Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ қауымы» дейтін тарихи-эт­но­графиялық еңбегінде 1961 жылы Ва­тикан музейінде Еділдің (Ат­тиланың) портретін көргенін жазыпты.
Аттила тұлғасы
Мажарстан музейіндегі Аттиланың балауыз мүсіні
1,345
оқылды

Шежіретанушы, деректанушы Шәкәрім Құдайбердіұлы Батыс Ғұн империясының әміршісі, ұлы жиһангер қолбасшы (400-453 ж.ж.) Аттила (Оттылы, Еділ) хақында «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» (1911) былайша толғанған: 

Айтайын Аттиланың қылған ісін,

Сиқыр деп ойлаған жұрт қайрат-күшін.

Азияны түгел билеп, Еуропаның

Көбі ауған Аттиладан қорыққаны үшін...

Аттила – Мұнжық ханның баласы еді,

Басы үлкен, кеудесі кең, аласа еді.

1500 жылдай болды өлгеніне,

Оның да қылған ісі тамаша еді.

Қайтейін айта беріп алған жерін,

Атаңның ойға түсір сондай ерін.

Қор болып осы күні отырсын да,

Қозғалсын өткенді ойлап іште сырың.

Я болмаса, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров «Айтыс» атты Ұлы дала кон­ституциясы деуге лайық дәуірнамалық, полифониялық шығармаларда: 

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,

Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен – деп француз тарихшысы Амеде Тьерри (1797-1873) жазғандай, адамзат тари­хындағы Александр Македонский мен Юлий Цезарь қатарындағы алып­тардың шоғырына қосқан-ды.

