"Эмоцияға көп берілмеймін" – қазақ қызы Назгүл КЕНЖЕТАЙ қалай әскери журналист болды?
"Эмоцияға көп берілмеймін" – қазақ қызы Назгүл КЕНЖЕТАЙ қалай әскери журналист болды?
650
оқылды
23 жасында халықаралық әскери коррес­пондент ретінде танылған ф­о­то­граф және журналист Назгүл Кенже­тай бүгінде өз кәсібінің на­ғыз шеберіне айналған. Оның жұ­мыстары Қатар, Түркия және Еуро­паның көптеген елде­ріндегі же­кеменшік көр­мелерде қо­йылды. Жазған мақалалары BBC-де жарияланды. Наз­гүлдің ай­­туын­­ша, түркия­лық БАҚ оны Қа­зақстаннан кел­ген ең алғашқы әскери коррес­пондент деп ­атай­ды екен. – Назгүл бір сұхбатыңызда «Мені мамандық өзі таңдады» деген бола­тынсыз. Жалпы, қазақ қызы қалай әскери журналист болды?  – Менің ойымша, мамандық ұлт­қа яки жынысқа қарамайды. Әр адам­ның өзінің ортасына, жеріне, лока­циясына байланысты өзгере беретін құбылыстар. Кез келген ма­мандық иесінен ең алдымен жауап­кершілікті талап етеді. Екіншіден, жақсы қа­лып­тасқан психология. Үшіншіден, қандай да бір кәсіпте іс табысқа жету үшін сапалы білім болуы керек. Осы аталған үш негізге сүйенген іргетас болған жағдайда мамандықта же­тістікке жетуге бола­ды. Әскери жур­налистикада бастысы шапшаңдық, саяси үде­рістен хабардар болу және психо­логиялық тұрғыда өзіңді қорғай бі­луің. Қағаздағы соғыс пен алаң­дағы майданның балансын ұстай алма­саңыз, сіздің мамандығыңыздың маңызы жоғалады. – Әскери корреспондент бо­луы­ңызға не себепкер? – Жалпы, әрбір мамандық бел­гілі бір қажеттіктен туындайды. Біз­дің өлкемізде сыртқы саясатты, әлемнің деңгейін түсіне білетін жур­налистер аз. Халық та бұл тақырып аясында көп нәрсені біле бермейді. Орын алған жағдайларды халыққа нақты жеткізу үшін дұрыс сипаттай алатын журналистер немесе ғалымдар қажет. Менің мақсатымның бірі осы болды. Елге шынайы ақпарат тара­туды ­көз­дедім. Әскери корреспондент бо­луым­ның басты мақсаты – осы. – Фотожурналистиканы қалай меңгердіңіз? Неліктен әр түсірген су­ретіңізде мұңды адам­ның бейнесі бейнеленеді?  – Әрбір журналист фотоны сапа­лы түсіре білуі керек. Ақпарат жеткі­зумен қатар бейнені де жақсы са­раптай білуі қажет. Сондықтан да осы саланы игеру маған да шарт. Осындай суретті түсірудегі мақсат – өзгеге ой салу. Әсіресе, біздің Орта Азия ха­лықтарына фото арқылы әлемнің бейнесін көрсету. Қазіргі таңда түрлі түсті жалтыраған суреттер өте көп. Бұл арқылы әлемнің шын­дықтарын жасырғысы келетіндер көп. Менің қара, ақ түс арқылы түсір­ген сурет­терімде жетім балалардың бейнесі мол. Негізінде қазіргі әлемнің жалты­раған бейнесінің артында, өкінішке қарай осындай шындық пен мұңды кейіптер жатыр. – Белгілі бір жетістікке жеткен, биікті бағындырған тұлға билікке ұмтылады. Сізді 30 жастан ке­йін саясат алаңында көруіміз мүмкін бе? – Біздің елімізде де ақ пен қараны түсіне алатын, парқына баратын адам­дар көп. Менің білім алып жүр­ген бағытымда әлемдік оқиғаларды зерттеу, соғысты тоқтату, әлемдегі азық-түлік тапшылығын жою, саясат тәрізді сансыз тақырыптарға назар аудару қарастырылған. Мұның бар­лы­ғын зерттеу арқылы өзімді және менің замандастарымды саясат ала­ңынан көре аламын. Осы аталған дүниелерді меңгеру арқылы әлемнің назарын басқа арнаға бұруға болады. Ішкі, сыртқы саясатты өзгерту үшін үлкен өзгерістер мен реформалар қа­жет. Әрине, бұл реформаны жасайтын жаңашыл жастар. Ешкім де өзгерістен қашып құтыла алмайтын уақыт келуі тиіс. Сонда баршамыздың әлгі өзге­ріс­терге дайын болуымыз маңызды. – Түсірген суреттеріңізге байла­нысты адамдардың түрлі көзқарасы қалыптасатынын байқаймыз. Бірі суреттерді жариялаған