Түсінгенге Президенттің: «... Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажет.
Жаңа заң жетістіктерге жетелейді
846
оқылды

Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек» деген сөзі – үлкен мотивация. Адам баласы жаратылғалы үнемі үдеріс үстінде келеді. Әлемде болып жатқан оңды өзгерістер мен ашқан жаңалықтар және жеткен жетістіктер – осының жемісі. Ал жер бетіндегі елдердің әркелкі дамуы бірінші кезекте әрбір адамның санасына байланысты. Тек мемлекеттің емес, адамның жақсы не жаман болып қалыптасуы да санаға және тәрбиеге байланысты. Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстыратын кеңеске айналды. Мемлекет басшысының манағы мотивациялық сөзі Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған еді.

Менің негізгі мамандығым заңгер болғандықтан, заң мен тәртіпке ерекше мән беремін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қашық болуга тиісті бес жамандықты атады. Оның біріншісі – нашақорлық. Елімізде мыңдаған адам есірткіге еліріп, тонналап тәркіленіп жат­­са да азаймай тұр. Әсіресе, синте­тикалық есірткі айналымы қызып, жастар арасында тез таралып барады. Бұл – қоғам қасіреті. Есірткі нашақордың ғана емес, өзгенің өміріне де қауіпті. Есірткінің кесірінен есінен танғандардың қолымен қылмыс та жасалып жатыр. Сол себепті Президент Парламентке есірткі заттарын өндірушілердің жазасын барынша қатайтуды ұсынды. 

Бала кезінде компьютерлік клубтардан шықпай, ойын ойнап от басып, өз тағдырына өзі балта шауып алып, енді өкініп жүрген жас жігіттердің алды сот­талып та кеткен. Маңдайға тиген таяқтан тоқтаған адамнан айналасың. Ал қой дегенге қоймайтын, құмар ойынға той­майтындар өте көп. Соның салда­рынан талай шаңырақ шайқалып, жарты миллиондай отбасы ойран боп жатыр. Оның бәрі – телефонда, компьютерде, бас қосылса карта ойнап, ақырында бук­мекерлік кеңселер мен казинодан шыға алмайтын кеселге шалдық­қан­дар­дың ісі. Қайда қарасаң да құмар ойынның жар­намасы жар салып, мен мұндалап тұрады. Түркістанда өткен жүздесуде парасатты жастар көшелердегі құмар ойындарының жарнамасын алып тастауды және тыйым салуды ұсынды. Жастардың жақсылыққа бастауы – қуантарлық әрі құптарлық жайт. Мемлекет басшысы лудоманияны ең қауіпті әлеуметтік кесел ретінде атап өтіп, құмар ойынға тәуелділік ойын­­құ­марды қарызға батырып, отбасын оңдыр­майтын, тіпті суицид пен ұрлық, кісі өлтіру сияқты қылмыстарға итерме­лейтінін айтқан.

Еліміздегі ажырасудың 40 пайызы осы құмар ойындарының кесірінен. Ойын ойнайтындардың ресми саны 400 мың дегенімен, нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Интернетті пай­далы іске пайдалана бермейтіндер бар­шылық. Мем­­лекет басшысы Ұлттық құрылтайда Үкіметке лудоманияға қарсы күрес жос­парын қабылдауды, құ­мар­паздыққа заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды. «AMANAT» пар­тиясының бастамасымен лудоманияға қарсы заң жобасы әзірленіп, жуырда қабылданды. Букмекерлік кеңсе­лердің жылдық айна­лымы 1 триллион теңгеден асып кеткен. Бала-шағасы мен ата-анасының аузынан жырып, өз қолдарымен апарып беріп жатыр. Тіпті, мемлекеттік қызмет­шілер арасында жар­ты мил­лиондай долларын бәске тігіп жіберген. Енді мемлекет қыз­метшілер мен әскери қызметкерлер бәс тігетін бол­­­са, қызметінен қағылады. 21 жас­қа толма­ғандарға құмар ойындарын ойнауға тыйым салынады. Онлайн ка­зино мен букмекерлік кеңселердің жар­намасы бұғатталады. Сол сияқты eGov порталы арқылы онлайн бәс тігуге өзі де 10 жылға дейін шектеу қойдыра алады. Ал бұған дейін ұтыс ойындарынан ойыны осылғандар букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіргізілмейді. Дерек бо­йынша 3,5 миллион отандасымыз қара ті­зімде екен. Жаңа заң жетістіктерге жетелейді. Десе де әрбір ата-ана өз бала­сын телефонмен жұбатуды доғарса, ойын­құмар болмайды. 