Ғұлама Ә.Марғұлан ғұн тотемдерін, «ғұн» ұғымының тек төркінін саралайды. Ғұндар тарихы Скандинавия халық­тарының жырларында, герман эпо­сында, «Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» шы­ғармаларында негізгі арқауы болған­дығын сараптайды. «Ұлы Эддада» шы­ғыстан шығатын пілге шабатын арыс­тан іспетті азулы ер, атақты қол­басшы, айтулы мәмілегер, ерлікті он екі жасында көрсете білген Еділ батыр тұлғасы жырланатындығын, мұнда жылқы, қымыз әсерлі суреттелетіндігін, ба­тырдың толқынды топтың алдында құрыштан құйылған нақыл сөздерді шешендікпен төгілте толғайтындығын тәптіштеп жазады. Әрі қарай ғұн әміршісі Еділдің дүниеден озуы, жоқтау айтылғандығы, иесін көксеп, тұл­парының көзінен жас саулайтыны, мәйітті иіскеуі, сәуегей жыраудың терең сезіммен толғанатыны, сыбыз­ғышы­лардың күй тартуы, қойшының сарыны жүйе-жүйесімен баяндалады. Ұлы даланың рухын, көшпелілердің дү­ниетанымын, мәдени-тілдік бол­мысын, ділдік ойлау мәнісін айна-қатесіз танытады. Француз ғалымы, философ Жан-Жак Руссо: «Әділетті Аттила» немесе Александр Дюма: «Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді Аттила» деген. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт та Аттилаға аса жоғары баға берген. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ қауымы» дейтін тарихи-эт­но­графиялық еңбегінде 1961 жылы Ва­тикан музейінде Еділдің (Ат­тиланың) портретін көргенін жазыпты. Аттила жауынгерлік дәс­түрлерді, қару-жарақтар тілін, тетігін мінсіз меңгерген, он екі жасында кепілдікке алынып, Гонория сарайында Рум мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатымен жетік танысқан, білім­паздардан небір даналық дәрістерін мұқият тыңдаған, ұрпақ­тардың тағдыр-талайына байыпты көзқарасы қалып­тасқан. Адамзат тарихында, әлем әде­биетінде, нақтылы айтқанда, латын, испан, итальян, ағылшын, француз, неміс тілдерінде Аттила бейнесі жан-жақты сомдалғанын атап көрсетеді. Аттиланы көрген грек жазушысы Приск, гот жазушысы, ағылшын мен француз ғұламалары оның болмыс-бітімін былайша суреттепті: «оның бет-әлпетін көргендер нағыз азиат екенін айтпай-ақ біледі. Басы үлкен, өзі орта бойлы, мығым денелі. Көздері қысық, бірақ қараған жерін ойып түсердей өткір, жүрісі ширақ, сөйлегенде дауысы күмістей сыңғырлап өте жағымды естіледі...». Көреген Аттила ғұндардың ұлттық мүддесін әріден ойлап-толғап, болжап, Азия мен Еуропаны бағын­дырып, Африкаға дейін, яғни сегіз қиыр шартарапты уысына ұстағысы келген. Ол өз қарауындағы дарындыларға даңғыл жол ашқан. Аттиланың таң­ғажайып тұлғасын оны қалай жер­ленгенінен көруге болады. Ғұн­дардың астанасы Этцельбургтің басты алаңын­дағы биік тұғырға мәйіті қойылған. Меңсіз қара ат құрбандыққа шалынған. Жоғары дәрежелі абыз Қама ғұндардың аруағына құрмет көрсетіп, олардан қалай жер қойнына тапсыруды сұрайды. О жақтан мынандай әуез естіліпті: Аттиланы үш қабат табытқа салуды ұйғарыпты. Біреуі – күндей жарқыраған алтын табыт, екіншісі – құйрықты жұл­дыздай күміс табыт, үшіншісі – Ат­тиланың өзіндей темір табыт. Сонан соң Тисса өзенінің ағынын бұрып, оның шыңырау түбіне табытты жайғастырып, қайтадан өзеннің ағысын табиғи ар­насына бұрып жіберген. Бұл әрекет – Аттиланың асыл сүйегін болашақ қауіп-қатерлерден қорғау үшін істелген. Аттила жайлы аңыз-әпсана көп. Соның бірі мынадай: көк майсаның ішінде жерге шаншылған отты семсерді Аттила көруге келеді. Аттила қолын созғанда отты семсер оның алақанына өзі ұшып қона кетеді. Ол барлық шайқастарда осы бір ғажап семсермен шығады. Ұлы қол­басшы Аттиланың даналық ойлары мен толғаныстары ғасырлар бойы құ­нын жоймай, біздің заманымызға тот баспай жетіп отыр. Және де бұл афо­ризмдерді ағылшын атти­лата­нушысы Уэсс Ро­бертстің «Секреты лидерства гунна Аттилы» еңбегіндегі (Мәскеу, 2002) афоризмдерді тұңғыш рет орыс тілінен қазақша сөйлетіп, оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Кеңес және өсиет

* Жазбаша хабарламалар қажет-ақ егер де тек оны патшаға лайықты түрде оқып берсеңіз.

* Патша өзіне қарсы шықпайтын тайпа көсемдерінен лайықты орташа ақыл-кеңес алады.

* Ақылды көсем жағымсыз хабар жеткізген ғұнды еш уақытта өлтірмейді. Керісінше, дана көсем жағымсыз хабар жеткізбеген ғұнды жер жастандырады.

* Жауап естігісі келмейтін дана кө­сем текке сұрақ қоймайды.

Мінез-құлық

* Ғұнның ұлылығы ұлт игілігі үшін шалынған құрбандарымен өлшенеді.

* Көсем ұсақ-түйектен жоғары болуы керек және де бұған басқа ғұндарды да мәжбүрлеуі тиіс.

* Өзін-өзі ұстауын жоғалтқан көсем жеңіліске душар болады. Өз күшіне ғана сенуі тиіс, сол кезде жеңіліс тапқанның өзінде де, бар мүмкіншілікті қолдан­ғаныңнан хабардар боласың.

