Құжатта өлілердің қатарына қосылған тұрғынға дәрігерлер түсіністік танытыпты.
Қағаз жүзінде қайтыс болған оралдық әйел несиесін төлей алмай жүр
Фото: astanatv.kz
831
оқылды

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғыны Гүлайна Айтасова бір айдан бері несиесін төлей алмай жүр. Мән-жайды білу үшін банкке хабарласқанда өзінің 4 шілдеде Астана қаласындағы емханада қайтыс болғанын біліпті. Бақилық болғанына таңғалған ауылдық енді банкке берешегім көбейіп кете ме деп алаңдаулы. Өйткені жүйе төленер ақыны қабылдамай тұр, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Мен – тірі адаммын. Айлық жалақымды алдым. Енді ауруханаға барып, дәрімді алайын десем, ауруханада да қайтыс болған деген шығып тұр. Бірақ олар есепте тұратынымды ескеріп, дәрімді берді», – дейді тұрғын Гүлайна Айтасова.

Құжатта өлілердің қатарына қосылған тұрғынға дәрігерлер түсіністік танытыпты. Дегенмен Гүлайна Айтасоваға өзінің тірі екенін дәлелдеу оңай болмай тұр. Ал жауапты мекемелер мұны ақпараттық жүйедегі ағаттықпен түсіндіреді.

«Астана қаласының республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы ақпараттық жүйеде қате анықтама берген. Осыған байланысты Жаңақала аудандық ауруханасы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығына осы азаматтың деректерін «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде қалпына келтіру туралы хат жолдады», – дейді «Жаңақала аудандық ауруханасы» МКК.

Тірілердің тізімінен табылуға тырысқан тұрғын денсаулығы жоқ екенін айтып, арызданудан бас тартты. Ал жауапты органдар бірер күнде құжатты реттеп, жаңсақ деректе жан тапсырған жаңақалалыққа қайта жан бітіреміз деп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.