Абай күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес мерекелік датаға айналды.
Қазақстанда Абай атында 1500-ден астам нысан бар
1,277
оқылды

Биыл 10 тамызда Абай атындағы ҚазҰПУ-да қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығына орай ескерткішіне тағзым етіп, гүл қою рәсімі өтті.

Маңызды іс-шараға ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер және қала қонақтары қатысты. 

Жиында сөз алған Абай университетінің Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп жұршылықты Абай күнімен құттықтап, оның шығармашылығы қазіргі уақытта қоғамға қажетті бәсекеге қабілеттілік, ұлт ретінде қалыптасу, тәрбие, еңбекқорлық тәрізді құндылықтармен үндес екендігін айтты. 

«Елімізде 1500-ден астам Абай есімін иеленген маңызды нысан бар екен. Соның ең алғашқысы осы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Ұлы ақынның есімін иеленген, қазақ білімінің қара шаңырағы атанған Абай университетінде қызмет атқару – біз үшін үлкен абырой. Абай атамыздың өсиеті, өлеңі, қара сөзі – бүгінгі тұрмысымызда, қазіргі қоғамда өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Арада қаншама уақыт өтіп, қаншама дәуір орнаса да Абай мұралары ұрпаққа әлі де қызмет етіп келеді және ол қазақ барда мәңгі жасай бермек», – деді Болат Тілеп. 

Естеріңізге сала кетейік, Абай күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес мерекелік датаға айналды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.