дұрыс десе, бірі жеке табыс табу көзіне санап жатады. Бұл тұрғыда не айтасыз? – Дұрыс айтасыз, кейбір журна­листер оларды PR қатарына қосады. Ал адамзаттың ойлау жүйесіне әсер ету арқылы бір халықтың көзін ашу, ояту мақсатын көздейтін идеалист журналистер де бар. Шын мәнінде, мұндай ойлар кей уақытта адамды шаршатады. Сондықтан да қазір ака­демиялық жұмыстарыма бет бұрдым. Ал фотоларымды табыс табу үшін түсірмеймін. – Сізге Сирия сынды қарулы қақ­тығыс болып жатқан елдерге баруға, шекарадан өтуіңізге қаржылай кімдер көмектеседі? Белгілі бір БАҚ құра­мындағы тілші ретінде барасыз ба, әлде тәуелсіз журналист ретінде ме? – Маған ешкім де қаржылай кө­мектеспейді. Бүкіләлемдік журналис­тер одағына мүше болған тәуелсіз журналиспін. Белгілі әлемдік БАҚ атынан осындай материалдарды жасау мүмкіндігі бұйырды. Қазіргі таңда академиялық жобаларды жасау арқылы журналистикалық белсен­ділігімді бір жылға доғаруға тура келді. Көп жұмыстарымды тәуелсіз журналист ретінде атқарып келемін. Бүкіләлемдік журналистер одағының мүшесі болғандықтан да көптеген ұсыныстар түсіп жатады. – Өте ауыр көріністерді өз көзіңіз­бен көріп, нағыз майданның ортасында болдыңыз. Тіпті, «Жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәби көрдім» деген екен­сіз. Ондай оқиғаларда адамдар эмоцияға тез беріліп, өздерін қоярға жер таппай қалатыны бар. Сол сәтте эмо­ция­­ларыңызды қалай тізгіндей алдыңыз. – Мұндай жағдайларда әлбетте эмоция болады. Бірақ Норвегия не­месе Скандинавия, Канада сияқты дамыған елдерден келмегендіктен, бұл бізге таңсық дүние емес. Кедей­шілік, ашаршылық, соғыс зардабын тарту біздің тарихымызда көп болды. Өте ауыр кезеңдерді бастан өткердік. Әрине, ондай қилы кезеңдерді өзіміз көрген жоқпыз, бірақ сол дәуірлердің жаңғырығы құлағымызға жеткен ақпаратымен жақсы таныспыз. ХХ ғасырдағы ашаршылықтың, екінші дүниежүзілік соғыстың естеліктері біздің елдегі кез келген отбасыда бар. Сондықтан да санамызды тұман­дандырып, беймаза күйге түсіретін эмоцияға көп беріле бермейміз. Мақсатымыз – осы оқиғаларды зерттеу арқылы біздің елімізде бол­дырмау жолдарын қарастыру. – Қазіргі таңда әлеуеті жоға­ры жастардың көбі шетел асып, сол жақта тұрақтап қалғысы келеді. Қа­лудың себебі әртүрлі екені айтылады. Сіздің де болашақта Түркияда қалу ойыңызда бар ма? – Болашақта Түркияда тұрақтап қалу ойымда жоқ. Менің шетелдерде болу себебім – жақсы білім алу. Егер Қазақстанда дәл мұндай сапада білім алатын болсам, елімізден шықпас едім. Тәжірибесі мол мұғалімдерден сабақ алу, жақсы мамандармен жұмыс істеу керек болды. Меніңше, қазақ жастарының көбі – идеалист. Сон­дықтан олар мол тәжірибе жи­нақтау арқылы ел мүддесіне қызмет етіп, жаңа қоғам қалыптастырады деп ой­лаймын. Жақсы өмір сүруге, сапалы білім алуға әркімнің құқы бар. – Қазір қандай жобалармен айналысып жүрсіз? Болашақта тағы қандай ерекше идеяларды іске асыр­мақсыз? – Қазір Кембридж баспа үйімен бірлесе отырып, атқарып жатқан жо­бамыз бар. Ол жобада Қытайдың Ор­талық Азияға ықпалы туралы зерт­теу жұмысын қолға алдық. Бұл энци­кло­педиялық жұмысқа айналып ба­рады. Академиялық әдебиет ретінде әлемдік ғылыми кеңістікте орын таба алатын жобалардың бірі болады деп үміт етеміз. – Сананы тұрмыс билеген заман­да арман-мақсатқа қалай жетуге болады? – Иә, сананы тұрмыс билейді, бі­рақ жігер мен ақыл кез келген қа­терден құтқарып, қиыншылыққа төтеп беріп, бәрін билей алады.  – Әлемді сұлулық құтқарады. Әлемді тағы не құтқаруы мүмкін? – Әлемді мейірімділік құтқарады. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан Венера АСҚАРҚЫЗЫ