Жарысқа бара жатқан оқушылар қаза тапқан жерде тағы да көліктер соқтығысты.
Ақтөбеде бір аптада жол апатынан 15 адам қаза тапқан
864
оқылды

Ақтөбеде айналдырған бір апта ішінде жол-көлік апатынан 15 адам қаза тапты. Футбол жарысына бара жатқан оқушылар мерт болған жерде тағы да көліктер соқтығысты. Бұл жолы екі адам бақилық болған, - деп хабарлайды Aikyn.kz ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Сенбі күні Самара-Шымкент бағытындағы халықаралық трассада жеңіл машина мен жүк көлігі бетпе-бет түйіседі. Lada largus-тың жүргізуші мен жолаушысы сол жерде тілге келместен көз жұмған. Соқтығысқан қос көлікте шетел азаматтары болыпты. Марқұмдар Өзбекстаннан, ал жарақат алған жүк көлігінің жүргізушісі Тәжікстаннан. Өткен аптада дәл осы маңда бес оқушы мен үш адам қаза тапқан болатын. Екінші жол көлік апаты Мұғалжар ауданында болды. Мұнда да жеңіл машина мен жүк көлігі соғылып, екі адам мерт болды.

- Ембі қаласы маңында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Сонымен қатар жеңіл көліктің екі жолаушысы мен жүк көлігінің жүргізушісі әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.