* Табыстарға жету үшін, көсемнің атақты болуы міндетті емес. Бірақ өзінің және өз ұлтының жауларына қарсы тұру үшін – жеңістерге деген құштарлық, өз ісінің дұрыстығына берік сенімі, рух, қажымас қайрат, ерлік атаулыны туды­ратын қасиеттер болуы тиіс.

* Тобасынан жаңылған, менмен және бақайқұрт жетесіз көсемдер нағыз ұлылыққа сирек жетеді, оның есесіне кісі көзінше өзін ұлықтайды.

* Ұлы көсем өзін ешқашан да ұлық­пын деп есептемейді.

* Дегдар көсем ымыраға келуді жөн көрмейді, ол жағдайларға бейімделеді.

* Өз ғұндарымен бірге ішкілікке салынып жүрген көсем оларға туға­нын­дай болып кетеді, бірақ көсем

* Әлсіз көсемнің айналасын дәр­менсіз ғұндар қоршайды.

* Мықты көсемнің айналасын мық­ты ғұндар қоршайды.

* Көсем толағай табысқа жеткенде, іштарлардың қызғаныштары күшейеді.

Айбын

* Ғұн бүкіл ғұмыр бойында қиын­дықты толық еңсеру үшін тәжірибенің теңдессіз мәнін тырнақтайынан терең ұғып-түсіну абзал.

* Жолы болғыш ғұн қиыншылықты жеңу мен қателіктерді түзетуге құштар.

* Ғұн – қарымта қайтару мүмкіндігі болса, өз дегенінің бәріне қол жеткізеді. Билік басында бәсекелестік соншалықты өткір де күрделі емес.

Шешім қабылдау

* Кез келген шешім тәуекелмен байланысты.

* Уақыт – патшаға немесе оның ғұндарына әрқашан да оң әсерін тигізе бермес.

* Егер де пікір айту мен шешім қа­былдауды тасыр, топас адамға тап­сырса, онда орасан зор қателіктерден құтыла алмайсың.

* Үстірт қабылданған шешімдер әрдайым сәтті бола бермейді. Екінші жағынан, сылбыр қабылданған ше­шім­дер де дәл солай.

* Көсем ешқашан да алды-артын ойламай өз басынан секіріп тайталасқа түспеуі тиіс.

* Көсемнің өз шешіміне берік се­німділігі – ғұндардың сол шешімді қол­дауының кепілі.

* Егер жеңіс алапат шығынмен келетін болса, онда көсем өзінің ғұн­дарын соғыстан іркіп ұстап, сақтап қалуы тиіс.

* Көсемнің ел қатарлы ғұннан айыр­машылығы – күрделі шешімпаздық қабілет-қарымында.

Өкілеттікті тапсыру

* Дана көсем ешқашан да өз ғұндарын әлсіз жағы күшті жағынан артық бо­латындай жағдайға душар еткізбейді.

* Мейірлі ғұндар әдетте өз көсемінің үмітін ақтайды.

* Дана көсем өз ғұндарының мүм­кіндігінен артық нәтижеге дә­ме­лен­бейді.

* Дана көсем әрқашан тап­сыр­маларын абыроймен мінсіз атқаратын ғұндарына береді.

* Өкілеттігінен босау – оның тап­сырылуы емес. Өкілеттігінен босау – әлсіздіктің белгісі, ал тапсыру – мық­тылықтың белгісі.

Көсемдерді тәрбиелеу

* Мықты көсемнің де әдетте осал тұстары болады. Көсемнің тегеурінді қасиеттерін үстемелеу – патшаның парызы.

* Ғұн үшін сәтсіздік жетістіктен гөрі әлдеқайда тағылымды сабақ ұсынады.

* Күйзеліс жағдайында ғұндар әлдеқайда шапшаң үйренеді.

* Қайырлы көсем балғын ғұнға «жетекшілік тәжірибе жинасын» деп өкілеттігін тапсырғанда тәуекелділікке бел буады.