Құрылтайда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия. Дана бабаларымыз балаға ешкімнің ала жібін аттамауға, қия­нат жасамауға шақырған. Ол заманда жаумен күресетін батыр тәрбиелеуден, елді қорғау мен азаттықтан артық арман болмаған шығар. Ал қазір еріккенде пай­дасыз істі ермек қылатын жас та, кәрі де көбейіп кетті. «Қарыны тоқтық, жұ­мысы жоқтық аздырар адам баласын» дегеннің кері келді. Отбасын асырау, қорғау – ердің ісі. Өкінішке қарай, қазір отбасы мүше­лерінің функциясы шатасып кетті. Мұ­ның соңы сананы тұрмыс билейдіге жеткізіп, отбасылық құндылықтар еске­русіз қалды. Зорлық-зомбылық тұрғы­сынан қарағанда әйел мен балалардың құқықтары жиі тапталатыны жасырын емес. Қанша бала зорланып, қанша ананың қорланғаны белгілі. Жаңа­­­­лықтардан күнде бір сұмдықты естиміз. «Ұят болады» деген ұғым ұмыт қалғандай. Мысалы, мына тұрған Өзбекстанда телеарналары жамандық пен ұят­­сыз­дықты жария етпейді. Әлемде әлеуметтік желісіз де өмір сүріп жатқан елдер бар. Телеарна мен әлеуметтік желі – үлкен идеологиялық құрал. Адам психологиясы «көрсем, білсем» деген қызығушылыққа құмартып тұрады. Өкінішке қарай, бізде телеарна мен әлеуметтік желі тек жаман­дықтың жаршысына айналған. Сол зор­лық, сол қылмыс, сол суицид те екі ресурс арқылы елге таралып жатыр. Оны көр­гендер соны қайталап жатқандай көрі­неді. Шариғатта да тез жайылып кете­тіндіктен кез келген жамандықты жария етпеуге шақырған. Сондықтан «біреуді зорлап, біреуді қорлап кетіпті» дегендейін ақпаратқа құлақ, сондай қылмыс жасауға біреулердің бойы үйреніп бара жатқандай. Меніңше қылмыстық іс-қимылдарды «дәріптеуді» доғарып, Президент айт­қандай, сананы түзеу үшін идеологияны реттейтін уақыт жетті. Заң күшейтіл­ге­німен адам өзін ұстай білмесе, екі-үш рет сотталып кеп тағы да сол қылмысты қай­талап жатқандарға ой салу керек. Балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау әлемде қолға алынғандықтан Қазақстан да қалыс қала алмайды. Әркім әрбір адамға өзінің туған қызы, туған анасы, туған бауырындай қарасын десеңіз, кей әкенің жақындығы шынымен де жез­дедей-ақ болып тұр. Өз баласын аямаған, анасын да аясын ба?

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың озбырлығы титтей бала мен әйелге тиюде. Жағдай ушығып кеткендіктен заңды күшейтуге тура келді. Президент бұл жа­йында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргі­зушілеріне шабуыл жасалғанын біле­сіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жа­сырған өледі». Сондықтан біз осы қоғам­дық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі ке­­рек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. ...Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкі­меттік емес ұйымдар – барлығы бір кісі­дей жұмылуы керек. Мұны әрбір аза­мат­тың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсі­­ну қажет. Себебі бұл – ұлттың бола­ша­­­ғына тікелей қатысты мәселе», – деп еді. 

