Жәбірленуші полиция істі жеңіл баппен қарап отыр деп санайды.
Ақтауда ер адам жағажайда жүрген әйелді аяусыз ұрып, қан-жоса қылған
1,245
оқылды

Ақтау тұрғынын жағажайда бейтаныс ер адам аяусыз жұдырықтап, мұрнын сындырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жергілікті басылым жазғандай, қалалық жағажайда демалып отырған әйелдерді таныс емес ер адам мазақ етіп, рұқсатсыз камераға түсіріп отырған. Оған әйелдердің бірі ескерту жасаған соң, арада жанжал басталады.

«Сол кезде мен баламды ойнатып отырдым. Жанжалды тоқтатуға тырысып, оларға жақындадым. Алдымнан мас ер адам шыға келді де, бетімнен ұрды. Құлап түстім, мұрным сынды, бетім қан-жоса болды, бірақ ол мені тағы да ұра түсті», – дейді жәбір көрген әйел.

Оқиға орнына полиция келген. Әйел қатты соққыдан кейін есінен танып қалған. Ол ауруханада бір апта бойы емделген.

«Денсаулығыма едәуір зиян келді. Мұрнымды сындырды – 4,5 см жыртылған. Оның қолында қатты бір зат болған сияқты. Алайда полиция оны жеңіл баппен қарап жатыр. Тергеу дұрыс жүріп жатқан жоқ деп есептеймін. Ол осы уақытқа дейін кешірім сұрап келген жоқ, істеген ісіне өкінбейтін секілді», – дейді жәбірленуші.

Маңғыстау облысы полициясының хабарлауынша, аталған фактке байланысты «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталды, сараптамалар тағайындалған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.