* Көсемнің міндетін атқара ала­тындай ғұндарды тәрбиелеу үшін, өз­дерінің білімін кеңейте, тереңдете ала­тындай ғұндардың танымын тіз­бектеп жарқыратып жинап қою ке­рек.

* Егер де ғұнға бірінен кейін бірінен сабақтас жауапты тапсырмаларды беріп отырса, ол көсемдік мақсатта мұздай қарулануға дайын болады.

* Көсемнің жұмысы қарапайым болса, онда барлығы көсемдікке барар еді.

* Қиын тапсырмасыз ғұн өзінің мүм­кіндіктерін көрсете алмайды.

* Көсемдерді тәрбиелеген шақта тиісті жазасын беру қажет-ақ.

Дипломатия мен саясат

* Саяси шиеленіске кіріскенде, ғұн міндетті түрде тылдағы шабуылдан қауіптенуі тиіс.

* Ғұн жеңісінің мәнісі «Қайда?» және «Қашан?» дейтін сұрақтардың астарында жатыр.

* Ғұндар жеңіске жете алатындай соғыстарға қатысуы тиіс.

* Ғұндар сәтсіз дипломатияның нәтижесінде соғысқа қатысуы мүмкін; алайда соғыс та дипломатияға көшу үшін керек болуы мүмкін.

* Ғұн үшін шиеленіс – әдеттегі та­биғи жағдай.

* Келісім-сөзбен келетін затты ғұндар ешқашан күш көрсетумен алмайды.

* Қонақжайлылық, жылы шырайлық және сыпайылық мейірімсіз дұшпанның өзін де баурап әкететінін көсем естен шығармауы тиіс.

* Көсемдерді көбінесе сенімді адам­дары тақырға отырғызып кетеді.

Мақсаттар

* Мағынасыз мақсаттар мағынасыз нәтижеге әкеледі.

* Егер де ғұндар ұлттық мақсаттарды жеке басынан жоғары қойғанда, онда ел болып біз әлдеқайда үлкен табыстарға жетер едік.

* Табысқа жету үшін ғұн «ең алдымен» патшаның ойын оқып түсіну керек.

* Ғұнның мақсаты әрдайым оның еңбегін ақтауы тиіс.

* Мақсатынан хабарсыз ғұн, соған тап болғанның өзінде де, соған жеткенін сезінбейді.

* Ғұнның көнгіштігі (жұмсақ мі­незділігі) күткен нәтижеге әрдайым әкеле бермейді.

* Көсем «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді» қанағаттанғаннан гөрі әрқашан жоғары мақсат қойып, асқақ биіктікке ұмтылуы жөн.

Қолбасшылар және қолбасшылық

* Патша әрқашанда басшылыққа үздік ғұндарын тағайындауы тиіс,

қалай болғанда да оған сол орын қажет-ақ.

* Кездейсоқ адамдарды ешқашан тағайындамаңыз. Басшылықты да­рынды ғұнға тапсырыңыз, өкілеттік пен жауапкершілікті жүктеңіз, содан кейін

* Көреген көсем сәттілікті ешқашан арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды.

* Дана көсем өз ғұндарының бере­кеті үшін жауапты екенін біледі, сон­дықтан лайықты іс-әрекетке мо­йынсұнады.

* Қолбасшының қызметімен бірге көсемге жалғыздық та келеді.

* Әрекет қылуға ұйғарған көсем тек жеңіске жетуге тиіс, итжығыс немесе ымыраға келу мүлде болмауы тиіс.

* Өз ғұндарымен бірге ортақ тәуе­келге бел буған көсем, олармен қарым-қатынасын нығайтады.

* Мықты көсем өз ғұндарын берекелі әрекет етуге қозғау салады әрі рух­тан­дырады.

* Үздік көсемдер дер кезінде сұрақ қою шеберлігін дамытады.