Ойланып қараңызшы, сау адам сау тұрған дүниені бүлдіре ме? Көшелерді жарықтандырып, орындықтар орнатып, ойын алаңқайларын салса да қиратып тастай беретіндердің қарекетіне қайран қаламыз. Не тау, не тасқа да тыныштық бермейді. Біреулердің әупірімдеп салған үйлерінің терезесін шағып кететіндерге не дерсің? Ондайлар өздерінің сүйкімсіз әрекеттерін қылмыс санамайды-ау! Енді вандализмге де қылмыстық жауапкер­­шілік тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кө­терген бүкіл өзекті мәселе бойынша заң әзірлеуді тапсырып, көпшілігі қа­был­данып күшіне еніп те жатыр. Мысалы, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Яғни, адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итерме­леу және басқа да қауіпті қылмыстық әре­кеттерді қамтыған. Енді мұндай қыл­мыстарды жасағандар татуласу арқы­лы қылмыстық жауапкершіліктен боса­тылмайды. Себебі адам – мемлекеттің капиталы. Сондай-ақ кәмелетке толма­ғанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пай­да­­ланғандарға да алғаш рет қылмыстық жаза қатаңдатылды. Себебі заңда кә­­мелетке толмаған қызды сексуалдық си­паттағы қызмет көрсетуге және ондай бейәдепті насихаттау немесе жарна­ма­лауға тарту да қылмыс деп танылады. Заң­да алғаш рет вандализм қылмысы сараланды. Яғни, айқындалған құрамына қарай әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік не­месе діни араздық себебімен, бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаса да, әсіресе әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасаса да сипа­тына бай­ланысты жауапкершілік ауырлайды. Қыл­мыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешен­дерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәде­ни құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін ауыр жаза тағайындалды. Вандализмге барған 14 жастағы жасөс­пірімнен бастап жазаға тартылады. Сон­дықтан титтей балаға ештеңені бүлдір­меуді үйретіп өсіру керек. Сонда мемле­кетті де, қарапайым халықты миллион­даған шығынға ұшыратпайтын болады. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайда тоқталған жағымсыз әдеттің бірі – ысырапшылдық. Негізі, бұл тек қоғамға емес, Құдайға да ұнамсыз іс. Бүгінде дү­ние жарысы өзекті болып тұр. Шамасы жетсе де, жетпесе де көрпеге қарай көсіл­мейтіндер де, тарта жесе тай қалатынын ескермейтіндер де көбейіп кетті. Халық қарызға батып қалды деген сөз жиі ай­­тылады. Шынтуайында біз де бизнесті кредитке бастап, әлі күнге несие төлеп жүрміз. Біз банктен алған несиені бизнес бастауға бұрдық. Ал қазір үй тозып тұрса да, қыруар қаржыға телефон алатындар бар. Тойдың да түрі көбейіп кеткен. Бі­рінен бірі озғысы келеді. Осының бәрі «пәленше не дейді, түгенше не дейді» дегеннен басталған. Материализм шектен шығып, минимализмді менсінбейтін болдық. Ал шетелде бір кісілік дүниесі, үйі болмаса да ішіп-жемге күйі болса, артылған ақшаны жинау үрдісі кең тараған. Қысқа жібі күрмеуге келмей жатса да, қарызданып, банктерге жем болу, қаржылық сауаттылыққа жатпайды. «AMANAT» партиясының бастамасымен екі жылдан бері мыңдаған адам қаржылық сауаттандырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайда жөн сілтеген таза дінде ысырап­шыл­дыққа да, адам саудасына да, тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа да, ванда­лизмге де, құмар ойындарының барлық түріне де, жалпы адамға жақпайтын бар­­лық жаман әрекетке тыйым салынған. Уақытты әлеуметтік желіде текке өткізіп, теледидар арқылы тықпалап жатқан әркімнің құйтырқы идеологиясын сіңі­ріп, жамандығын жиғанша, елде қабыл­данып жатқан заңдармен танысып, жан-жақты білімді әрі табысты болуға тал­­пынып, ғылым тауып мақтануға, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған қайда пайдалы деп есептеймін. Президент бәрін дұрыс айтады. Еститін құлақ пен орындайтын адам көбейсін деп тілейміз. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі