31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың мәйіті үйдің жертөлесінен табылды.
"Денесінен пышақ алынбай қойған": Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталды
Фото: polisia.kz
4,398
оқылды

Алматыда ер адам әйеліне 10 рет пышақ жарақатын салып өлтірді деп айыпталып жатыр. Жәбірленушінің жақындарының сөзінше, айыпталушы тарап қылмыс аффект жағдайында болды деп айтқан. Олар кінәлі тараптың әділ жазалануын талап етеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың мәйіті үйдің жертөлесінен табылды. Іс-материалдары бойынша оның 15 жыл некеде болған күйеуі Сабыржан Зарипов оған 10 рет пышақ жарақатын салып өлтіріп, артынша телефонынан өз шотына 4 миллион 700 мың теңгені аударып алған. Содан соң барлық құжатты алып, 12 жастағы қызын өз әпкесінің үйіне апарып тастаған.

Жәбірленушінің анасы Мағжан Байсиітованың сөзінше, марқұм 2010 жылдан бері күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Үнемі қызғану мен бақылаудан шаршаған Әл-Бейне 2023 жылдың күзінде ажырасуға бел буады. Сол жылдың желтоқсанында тағы да соққыға жығылған келіншек полицияға жүгініп, оған бір айға қорғану нұсқамасы берілді. Әйел ажырасқаннан кейін қызымен Астанаға көшпек болған. 

“Алғашында айыпталушы ажырасуға келісімін беріп, қызымен 1 ай бірге тұруды өтінген. Бірақ Әл-Бейне 31 қаңтарда Дубайдан Алматыға қызын алып кетуге барғанда, Сабыржан оған қызды көрсетпейді. Кейін “көзіме шөп салдың” деп жанжал шығарып, бірнеше сағат сұрақтың астына алған. Өз жауабында ол қылмысқа дейін Әл-Бейнемен жыныстық қатынасқа түскенін айтады. Бірақ бұған сенбеймін. Себебі қызым одан қалай жиіркенетінін, тіпті маңына жолағысы келмейтінін айтқан. Демек ол оны зорлап, қорлаған”, – деді Әл-Бейненің анасы.

Марқұмның ағасы Ерік Жүсіпов Әл-Бейненің мәйіті адам көргісіз болғанын және қылмыс болған жер қанға толы болғанын айтты. 

“Ол қарындасымызды азаптағаны айдан анық. Себебі бірінші бетін бүлдірген, түрі адам көргісіз болып кеткен. Тірі кезінде интимді жерлерін, яғни жамбасын, төсін пышақтап, қинаған. Артынша тағы да 4 рет ет турайтын пышақпен пышақтаған, оның жүрегі, өкпесі жарақатталған, соңында мойнына пышақ сұғып кеткен. Бар күшімен салынған пышақ денесінен алынбай қалған”, – деді ағасы. 

Алғашында сот-медициналық сараптама қылмыс “аффект” жағдайында болды деген. Бірақ жәбірленуші тарап бұған келіспей, тағы да сараптама тағайындаған. Бұл кезде “аффект” жоққа шығарылып, күдіктінің қылмысты саналы түрде, дайындалып жасағаны анықталған. 

Қазір олардың 12 жастағы қызы Сабыржан Зариповтың әпкесінің қолында екен. Өйткені қылмыс болған соң, Сабыржан дереу қолхат жасатып, қызын сол үйге апарып тастаған. 29 наурызда Медеу аудандық әкімдік жанындағы балалардың құқығын қорғау комиссиясы сол әпкесінің үйінде қалдыруды жөн деп таныған. Себебі қыз Алматыда қалғысы келетінін айтқан. Ал Әл-Бейненің жақындары Петропавлда тұрады екен. 

“Айыпталушының жақындары бізден кешірім сұрап, көңіл айтпады. Тіпті немеремді көруге келген кезде жақтырмай, бізге тап беруге дайын тұрды. Олардың інісі біздің қызды емес, керісінше біз оларды інісінен айырғандаймыз. Немеремізді қазір бақылауда ұстап, араластырмайды. Одан қалса Әл-Бейнені кінәлап,  өзі қызғандырды деп отыр”, – деді марқұмның анасы. 

Жәбірленуші тараптың сөзінше, Әл-Бейне бухгалтер болып жұмыс істеп, отбасын асыраған. 42 жасында үш пәтер және бір жер үй, көлік сатып алған. Ал Сабыржан үйде отырған. Әрі күйеуіне жеке кәсіпкерлік ашып беруге көмектескен. Сөздерінше, ешқашан бетіне басып, асыраушы болғанына міндетсінбеген. 

Қазір Сабыржан Зарипов тергеу изоляторында. Қылмыстық Кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” және 175-бабы “Ұрлық” бойынша іс қозғалды. Алайда жәбірленуші тарап “Аса қатыгездікпен жасалған өлім” деп істі ауыстырғысы келеді.

Баспасөз конференциясына Айтбек Амангелді де келіп, жәбірленуші тарапқа қолдау көрсетті.

“Әл-Бейненің отбасы енді оны ешқашан көрмейді, оны құшақтай алмайды, сүйе алмайды. Ешқашан енді олар тілдесе алмайды, бұл қайғыны ешкім сейілте алмайды, мұның қаншалықты ауыр екенін түсінемін. Ал қылмыскер өмір сүруін жалғастырады. “Аффект” деп танылса, ол осындай сұмдық әрекеті үшін 3-ақ жыл түрмеде отырып шығады. Біз халық болып мұнымен күресуіміз керек, себебі келесі құрбан кім екенін біз біле алмаймыз”, – деді Салтанат Нүкенованың ағасы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.