* Егер де көсем көштің соңында келе жатса, онда ол ешқандай қолбасшы емес.

Қабылдау мен абырой

* Аласапыран уақытта халық көсем ретінде албастыны (жексұрынды) таң­дайды.

* Тым кісімсінген ғұн парасатты бо­лудан қалады.

* Ғұнның көзқарасы – оның ақи­қатшылдығы.

* Егер де ғұн қолы бос емес боп кө­рінсе де, бұл оның жұмыс істеп жатқанының белгісі емес.

* Ең дұрысы, егер де досыңның да, жауыңның да сен туралы пікірі жақсы болса, бірақ та ешбір пікір болмағаннан гөрі, ең аяғы жаман пікір болсын, өйткені ғұн туралы еш пікір болмаса, онда ол оның ешқандай жетістікке жетпегені.

* Көпшілік көсемдердің пікіріне қарамастан, халық сені шын жеткен жетістіктерің үшін емес, елдің ара­сын­дағы тараған қауесет арқылы есте сақтайды.

Жеке жетістіктер

* Әпербақан көсемнен гөрі қатардағы жақсы ғұн болған абыройлы.

* Басқаларға түскен ауырт­пашы­лықтарды ең аяғы румдықтарды өз

бастарынан кешіруге күштері жетеді.

* Бүкіл ғұндар соқыр болғанда, жалғыз бір көзді жауынгер патша болар еді.

* Ұлы көсемдер маңызды істерде жетістіктерге жету үшін, шамалы ғана сәтсіздіктерге бой ұсынады.

* Кез келген ғұн өз ғұмырының жағ­дайлары мен тәжірибесін табысқа ай­налдыруға жауапты: өзі мән бермеген жағдайда ешбір басқа ғұн, ешбір румдық оны істеп бере алмайды.

Мәселелер мен шешімдер

* Ғұндардың зейіндерін мәселелерге емес, қолайлы мүмкіндіктерге назар аударуына үйрету керек.

* Кейбір ғұндар ешбір қиындықсыз шешім шығара алатындай қасиетке ие.

Марапат және жаза

* Білгірсіз көсемді орнынан жыл­жытқанда, басшылыққа оның қол ас­тындағылардың үлкенін сирек қояды, өйткені көсем сәтсіздікке ұшыраса, онда қол астындағылары да қабілеттілік таныта алмас.

* Егер де ғұнды тапсырманы орын­дамағанның өзінде мадақтап қойса, оның көңілді жүруі көпке бармайды, өкініштісі сол, келесі жолы еңбегі ақ­талғанның өзінде мақталса, оған ол сенбейтін болады.

Шыдамдылық

* Кез келген ғұнның белгілі бір лайықты орны бар, ең болмағанда нашар үлгісі үшін.

* Білгірсіз көсемді тағайындағанда басты қателік – ол басқа ғұндардың иелігінде билікті қалдыру.

* Көсемнің күшіне арқа сүйеу үшін, оның кейбір осал тұстарына көз жұмып қарау керек.

* Дарынсыз, бірақ сенімді ғұнға шыдаңдар. Ал білгір, бірақ сенімсіз

ғұнға шыдауға болмайды.

Оқып-үйрету

* Соғыста ғұндарды алдын ала тиісті жаттығуларға үйретпей іс тынбайды, сондықтан бейбіт өмірде соны ес­кер­меуге болмайды.

* Үйретуге болатын дағдыны (білімді) ғұндарды тәрбиелеу үшін керек. Үй­ренуге қажет дағды (білім) көсемдерге арналған.

* Ғұндарды лайықты оқытып үй­ретпей, олардан сіз күткен нәтиже шы­ғады деп күтпеңіз.

Атилланың қолбасшылық өнеріне шешендік, тапқырлық өнеге шебер үй­лесім тапқан.

Серік НЕГИМОВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 

филология ғылымдарының докторы,

профессор