Олжас Бектенов: Ішкі нарықты қорғау үшін отандық тауар өндірушілердің тізімі енгізіледі

Бұл ретте оларға өндірісті жаңғырту, еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60%-ға жеткізу туралы тапсырмасы бойынша жүйелі кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

«Тізімге өнім шығарып отырған, өндірістік қуаттары жетерлік, әрі қарай даму үшін әлеуеті мен жоспарлары бар нақты кәсіпорындардың ғана енуі өте маңызды. Тізімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алатын болады»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте оларға өндірісті жаңғырту, еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады. Кәсіпорындар қызметіне мониторинг жүргізу цифрлық скрининг негізінде – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін онлайн режимінде жүзеге асырылатын болады.