілген 7 бас керқұлан-кер­тағы алдағы 2025 жылдың көк­тем кезінде табиғи ортаға жібері­ле­тін болады. Демек, қоршаудың сыр­тына шығарылады. Бұл кезде де үнемі мемлекеттік инспек­тор­лардың бақылауында болады. Жыл­қыларды бақылауды Қазақ­стан­ның биоәртүрлілігін сақтау қауым­дастығының мамандары мен шетелдік ғалымдар бірлесіп жүр­гізіп жатыр», – дейді «Алтын да­ла» мемлекеттік табиғи резер­ва­ты директорының ғылыми жұ­мыс­тар жөніндегі орынбасары Серік­болсын Құлжанов. 

Қазақстанның орталық айма­ғын­да жабайы жануарлардың жаңа тобын өсіру жайлы идея 2008 жылы «Алтын дала» табиғатты қор­ғау бастамасының аясында кө­терілген болатын. Бұл жобаның не­гізгі бағыты далалы жерлерде ме­кен еткен, бірақ белгілі себеп­терге байланысты түгел жойылып кеткен жануарлар популяция­сын қалыпқа келтіру еді. Осы мақсатта Пржевальский жылқысы мен құлан таңдалған. Арада бір­не­ше жыл өткенде Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассо­циациясы «Алтын дала» мемле­кет­тік резерваты территориясында Пр­жевальский жылқысын реинт­родукциялауға арналған орталық са­лынды. Онда жануарды жерсін­діруге қажет барлық жағдай жаса­лып, арнайы мамандар шақырыл­ды. Алайда Пржевальский жыл­қысын Торғай даласына әкелу үшін жануардың алдымен Қызыл кітапқа енуі тиіс болып шықты. Жұ­мыс тағы біразға шегеріліп қа­лады. Мамандар жұмысты тоқ­тат­пас үшін керқұлан-кертағыны кейін­ге қалдыра отырып, Торғай да­ласына «Алтын-Емелден» құ­лан­­дарды әкелу жұмысын жүр­гіз­ді. Бұл жоба «Құлан дала» деп атал­ды. «Алтын дала» табиғатты қор­ғау бастамасы аясында құрыл­ған жобаға бірнеше ұйым кіреді. Олардың арасында Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассо­циа­циясы мен Ауыл шаруашылық министрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі ко­митеті, шетелдік ұйымдар, Нор­вегия, Германия, Ұлыбритания елдерінің табиғи қорықтары да бар. Шетелден келген арнайы ма­ман­дар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, құланды көшіру жұмыс­тарына қатысты. 

Шындығында, аталған жо­ба ел ішінде жүргізіл­се де өте сәтті орындалды. Әрі ма­­­ман­дарға мол тәжірибе жинауға мүм­кіндік берді. Вера Воронова­ның айтуынша, қазір сол құландар та­биғатта еркін жайылып жүр. «Тек сырттай ғана бақылап отыр­ға­нымыз болмаса, оларға келер қауіп енді жоқ», – дейді маман. 

Торғайға табаны тиген тұяқ­тыларды бақылап, олар­дың денсаулығын зерделеу өте маңыз­ды іс екенін айтады маман­дар. Себебі керқұлан-кертағылар ел ішінде жоқ, сондықтан сырт ел­ден, Еуропадан келіп отыр. Егер ара­сынан біреуін жазатайым өлті­ріп алсақ, үлкен шығын болады. Сондықтан бұл істе ықтияттылық керек.

«Жылқылардың денсаулығын кү­ніне екі рет: таңертең және кеш­ке бақылап отырамыз. Ол үшін біз жануарлардың күнделікті мінез-құлқын бақылай алатындай де­ректерді бейнеге түсіреміз. Одан бөлек, олардың тәбетін, белсен­ділі­гін, жалпы жағдайын мұқият қа­дағалаймыз. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, үй жылқысы мен Пр­жевальский жылқысының айыр­машылығы көп. Кертағы жыл­қыларында 66 хромосома бол­са, үй жылқыларында 64 хро­мосома бар, сондықтан екі түрлі қыл­құйрықтылардың жолығып қалуына жол бермеу керек. Пр­же­вальский жылқылары үй жылқы­ларына қарағанда зебраға бейім, мінез-құлқы агрессивті, сондық­тан оны қолға үйрету мүмкін емес. Жылқылар жабайы болғандықтан, тікелей жақындап, физикалық тек­­серу жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол үшін денсаулығын тұ­рақ­­ты визуалды бақылап оты­ра­мыз. Егер визуалды бақылаулар денсаулық проблемаларының бел­гілерін немесе әдеттен тыс мі­нез-құлықты анықтаса, біз қо­сымша тексерулер мен басқа да қа­жетті процедураларды қарас­тыра­мыз. Қазақстанда көктем мен күз мезгілі қауіпті кезең санала­тын­дықтан, кенеге қарсы вакци­на­ция жасау күзде жоспарлануда», – дейді Қа­зақстан биоалуантүрлілікті сақ­тау ассоциациясының ветеринар маманы Данияр Қалиев. 

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жылқы­лар­дың денсаулығына қауіп төніп тұр­ған жоқ. Қандай да бір проб­ле­малардың белгілері анықталса, олар ұлттық және халықаралық ве­теринарлармен бірге қажетті қадамдарға баруға дайын екен. 

Айтпақшы, сәтін салса, кер­та­ғылар бір жарым ғасырдай уақыт­тан соң қазақ даласында құлын­дауы мүмкін. Мамандар солай үміт етеді.

«Климатизация қораларының бі­рінде айғырдың биеге шапқанын бейнетаспаға жазып алдық. Бірақ дәл қазір бие буаз ба, жоқ па, оны се­­німді түрде анықтау мүмкін емес. Ол енді алдағы күннің енші­сін­де. Алғашқы белгілерді көктем­де ғана байқауға болады», – дейді Данияр Қалиев.

Егер шын мәнінде кертағы­ның биесі буаз екені рас­тал­са, әрине үлкен жаңалық бол­ға­­лы тұр. Мамандар «бие іш тас­­­тамай, құлындаса, онда жануар Торғай даласын жатсынбағанын білдіреді» дейді. 

Ал қазір қыс пен көктемде жей­тін шөп шабылып, арнайы жи­налған. Одан бөлек, әр жерге қыстың қатты аязы мен өкпек же­лінде пана болар үйшіктер тұр­ғызылыпты. Сәйкесінше, бұл маң­ға шөп те маяланған. Егер тө­теден келген сырқат болмаса, өз­ге жағдайлар түгел жерсіндіру мекенінде жасалғанға ұқсайды. Біз пікірлескен мамандар осыны айтып отыр. 

Бердібек ҚАБАЙ